Жамбыл облысының транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, республиканың оңтүстік бөліктерін солтүстікпен байланыстыратын «Алматы-Астана», «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолдарын қайта жаңғырту жобалары іске асырылып, пайдалануға берілді. Одан бөлек, «Шу-Қайнар», «ескі Күйік асуын айналып өту» автожолдары күрделі жөндеуден өтуде. Ал Тараз қаласында көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2025 жылы Абай даңғылының жол өтпесі мен темір жол үстінен жаяу жүргіншілер өткелі бар учаскесінің құрылысы нысаны бастау алды. Сондай-ақ Асқаров, Рысбек батыр, Қойгелді көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары мен «Бурыл А,Б,В» және «Барысхан» алқаптарына асфальт жабындысын төсеу жұмыстары аяқталып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айқындап берген тапсырмалары облысымызда жүйелі жүзеге асырылып келеді. Бұл тапсырмалардың қатарында көлік-логистикасын дамыту шаралары бар. Былтыр Қазақстанның көлік саласы еліміздің транзиттік-логистикалық әлеуетін нығайтуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және тасымалдау тиімділігін арттыруға бағытталған жүйелі дамуды жалғастырды. Бұл бағыттар Президентіміздің тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылды. Мәселен, Қазақстан «Шығыс – Батыс», «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәліздерін және Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту арқылы Еуразия құрлық көпірінің рөлін тұрақты түрде арттыра отырып, Еуропа мен Азия арасындағы негізгі дәнекерге айналып отыр. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, жылжымалы құрамды жаңарту, көлікті бақылауда цифрлық шешімдерді енгізу және халықаралық бағыттар желісін кеңейту еліміздің өңірдегі негізгі транзиттік хабтарының бірі ретінде позициясын нығайтуға ықпал етті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша транзиттік тасымалдау көлемі 36,9 миллион тоннаны құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңі көрсеткішінен 6,6 пайызға артық. Ал транзит көлемінің артуы – автомобиль, теміржол, әуе және су көлігін кешенді дамытудың, сондай-ақ логистика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған дәйекті жұмыстары өз нәтижесін берді.
Облысы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, аймақта транзиттік әлеуетті және жүк ағындарын басқару бағытында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 21 сәуірдегі №301 қаулысына сәйкес, «Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешені арнайы экономикалық аймағы құрылған. Ол Қордай ауданында орналасқан. Жалпы «Алатау» ИСЛК АЭА-ын іске асыру мақсатында Қордай ауданынан жалпы ауданы 165 гектарды құрайтын жер учаскесі айқындалған. Оның 100 гектары индустриялық аймақ болса, 65 гектары сауда-логистикалық аймақ. Жалпы ауданы 150 мың шаршы метрді құрайтын логистикалық қоймалар құрылысы бойынша инвестициялық жобаны «БЦ Эталон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске асырады деп жоспарлануда.
– Жол бойы тасымалын жүзеге асыру мақсатында Тараз қаласы мен аудандарда жаңа жол сервистік орталықтары құрылуда. Оның ішінде көкөніс сақтау қоймалары мен арнайы жүк орындары бар. Мәселен, Тараз қаласында «TRZ AGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан 2 миллиард теңгені құрайтын, сыйымдылығы 12 мың тонна болатын көкөніс сақтау қоймасының құрылысы жүзеге асырылуда. Жоба биыл толық іске асырылуы тиіс. Сонымен қатар, өңірде тәулігіне 22 тоннаға дейін жүк өңдеу қуаттылығына ие «Тараз» көтерме-тарату орталығы және Байзақ ауданындағы «Жамбыл» көтерме-тарату орталығы жұмыс істеуде. Аталған нысандарда көкөністер мен жеміс-жидектерді сақтау қамтамасыз етіледі. Бұл жол бойы тасымалына үлкен көмек болады деген ойдамыз, – дейді басқарма басшысы.
