Халық Кеңесінің төрағасы өңір жұртшылығымен кездесті

0 2

Ақмола облысында Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру және өңірдің даму басымдықтарын талқылауға арналған кездесулер өтті. Жұмыс сапарымен келген Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов қоғам өкілдерімен, еңбек ұжымдарымен, ғалымдармен және этномәдени бірлестіктер мүшелерімен жүздесті. Басқосуларға облыс әкімі Марат Ахметжанов та қатысты.

Кездесулердің негізгі өзегі – «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Президент Жолдауының басым бағыттары болды. Қатысушылар саяси және экономикалық реформаларды іске асыру, әлеуметтік саланы дамыту, қоғамдық келісімді сақтау және азаматтардың өмір сапасын жақсарту мәселелерін ортаға салды.

Облыс әкімі Марат Ахметжанов Ақмола жұртшылығының елдегі жаңғыру үдерістеріне белсенді қатысып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ өңірден шыққан азаматтардың Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына енуін айрықша жетістік ретінде бағалады. Олардың қатарында кәсіпкер Манат Мусин, қоғамдық кеңес мүшесі Бағдат Рахметулина, оқытушы Алёна Малькова-Солопова және «Вайнах» этномәдени бірлестігінің өкілі Бэлла Газдиева бар.

Өз кезегінде Ерлан Қошанов соңғы жеті жылда елімізде жүргізілген реформалардың әлеуметтік-экономикалық нәтижелеріне тоқталды. Оның мәліметінше, осы кезеңде әлеуметтік салаға 88 трлн теңге бөлініп, 3,6 млн жұмыс орны ашылған. Ал шағын және орта бизнес саласында еңбек ететін азаматтардың саны 3,3 миллионнан 4,5 миллионға дейін өскен.

Төраға бұл өзгерістердің өңірлердің дамуына да ықпал етіп отырғанын жеткізді. Ақмола облысында өнеркәсіп өндірісін ұлғайту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, инвестиция тарту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде Digital Aqmola цифрлық қауіпсіздік жүйесін енгізу нәтижесінде өңірдегі қылмыс деңгейі екі есеге жуық төмендеген. Сонымен қатар қайтарылған активтер есебінен Зерендідегі спорт мектебі мен Көкшетаудағы Kokshe Arena кешені секілді әлеуметтік нысандар салынған.

Басқосуда алдағы кезеңнің міндеттері де кеңінен сөз болды. Ерлан Қошанов «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын қоғам өміріне орнықтырудың маңызын атап өтті. Бұған қоса, көлік-логистика инфрақұрылымын жетілдіру, энергетикалық тәуелсіздікті нығайту, ұлттық жобаларды жүзеге асыру және кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне назар аударылды.

Әлеуметтік саясатқа қатысты жоспарлар да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандарының жалақысын 40 пайызға дейін арттыру және ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Соңғы өзгеріс шамамен 1,8 млн азаматты қамтиды. Инклюзивті білім беру жүйесін дамыту да маңызды міндеттердің бірі ретінде аталды.

Жұмыс сапары барысында делегация орман шаруашылығы қызметкерлерімен, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессор-оқытушылар құрамы және студенттерімен, этномәдени бірлестіктер өкілдерімен де кездесті. Жиындарға Халық Кеңесінің мүшелері Вера Ким, Нұртөре Жүсіп және Алёна Малькова-Солопова қатысты. Кездесулерде тұрғындарды толғандырған мәселелер көтеріліп, ұсыныстар ортаға салынды.

Бұдан бөлек, делегация Digital Aqmola орталығының жұмысымен танысып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген №20 мектеп-гимназияны және Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын аралады.

Сапар соңында Ерлан Қошанов тұрғындардан түскен өтініштер мен ұсыныстар назарға алынып, алдағы жұмыста ескерілетінін айтты. Өңірдегі кездесулер қоғамдық диалогты нығайтуға және мемлекеттік бастамаларды жергілікті деңгейде талқылауға арналды.