Облыста өнеркәсіп пен құрылыс қарқынды өсіп, инвестиция артты

0 2

Облыс әкімдігінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтың төрағалығымен осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындыларына арналған кеңес өтті. Онда облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева баяндама жасады.

Оның айтуынша, бірінші тоқсанда Жамбыл облысының экономикалық өсімі 18,4 пайызды құрған. Өсім экономиканың барлық салаларындағы өндіріс көлемінің артуы есебінен қамтамасыз етілген. Мәселен, өнеркәсіп өнімінің көлемі – 17,6 пайызға, ауылшаруашылығы – 1,9 пайызға, құрылыс – 52,7 пайызға, сауда – 3,6 пайызға, көлік – 18,3 пайызға, байланыс 2,2 пайызға артты.

– Бірінші тоқсан қорытындысында өнеркәсіп саласында 355,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Жалпы өнеркәсіп құрылымында 63,9 пайыз үлеске ие өңдеу өнеркәсібінде 227 миллиард теңгенің өнімі шығарылып, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны бойынша облысты республикадағы үздік бестіктің қатарына енгізді. Ал ауылшаруашылығы саласында 45,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9 пайызға артты. Ет өндірісі тірі салмақта – 1,4 пайызға, сүт – 1,8 пайызға, жұмыртқа 34,2 пайызға өсті. Сондай-ақ мүйізді ірі қара саны – 2,8 пайызға, қой – 4,4 пайызға, жылқы – 13,6 пайызға, құс 10,7 пайызға көбейген, – деді Сандуғаш Абдралиева.

Ал бұл кезеңде негізгі капиталға 218,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім қарқыны бойынша облыс республика өңірлері арасында 1-орынды иеленді. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 214,3 миллиард теңгені құрап, жалпы инвестиция көлеміндегі үлесі 98 пайыздан асты.

Құрылыс саласында 60,7 миллиард теңгенің жұмыстары атқарылып, өсім 52,7 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республика өңірлері арасында 2-орынға ие болды. Есепті кезеңде 150,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Биыл тұрғын үй құрылысына 14,9 миллиард теңге бюджет қаражаты қарастырылған. Қазіргі уақытта жалпы 2 941 пәтерлі 66 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1685 пәтерлі 35 үйдің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй қорын арттыру мақсатында республикалық бюджет есебінен 4,9 миллиард теңгеге 350 пәтер сатып алынады. Сондай-ақ сауда айналымы 229,3 миллиард теңгені құрады. Көлік қызметтері 18,3 пайызға артты. Оның ішінде көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау 1,5 есеге, тасымалданған жолаушылар саны 1,4 есеге (26,8 млн адам), ал жолаушылар айналымы 25,5 пайызға өсті.

Сондай-ақ инвестиция тартуда облыста атқарылған жұмыс аз емес. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың сөзінше, аймақта инвестициялық саясат нақты нәтижелермен бекемделіп келеді. Соңғы үш жыл ішінде өңір экономикасына 1,8 триллион теңгеге жуық қаржы тартылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 764,5 миллиард теңгені құрап, 38,8 пайыздық өсім қамтамасыз етілді.

– Мемлекет басшысы айтқандай еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сәйкес инвестиция тарту бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Президенттің тапсырмасымен елде Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкімет отырысында жаңа инвестициялық кезеңді бастау міндетін айқындап берді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту, кәсіпкерлікті кеңейту, сапалы инвестиция тарту – ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді өсімінің негізі. Өткен жылдың қорытындысы инвестициялық белсенділіктің артқанын көрсетті. Негізгі капиталға салынған қаражат көлемі ұлғайды, жеке және тікелей шетелдік инвестициялар тарту бағытында оң динамика қалыптасты. Бүгінде алдымызда тұрған міндет – өңір экономикасын әртараптандыру, жаңа өндірістерді іске қосу және кәсіпкерлік белсенділікті арттыру. Бұл біздің негізгі басымдықтардың қатарында. Құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізіліп, инвестициялық жобалардың сапалы пулы қалыптастырылды. Мұндай жүйелі қадамдар ұзақ мерзімді дамудың берік негізін қалайды, – деді басқарма басшысы.

Шындығында елімізге инвестиция көбірек тартылып жатса, халықтың да әл-ауқатын жақсартып, тұрақты жұмыс орындары ашылатындығы анық. Сондықтан алдағы уақытта елімізде жұмыс жасағысы келетін инвесторларға жағдай жасау, олармен жұмыс істеуде жаңа әдіс-тәсілдерді енгізудің маңызы зор. Сонымен қатар өңір басшыларының жұмысы да инвестор тартумен бағаланатын болатыны белгілі. Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, 2026 жылға негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемі 1 триллион теңге деңгейінде белгіленіп отыр. Алдағы 2026–2029 жылдар кезеңінде жалпы құны 5,6 триллион теңгені құрайтын 116 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Осы жылдың өзінде 471 миллиард теңгені құрайтын 47 жобаны жүзеге асыру арқылы 2,5 мың азамат тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда.

– Өңдеу өнеркәсібін дамыту, кәсіпкерлікті кеңейту, сапалы инвестиция тарту – ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді өсімінің негізі. Өткен жылдың қорытындысы инвестициялық белсенділіктің артқанын көрсетті. Негізгі капиталға салынған қаражат көлемі ұлғайды, жеке және тікелей шетелдік инвестициялар тарту бағытында оң динамика қалыптасты. Жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі айқын. Сонымен қатар, инфрақұрылымдық қамтамасыз ету, жер қатынастары, өтемақы төлеу және инженерлік желілердің дайындық деңгейіне қатысты мәселелер бар. Аталған кедергілерді жедел шешу – жобалардың уақытылы жүзеге асуының басты шарты. Осыған орай, жауапты органдар үйлесімді әрі нақты нәтижеге бағытталған жұмыс жүргізуде. Экономиканың орнықты дамуы мемлекет пен бизнестің өзара сенімді серіктестігіне негізделеді. Кәсіпкер – экономиканың қозғаушы күші. Мемлекет – тұрақтылық пен қолайлы жағдайдың кепілі. Өңірде сапалы жобаларды іске асыру, инвестиция көлемін арттыру және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытында жүйелі шаралар жалғасуда», – деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, Шу ауданында жүгеріні терең өңдеу зауыты салынуда. Аталған өндіріс орны Орталық Азиядағы ең ірі зауыттардың бірі болмақ, толық қуатында жұмыс істеген кезде жыл сайын 3 миллион тоннаға дейін жүгері өңделіп, 1500 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Ал Байзақ ауданында елімізде Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы заманауи қант зауытының құрылысы басталып отыр.  Зауыт жылына 1 миллион тонна қант қызылшасын өңдеп, шамамен 120 мың тонна қант, сондай-ақ меласса және жом сияқты қосалқы өнімдер өндіретін болады, 350-ден аса жаңа жұмыс орындары құрылады деп күтілуде. Аталған бағыттағы жобалар агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртудың маңызды қадамына айналып, өнім өндірушілерге қолайлы әрі тиімді жағдай туғызатыны сөзсіз.

Мәжілісте қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек бюджеттің атқарылуы туралы баяндама жасады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары 2026 жылға жоспарланған барлық көрсеткіштер толық әрі сапалы орындалуы тиіс екенін атап өтіп, кеңес қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.