Жалпы өңірімізде автомобиль жолдары саласында атқарылып жатқан жұмыс жеткілікті. Ішкі өңірлік жолдардың жағдайын жақсарту аясында аудандарда және олардың арасындағы көліктік байланыстарды жақсарту үшін, жергілікті жолдар мен ауылдық елді мекен көшелері кезең-кезеңімен жөндеулерден өтуде. Бүгінгі күні облыста автомобиль жолдарының жалпы желісі 10062 шақырымды құрайды. Оның 1187,2 шақырымы республикалық маңызы бар автомобиль жолы құраса, 1668,45 шақырымы облыстық мәндегі жол. Ал аудандық мәндегі жолдың ұзындығы 1474,05 шақырым. Елді-мекендер және көше жолдарының жалпы ұзындығы 5732 шақырымды құрайды. «Өткен жылы жол саласына бөлінген 30,3 миллиард теңге есебінен 474,2 шақырым жол жөнделді. Атап айтсақ, оның ішінде 19,4 шақырым көше жолдары мен 5 көпірдің құрылысы бар. 8,5 шақырым жол қайта жаңғыртудан өтсе, 446,3 шақырым жол орта жөндеуден өткізілген. Осы орта жөндеуден өткізілген жобалардың 69,7 шақырымы облыстық, 52,2 шақырымы аудандық, 324,4 шақырымы елді мекен көшелері. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 99,5 пайызға, республика бойынша көрсеткіш 89 пайызға, ал елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткіш 89 пайызға жеткізілді» дейді Мұрат Саурықов.
Ал осы жылдың жоспарына келетін болсақ, бүгінге жол саласына 21,1 миллиард теңге бөлінген. Бөлінген қаражат есебінен бір көпір мен екі темір жол өткелін құрылыспен қамту көзделген. Оның бірі Тараз қаласындағы Абай даңғылының жол өтпесі болса, екіншісі Жуалы ауданындағы теміржол өтпесі. Сондай-ақ Тараз қаласы мен Қаратау қаласында 6,17 шақырым көше жолын қайта жаңғырту, ал 153,1 шақырым автомобиль жолдарын орташа жөндеулермен қамту жоспарланған. Мұның ішінде 26,3 шақырым облыстық, 20,1 шақырым аудандық мәндегі жол және 121,3 шақырым елді мекен көшелерінің жолы бар. Бөлінген қаржының 3,2 миллиард теңгесі жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымды жөндеу мен күтіп ұстауға бағытталған.
Бүгінгі күні тасымал мәселесі оң шешімін тауып келеді. Басқарма басшысының айтуынша, облыста бүгінгі таңда 163 автобус бағыты ұйымдастырылған. Оның 13 бағыты облысаралық, 27-і ауданаралық, 72-і аудан ішілік және ауыл ішілік, 46-ы қалалық және 5-і қала маңылық бағыттар. Бұл бағыттармен 41 тасымалдаушы мекеме айналысуда. Ондағы автобус саны 894. Жалпы облыс аумағында бір автовокзал, төрт автостанция, бес жолаушыларға қызмет көрсету пункті орналасқан. Қазіргі уақытта облыста тұрғын саны 100 адамнан асатын 343 елді мекеннің 195-і қоғамдық көлікпен қамтылған.
– Биыл Тараз қаласы және 9 аудан әкімдігі тарапынан 76 елді мекенді қамтитын 20 жаңа бағыттар ашу жоспарлануда. Нәтижесінде, қоғамдық көлікпен қамтылған елді мекендер саны 271-ге жетіп, қамту деңгейі 79 пайызға дейін артатын болады. Бүгінгі таңда, қоғамдық көлік саласында өзекті мәселе тасымалдаушы автопарктердің жылжымалы құрамдарын жаңарту мәселесі. Аталған бағытта 2023 жылдан бастап жалпы 329 жаңа автобус жеткізілді. Таратып айтсам, 2023 жылы 73, ал 2024 жылы 155, былтыр 81, биыл 10 автобус келген болатын. Қазір барлығы тиісті бағытта жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда облыста Шу-Шығанақ-Қашқантеңіз, Шу-Отар және Тараз-Жаңатас бағыттары бойынша үш ауданаралық әлеуметтік маңызы бар бағыттар қатынауда. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 1 қаңтарынан бастап Шу-Отар теміржол бағыты бойынша қолданыстағы вагондар заманауи, жайлы электр пойызына ауыстырылды. Сондай-ақ, коммерциялық Шу-Тараз теміржол маршруты пилоттық негізде қызмет көрсетуде, – дейді ол.
Жүк тасымалына тоқталсақ, осы жылдың қаңтар-наурыз айларында 9524 мың тонна жүк тасымалданған. Теміржол көлігімен 5456 мың тонна жүк тасымалданса, бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 8,1 пайызға өскенін көрсетіп отыр. Ал автомобиль көлігімен тасымалданған жүк 3197 мың тоннаны құраған. Мұны да өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 15 есеге артқанын байқауға болады. Әуе көлігімен тасымалданған жүк 0,03 мың тонна. Жалпы өткен жылдың қаңтар-наурыз айларымен салыстырғанда облыс бойынша жүк тасымалы 52 пайызға, жолаушылар тасымалы 44,2 пайызға артқан.
