Қате ағымға қарсы тұрайық

0 1

Қазіргі жаһандану дәуірінде қоғам күн сайын өзгеріп, ақпарат кеңістігі қарқынды дамып келеді. Осындай кезеңде әр адамның дүниетанымы мен рухани ұстанымының берік болуы ерекше маңызды. Соның ішінде діни сауаттылық – бүгінгі қоғамның басты қажеттіліктерінің бірі. Өйткені дінді дұрыс түсіну адамды адасудан сақтап қана қоймай, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға ықпал етеді.

Діни сауаттылық дегеніміз – діннің негізгі қағидаларын, тарихын, құндылықтарын және оның қоғамдағы орнын дұрыс түсіну. Бұл тек діндар адамдарға ғана емес, кез келген азаматқа қажет білім саласы. Себебі қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен интернет арқылы түрлі діни ақпараттар кеңінен таралуда. Олардың арасында шынайы деректер де, бұрмаланған немесе радикалды көзқарастар да кездеседі. Егер адамда діни сауат болмаса, ол жалған уағызға еріп, теріс ағымдардың ықпалына түсуі мүмкін.

Әсіресе діни сауаттылық жастар үшін аса маңызды. Өйткені жастар – жаңа идеяға тез сенетін, ізденгіш буын. Егер олардың діни танымы дұрыс қалыптаспаса, түрлі жат идеологиялардың жетегінде кету қаупі артады. Сондықтан отбасы, мектеп және қоғам бірігіп, жас ұрпаққа дәстүрлі құндылықтар мен дұрыс діни түсінік беруі қажет.

Сонымен қатар діни сауаттылық қоғамдағы өзара құрмет пен толеранттылықты қалыптастырады. Әртүрлі дін өкілдері өмір сүретін ортада бір-бірінің сеніміне құрметпен қарау – бейбітшілік пен келісімнің негізі. Дінді терең түсінген адам өзгенің сеніміне төзімді қарап, араздық пен алауыздыққа жол бермейді.

Соңғы кезде TikTok желісінде таралып жүрген кейбір видеолар қоғамды алаңдатпай қоймайды. Өздерін «ұстаз» деп таныстыратын кейбір адамдар халқымыздың салт-дәстүріне қарсы шығып, тұсаукесерді, Наурыз мейрамын жоққа шығарып, оларды «мұсылманға жат» деп көрсетуге тырысады.

Алайда бір нәрсені анық түсінуіміз керек, қазақтың дәстүрі мен діні бір-біріне қарсы емес. Керісінше, олар ғасырлар бойы қатар дамып, бір-бірін толықтырып келеді. Тұсаукесер – баланың өмірге нық қадам басуына арналған ақ тілек пен ізгі ниеттің белгісі. Ал Наурыз – жаңару мен берекенің, бірлік пен ізгіліктің мерекесі. Бұлардың ешқайсысы дінге қарсы ұғым емес.

Дінді жамылып, халықты өз тамырынан ажыратуға тырысатын мұндай үгіт-насихат – аса қауіпті құбылыс. Біздің ата-бабаларымыз исламды да, салт-дәстүрді де қатар ұстанған дана халық болған. Біз сол сара жолдан адаспауымыз керек. Наурыз – қазақтың рухы мен болмысының айнасы. Оны жоққа шығару – өз тарихыңды, өз мәдениетіңді жоққа шығарумен тең.

Сондықтан кез келген ақпаратты сын көзбен қабылдап, саралай білуіміз қажет. Өйткені дін – бөліну үшін емес, бірігу үшін келген құндылық.

Діни сауаттылық – қазіргі қоғам үшін аса маңызды рухани құндылық. Ол жеке адамның ішкі қорғанысы ғана емес, тұтас елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Сондықтан діни білімді арттыру, дұрыс ақпарат тарату және жастардың діни санасын қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз деп санаймын.