Алматы облысында отандық өнім өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған тағы бір сауда нысаны іске қосылды. Қонаев қаласындағы «Айша Сити» базарында «Алмалы» өнімдері павильоны ашылып, жергілікті шаруалардың тауарларын делдалсыз сатуына мүмкіндік жасалды. Мұнда ет, сүт өнімдері, көкөністер мен өзге де азық-түлік түрлері нарықтағы бағадан 10–15 пайызға төмен ұсынылады.
Жаңа нысанның ашылу рәсіміне қатысқан Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов жобаның әлеуметтік және экономикалық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, аграрлық әлеуеті жоғары өңір үшін өндірілген өнімді тиімді өткізу, сақтау және тұтынушыға қолжетімді бағамен жеткізу мәселесі өзекті. Сондықтан шаруалар мен сатып алушыларды тікелей байланыстыратын сауда алаңдарын көбейту маңызды.
Өңір басшысы бұл бастаманың Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттермен де сабақтас екенін жеткізді. Президент ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу жүйесін жетілдіріп, логистикалық шығындарды азайту және негізсіз делдалдыққа тосқауыл қою қажеттігін атап өткен болатын.
Жеке инвестиция есебінен салынған павильонда санитарлық талаптарға сай жабдықталған 40-қа жуық сауда орны қарастырылған. Бұл бір жағынан жергілікті кәсіпкерлердің өнімін өткізуге жағдай жасаса, екінші жағынан жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Сонымен қатар шағын және орта бизнестің дамуына серпін бермек.
Жобаның басты ерекшелігі – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өз өнімдерін арадағы делдалдарсыз саудалай алуы. Мұндай тәсіл фермерлерге өнімін тиімді бағамен өткізуге, ал тұрғындарға сапалы азық-түлікті қолжетімді құнмен сатып алуға мүмкіндік береді.
Жалпы, «Алмалы» павильоны өңірдің сауда инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бастамалардың бірі саналады. Жергілікті өнімнің нарыққа тікелей шығуына жол ашатын мұндай алаңдар ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға және өңірдің сауда-логистикалық әлеуетін арттыруға үлес қоспақ.