Атырау облысында мұнай-газ химиясы саласындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі – «Силлено» полиэтилен өндіру зауытының құрылысы жалғасуда. Жылына 1,25 млн тонна өнім шығаруға қауқарлы кәсіпорынның құрылыс барысын облыс әкімі Болат Ақшолақов арнайы барып көрді. Жұмыс сапары кезінде өндіріс нысандарының дайындығы, инженерлік инфрақұрылым және болашақ зауыттың энергетикалық қажеттілігі талқыланды.
Кәсіпорынның бас директоры Мұхтар Авутбаев өңір басшысына құрылыс жұмыстарының қазіргі кезеңі мен технологиялық жабдықтарды орнату барысын таныстырды. Бүгінде жобаның жалпы орындалу деңгейі 40,9 пайызға жеткен. Құрылыс алаңында пиролиз, полимеризация бөлімдері мен жалпы зауыттық инфрақұрылым нысандары бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Құрылыс барысындағы маңызды кезеңдердің бірі – этиленді фракциялауға арналған биіктігі 101,8 метрлік технологиялық бағананың жобалық орнына орнатылуы. Сонымен қатар өндірістік жабдықтар, пештер мен криогендік қазандарды монтаждау жұмыстары атқарылып жатыр. Инженерлік желілер мен қосалқы нысандардың құрылысы да қатар жүргізілуде.
Алайда өңір басшысының ерекше назар аударған мәселесі – болашақ кәсіпорынды электр энергиясымен және сумен тұрақты қамтамасыз ету. Өйткені мұндай ауқымды өндірістің үздіксіз жұмыс істеуі инженерлік инфрақұрылымның жеткілікті болуына тікелей байланысты. Осыған орай Болат Ақшолақов кәсіпорын басшылығына электр энергиясына қажеттіліктің нақты есебін және жобада қарастырылған энергетикалық жабдықтардың техникалық құжаттамасын ұсынуды тапсырды.
Әкімнің айтуынша, энергия тапшылығы туындаған жағдайда оны сырттан сатып алу өндіріс шығындарын арттыруы мүмкін. Сондықтан қажетті ресурстардың көлемі мен жеткізу көздері алдын ала нақты анықталуы тиіс. Сумен жабдықтау мәселесіне де осындай жауапкершілікпен қарау қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек, құрылыс аумағындағы инженерлік және қауіпсіздік инфрақұрылымын талапқа сай ұйымдастыру, соның ішінде полиция бекетіне арналған ғимарат салу мәселесі қаралды.
Қазір құрылыс алаңында 5 мыңнан астам жұмысшы мен 500-ден аса арнайы техника еңбек етуде. Құрылыс жұмыстарының ең қызған кезеңінде қызметкерлер санын 15 мыңға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл жобаның өңірдегі жұмыспен қамтуға және құрылыс саласындағы отандық компаниялардың қатысуына да ықпал ететінін көрсетеді.
Зауыт толық іске қосылғаннан кейін 1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Кәсіпорынның кадрлық әлеуетін қалыптастыру жұмыстары да басталып кеткен. Жоғары оқу орындары мен колледж түлектері арасынан болашақ өндіріс мамандары іріктеліп, олардың қатарында Атырау облысының жастарына басымдық берілуде.
Жылдық қуаты 1,25 млн тонна болатын «Силлено» зауытының іске қосылуы Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласындағы өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға және жоғары қосылған құны бар өнім өндіруді дамытуға мүмкіндік береді.