Адам саудасы – адамзат қасіреті

0 2

Адамзат баласы дамуды ешқашан тоқтатқан емес. Бірақ, сол өркендеу жолы үнемі әділдікке бастай ма, әрдайым адам құқықтары қорғала ма? Өркендеудің шыңына беттеген ХХІ ғасырдың басты сұрағы осы болып тұр. Өркендеу қанша жоғары болса да, адамзаттың қорлануы, сатылуы, кейбір қатыгез топтардың құрбанына айналуы еш азаймай отыр. Зерттеуші мамандардың  айтуынша, адам саудасы әлем бойынша қару-жарақ пен есірткі саудасынан кейінгі үшінші орынға шыққан. Бұл – жер жаһанды алаңдататын өзекті мәселе. БҰҰ мәліметтері бойынша, әлемдегі траффикинг құрбандарының 70 пайыздан астамын әйелдер мен қыздар, ал үштен бірін балалар құрайды.

  Бұл тақырыпта жағамызды ұстайтын, жаныңды түршіктіретін жағдайлар мен мәліметтер өте көп. Кейінгі 5 жыл ішінде әлем бойынша  108 613 адам саудасының жеке жағдайлары тіркелсе, 164 елде 175 ұлт өкілдері траффикинг құрбандарына айналған. Адам саудасынан зардап шеккендердің 50 пайызын 26 жасқа дейінгілер, ал төрттен бір бөлігін балалар мен 15-17 жас аралығындағылар құрайды. Кейінгі 8 жылдың ішінде  дүниежүзі бойынша 40,3 млн адам құлдықта болғаны сенімді ақпарат көздерінен анықталып отыр. Әрине,  әлем кеңістігінде болып жатқан осынау адам жаны шошырлық жағдайлар мен оқиғалар адамзатты ойландыруы тиіс. Бұл өзі не жағдай сонда? Пайда жолын және жұмыс істетудің жеңіл түрін көздеген міне осындай қиянаты мол қадамға барады. Бұл ақпараттар адамзаттың бойындағы қатыгездіктің шектен тыс ұлғайып, өршіп бара жатқанын байқатады.  Әйтпесе, Жаратушының қалауымен бәріміз адам болып жаралдық, өмірге солай келдік. Мейлі, тіліміз, ұлтымыз, даму әлеуетіміз  әртүрлі шығар. Бірақ, бәріміз – адамдармыз. Ал, адамның өзі сияқты адамды аяусыз қорлауы санаға симайтын түсініксіз жағдай.

Өкінішке қарай бұл қасіретті жағдай біздің елімізді де айналып өткен жоқ.  Адам  саудасы деген қасіреттің біздің елге де әсері бар. Халықаралық ҮЕҰ деректері бойынша адам саудасына қатысты рейтингте Қазақстан 167 елдің ішінде 83-орынды тұр. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда траффикингтің жыныстық және еңбек құлдығына пайдалану түрі жиі кездеседі. Ал республикада құлдыққа түсуге бейімділік индексі 43 пайызды құрайды. Яғни республиканың әр­бір екінші тұрғыны осы қылмыстың құрбаны болуы ықтимал. Халықтың құқықтық сауатсыздығы құл саудасының криминогендік факторына жатады. Сондықтан да елді осы қылмыстың кең таралғаны туралы хабардар етіп отыру маңызды. Қоғам мұндай оқиғаларды сенсация түрінде ғана қабылдағандықтан оған қатысты ақпараттарға назар аудара бермейді. Еліміздің Конституциясының І-бөлімінің 1-бабында: «Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай айқын жазылған.  Осы заңның айқайлап жазылып тұрғанына қарамастан адам саудасы тоқтамай тұр. Елімізде он жасынан он жыл құлдықта қорлық көрген қыз тағдыры ойландырады. Сол аяусыз қорланған қызбен  бірге дағдарыс орталығында тағы да екі әйелдің бар екені мәлім болды. Оларға қазірі кезде психологиялық көмек көрсетуде. Бірақ, зорлық-зомбылықтың құрбаны жалғыз сол қыз емес қой.

Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы 2024 жылғы 5 шілдедегі № 110-VIII Қазақстан Республикасының Заңы шыққан. Осы Заң адам саудасына қарсы іс-қимылдың ұйымдастырушылық-құқықтық негіздерін айқындайды. Аталған Заңның бірінші бабында  «Адам саудасы – адамды, оның ішінде кәмелетке толмаған адамды сатып алу-сату немесе оларға қатысты өзге де мәмілелер жасасу, сол сияқты оны қанау не қанау мақсатында азғырып көндіру, тасымалдау, беру, жасыру, алу, сондай-ақ өзге де іс-әрекеттерді жасау, оның ішінде күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру немесе өзге де мәжбүрлеу тәсілдерін қолдану, алдау немесе сенімді теріс пайдалану, қызмет бабын, материалдық немесе өзге де тәуелділікті пайдалану арқылы жасау», деп көрсетілген.

Қазір  әлеуметтік желіден «Анау жерде құлдықта жүрген жігіттер», «Мынау жақта жасырынып ұсталған қыздар», «Жасөспірімдерді жасырып жұмысқа жеккен» деген секілді жағымсыз ақпараттарды көп еститін болдық. Бұл ретте заң күшейіп жатыр. Дегенмен, адам саудасын азайту немесе болдырмаудың жолы – заңды күшейту ғана емес секілді. Қалай дегенде де адамның құқығын шектеу, адам баласын саудаға салу деген – ешқашан кешірілмейтін қылмыс. Ондай қылмысқа барған қанаушы немесе қорлаушы тарапқа еш аяушылық болмауы тиіс. Сонда бұл қасірет азайып, алшаң басқандар айылын жиюы мүмкін. Адам жанын ауыртатын осынау қатыгездік өршіп барады. Адамды адамның қорлауы, бостандығы мен құқығын саудаға салуы қандай қасірет.  Қазақ халқы әділетті, жанашыр, дархан ел емес пе едік. Мұндай қатыгездікке қалай барып қалдық. Кешегі ата бабамыздың кезінде болмаған түрме, әлеуметтік орталықтар деген көбейіп кетті. Дағдарыс орталықтары да молайып отыр. Жаның ауырады. Өзінің айналасынан, қамқорлық көруі тиіс адамдардан  жақсылық көрмеген жандарға дағдарыс орталығы өз деңгейінде қамқорлық көрсете алар ма екен.

Адам саудасы – адамзат қасіреті.  Барша  әлемде адам мен адамның түсіністігі артуы тиіс. Түсіністіктің артпауы қасірет.