Жүк тасымалында ауылшаруашылығы өнімдерінің алатын орны басым. Жол бойындағы сервиспен қатар жүк қоймаларының қызметі де жақсара түскенін байқау қиын емес. Енді облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының ақпаратына сүйенер болсақ, бүгінгі күні облыс бойынша жалпы сыйымдылығы 374,4 мың тоннаны құрайтын 123 қойма жұмыс істейді. Оның ішінде сыйымдылығы 112,2 мың тонна болатын 23 қойма климаттық қондырғылармен жабдықталған. 2024 жылы сыйымдылығы 33,6 мың тоннаны құрайтын 3 көкөніс сақтау қоймасы іске қосылған. «Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесін» кеңінен тарату шеңберінде 2024 жылы жалпы құны 4,7 миллиард теңгені құрайтын, сыйымдылығы 53 мың тонналық 6 жоба 2,4 миллиард теңгеге несиелендірілген. Ал бүгінгі күні 4 көкөніс сақтау қоймасы іске қосылып отыр. Атап айтсақ, Байзақ ауданында «Аймкуль» жеке кәсіпкерлігі сыйымдылығы 15 мың, Жамбыл ауданында «Кәусар» шаруа қожалығы 2 мың, «Aliza» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 7 мың, Тараз қаласында «Мақпал» шаруа қожалығы 3,2 мың тонналық қоймаларды іске қосқан. Сонымен қатар, аталған жоба аясында өткен жылы 4 көкөніс сақтау қоймасы 883 миллион теңгеге несиелендірілді, оның ішінде «Даму Сурат» АШК, «Каусар» ШҚ, «БАМ Холдинг» ЖШС бар.
Көп жүк бүгінде теміржол арқылы тасымалдануда. Ал «Қазақстан Темір жолы» АҚ-ның НЖС-8 «Жамбыл Магистральдық желі бөлімшесіне» қарасты теміржолдардың кеңейтілген ұзындығы 2162,3 шақырымды құраса, жалпы ұзындығы 1236,3 шақырым, оның ішінде дара жолды желілер – 205,1 шақырым, қос жолды желілер 1031,2 шақырым. Жамбыл бөлімшесінің құрамына 60 станса кіреді. Олардың қатарында 1 сұрыптау, 7 жүк стансалары бар, олар Жаңатас, Қаратау, Аса, Шайқорық, Бұрыл, Мың Арал, Бөген стансалары. Сондай-ақ Тараз, Түрксіб, Сарышаған және Шығанақ сынды 4 учаскелік стансалар және 49 аралық станса бар.
Логистикалық және транзиттік әлеуетті дамыту аясында «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның Жамбыл магистральдық желі бөлімшесімен 2029 жылға дейінгі жылдамдықты арттыру жөніндегі Жол картасы бекітілген. Жол картасы 8 станса бойынша инфрақұрылымды дамыту іс-шараларын қамтиды және үш кезеңге, яғни жылдам, орта және алыс мерзімді кезеңдерге бөлінген. Жобалар өткізу қабілетін арттыруға, пойыз қозғалысын тиімді етуге және транзиттік әлеуетті күшейтуге бағытталған.
Бірінші кезеңде, яғни 2025-2026 жылдары Шу стансасында 4 жолды қалпына келтіру және №226 бекеттерді ашу, Шығанақ стансасында №21, 23, 25 жолдарын қозғалысқа енгізу, Тараз стансасында локомотивтерді жаңарту, Бірлік-2 стансасын қалпына келтіру және Түрксіб стансасында №8, 10, 12 жолдарын ашу жоспарланған. 2026-2027 жылдары Шу стансасын сұрыптау жүйесін жаңғырту, Тараз стансасын ПТО кешенімен жарақтандыру және Түрксіб стансасында 1-съездің құрылысын салу жұмыстары жоспарланған.
Екінші кезең, 2027-2029 жылдар аралығында Шайқорық стансасында 3 жолды қалпына келтіру, Шу–Мойынты және Шу–Арыс-1 учаскелерінде қабылдау-жөнелту жолдарын ұзарту, УБТ стансасында айналма жолды қалпына келтіру, Тараз стансасында №19А жол мен съезді қалпына келтіру және Бурыл стансасында Талас бағытына «қапсырма» салу жұмыстары жоспарланған.
