Сүт-тауар фермасы кеңейтіліп, технологиялық жаңғыртылуда

0 2

Ақтөбе облысында сүт өндіру саласын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалардың бірі – «Айс» сүт-тауар фермасын кеңейту және технологиялық жаңғырту жұмыстары. Кәсіпорын өндірістік қуатын бірнеше есеге арттырып, өңірді отандық сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге қосымша үлес қосуды көздеп отыр. Жоба Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін дамыту, заманауи фермалар санын көбейту және ауыл шаруашылығына инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларымен сабақтас.

Ферманы жаңғыртуға «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 7,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Қаражат «Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды несиелендіру» бағдарламасы шеңберінде жылдық 2,5 пайызбен, 12 жыл мерзімге ұсынылды. Сонымен қатар алғашқы екі жылға жеңілдік кезеңі қарастырылған. Бұл кәсіпорынға өндірістік инфрақұрылымды жаңартып, ұзақ мерзімді даму жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

2010 жылы жұмысын бастаған шаруашылық бастапқыда 1 000 сауын сиырдан тәулігіне 5 тонна шамасында сүт өндірген. Ал кәсіпорынды ауқымды кеңейту жұмыстары 2024 жылы Солтүстік Қазақстан облысында қолданылған тәжірибені негізге ала отырып қолға алынды. Жоба аясында жаңа нысандар салынып, қолданыстағы ғимараттар жаңартылды. Сондай-ақ заманауи жабдықтар сатып алынып, асыл тұқымды мал басы толықтырылды. Бүгінге дейін шаруашылыққа 495 бас асыл тұқымды ірі қара жеткізілген.

Ферманың басты жаңашылдықтарының бірі – еуропалық технологиямен жабдықталған айналмалы сауу залы. Бұл нысан Қазақстанның батыс өңіріндегі осындай үлгідегі жалғыз кешен саналады. Жүйе бір мезетте 50 сиырды саууға мүмкіндік береді. Алты сағаттық жұмыс ауысымында 1 600 басқа дейін қызмет көрсетуге қауқарлы. Мұндай технология өндіріс үдерісін жеделдетіп қана қоймай, еңбек өнімділігін арттыруға да жағдай жасайды.

Қазір кәсіпорын тәулігіне шамамен 40 тонна сүт өндіреді. Жаңғырту толық аяқталған соң сауын сиырларының саны 2 600 басқа дейін көбейіп, күнделікті сүт көлемі 100 тоннадан асады деп жоспарланып отыр. Негізгі құрылыс және жаңарту жұмыстары келер жылдың басында аяқталып, кәсіпорынның жобалық қуатына 2027 жылдың үшінші тоқсанында шығуы көзделген.

Өндірістің тұрақты жұмыс істеуі үшін жемшөп базасын қалыптастыруға да басымдық берілген. Шаруашылық иелігіндегі 2 500 гектар суармалы алқапта мал азығына қажетті дақылдар өсіріледі. Сонымен бірге су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған ылғал үнемдеу технологиялары енгізілген.

Аграрлық өндірісте экологиялық тәсілдерді қолдану да назардан тыс қалмаған. Кәсіпорын химиялық өңдеу құралдарынан біртіндеп бас тартып, топырақ құнарлылығын сақтауға көмектесетін пайдалы бактериялар негізіндегі биологиялық препараттарды пайдалануға көшкен. Бұл шешім өңірдің климаттық жағдайында тұрақты әрі сапалы жемшөп қорын қалыптастыруға бағытталған.

Жалпы, «Айс» фермасын жаңғырту Ақтөбе облысындағы сүт шаруашылығының өндірістік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді. Жоба толық қуатына шыққан жағдайда сүт өндіру көлемі артып, мал шаруашылығына заманауи технологияларды енгізудің өңірлік тәжірибесі қалыптаспақ.