Курчатовтағы қос бағыт

0 2

Абай облысындағы Курчатов қаласының дамуында ғылым мен өндірістің қатар өріс алатын кезеңі басталды. Мемлекет басшысының бастамасымен шаһарға ғылым қалашығы мәртебесін беру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатса, енді мұнда ірі энергетикалық жоба қолға алынды. Сонымен бірге радиологиялық медицина мен ғылымды ұштастыратын өңірлік кластер құру мәселесі де күн тәртібіне шықты.

Жуырда қалада қуаты 700 мегаваттық конденсациялық электр стансасының құрылысына жол ашқан маңызды рәсім өтті. Жаңа нысанның іргетасын қалау шарасына Абай облысының әкімі Берік Уәли, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов және «Курчатов» КЭС жобасының инвесторы Темірлан Өтегенов қатысты.

Жобаның ауқымы да аз емес. Құрылысты 2026-2032 жылдар аралығында жүргізу жоспарланған. Оған салынатын инвестиция көлемі 881 миллиард теңгені құрайды. Станса толық қуатына шыққан кезде жылына 5 миллиард киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіре алады.

Жоба жүзеге асқан жағдайда Курчатовтың ғана емес, тұтас өңірдің өндірістік мүмкіндігі арта түспек. Электр қуатының қосымша көзі елдің бірыңғай энергетикалық жүйесінің тұрақтылығына әсер етіп, өнеркәсіп орындарының дамуына жағдай жасайды. Құрылыс кезінде 5 мыңға дейін адамды жұмыспен қамту көзделсе, станса іске қосылғаннан кейін 400 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Іргетас қалау рәсімінде облыс әкімі Берік Уәли Курчатовтағы жаңа стансаның энергетикалық қауіпсіздік үшін маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы елімізде жаңа генерациялау қуаттарын іске қосуды маңызды міндеттердің бірі ретінде белгілеген. Курчатовтағы жоба осы бағыттағы жұмыстардың бірі.

Абай облысында энергетика саласындағы өзге де жобалар бар. Мәселен, Ертіс өзеніндегі Шүлбі су электр стансасының белгіленген қуаты 702 мегаватты құрайды. Алайда су электр стансаларының жұмысы су көлеміне тәуелді. Сондықтан энергетика көздерін әртараптандыру қажеттілігі туындап отыр.

Осы мақсатта өңірде қуаты 350 мегаватт болатын Семей су электр стансасын салу жоспарланған. Шүлбі СЭС-інің екінші кезеңі де қарастырылып, оның қуатын 702 мегаваттан 1050 мегаватқа дейін жеткізу көзделген. Бұған қоса Семей қаласында қуаты 360 мегаватт болатын ЖЭО-3 салу жоспары бар.

Курчатов үшін энергетикамен қатар ғылым бағытының да орны бөлек. Қаланы ғылыми қалашыққа айналдыру жөніндегі жұмыстар аясында Семей медицина университетінде радиологиялық медицина және ғылымның өңірлік кластерін құру мәселесі талқыланды.

Дөңгелек үстелге облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау саласының өкілдері, Семей медицина университеті, «Shakarim University», «Alikhan Bokeikhan University», Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты, Ұлттық ядролық орталық, Ядролық технологиялар паркі, Ядролық медицина және онкология орталығының мамандары қатысты.

Жиында ұсынылған тұжырымдама ғылым, медицина және білім беру салаларының мүмкіндігін бір арнаға тоғыстыруды көздейді. Әсіресе, радиациялық және ядролық медицина, онкология, медициналық генетика, радиоэкология, сондай-ақ цифрлық медицина бағыттарына басымдық берілмек.

Мұндай бірлескен жұмыс ғылыми зерттеулердің нәтижесін медицина тәжірибесіне тезірек енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоғары технологиялық медицинаны дамытуға және өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға жол ашылады.

Талқылау барысында кластердің негізгі бағыттары айқындалып, ұсынылған тұжырымдама бойынша тараптардың ұстанымы ортаға салынды. Алдағы кезеңде оған қатысушы мекемелер радиологиялық медицина және ғылымның өңірлік кластерін құру туралы меморандумға қол қоймақ.

Осылайша Курчатовта екі бағыт қатар қолға алынып отыр. Бір жағынан, жаңа электр стансасы қаланың өндірістік мүмкіндігін кеңейтсе, екінші жағынан ғылыми және медициналық орталықтардың басын қосатын кластер өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталмақ. Қаланың болашақтағы тыныс-тіршілігі үшін бұл жобалардың әрқайсысының өзіндік орны бар.