Цифрландыру бағытында «Жамбыл Магистральдық желі бөлімшесі» (НЖС-8) тарапынан 4 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, шарттық және коммерциялық жұмысты басқаруды автоматтандыру /теміржол жүк тасымалдары саласында клиенттермен өзара іс-қимыл процестерін кешенді автоматтандыруға арналған/, автоматтандырылған энергодиспетчерлік басқару /қозғалыс пен энергия тұтынуды жедел басқаруды автоматтандыруға арналған/, ГИД Урал /бұл поездардың қозғалысын жедел басқару және кестелердің нақты орындалуын талдау/, және сандық жақтау /стансаларда немесе бақылау пункттерінде орнатылған, вагондар мен локомотивтердің нөмірлерін олар өткен кезде автоматты түрде оқитын арнайы құрылғы/ жүйелері енгізілуде.
– Ал көлік логистикасына келсек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 21 сәуірдегі №301 ««Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешені» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» қаулысына сәйкес «Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешені арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі – «Алатау» ИСЛК АЭА) құрылды. Жамбыл облысы Қордай ауданында «Алатау» ИСЛК АЭА-ны іске асыру мақсатында жалпы ауданы 165 гектарды құрайтын жер учаскесі айқындалды. Оның ішінде индустриялық аймақ – 100 гектар, сауда-логистикалық аймақ – 65 гектар.
Сонымен қатар, «Алатау» ИСЛК АЭА-ны электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін «Қордай 220 кВ» бірінші кезектегі қосалқы станциясының құрылысына 2026 жылға 4,2 миллиард теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары мемлекеттік сатып алу рәсімдері толық аяқталғаннан кейін басталады. Тараз қаласында «TRZ AGRO» ЖШС тарапынан сыйымдылығы 12 мың тоннаны құрайтын, жалпы құны 2 миллиард теңге болатын көкөніс сақтау қоймасының құрылысы жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыру мерзімі – 2026 жыл. Сондай-ақ өңірде тәулігіне 22 тоннаға дейін жүк өңдеу қуаттылығына ие «Тараз» көтерме-тарату орталығы және Байзақ ауданындағы «Жамбыл» көтерме-тарату орталығы жұмыс істеуде. Аталған нысандарда көкөністер мен жеміс-жидектерді сақтау қамтамасыз етіледі, – дейді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек, Қордай ауданында салынып жатқан «Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешені аумағында жалпы ауданы 150 мың шаршы метрді құрайтын логистикалық қоймалар құрылысы бойынша инвестициялық жобаны «БЦ Эталон» ЖШС іске асыру жоспарлануда.
Жалпы қазіргі тәуекелдер тек көлік саласына ғана емес, геосаяси және технологиялық кеңістікке де байланысты. Санкциялар, бағыттардың өзгеруі, шекарадағы жүктеменің артуы – осыған дәлел. Осыған байланысты маршруттарды әртараптандыру, шекара инфрақұрылымын жаңғырту мен биылдан бастап киберқауіпсіздік шараларын күшейту қолға алынды.
Ел үшін стратегиялық маңызға ие бағыт – Орта дәліз. Кейінгі жылдары бұл бағытқа Қытай тарапы толыққанды серіктес ретінде қосылды. Ресми келісімдерге сәйкес, Қытай 2029 жылға қарай осы дәліз арқылы жылына 300 мың контейнер жөнелтуді көздеп отыр. Қытаймен және Өзбекстанмен бірлесіп, шетелдік рұқсат бланкілерімен электрондық алмасу жүйесі енгізілді, бұл барлық ШРБ-ның 65 пайын цифрландыруға мүмкіндік берді. Цифрландыру жұмыстары Әзербайжанмен, Түркиямен және Қырғыз мемлекеттерімен жалғасуда.
Нарықтың ашықтығын арттыру үшін шетелдік рұқсат бланкілерін бөлудің жаңа ережелері қабылданды, сондай-ақ жүк көлігін цифрлық өлшеуге көшу жөніндегі шаралар жүзеге асырылуда. Елде әкімшілік айыппұлдарды автоматты түрде рәсімдеу жүйесімен біріктірілген 73 автоматтандырылған өлшеу стансасы орнатылған. Бұдан бөлек, техникалық байқау операторларының қызметін ашуға рұқсат беру тәртібі енгізілді және белгіленген талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Облысымызда да осы бағыттағы жұмыстар тиісті жалғасын табуда. Жалпы қорыта айтқанда елімізде алдағы уақытта аса ауқымды инфрақұрылымдық серпіліс болғалы тұр.