Адам құқығы мен бостандығын жоғары қойған елімізде ешкім назардан тыс қалмайды. Мемлекет тарапынан ерекше жандарға да қолдау мен көмек бар. Тағдырдың қаталдығына тап келген мұндай жандар мемлекеттің жылығын сезінуде. Әрине, мұндай тағдырды ешкім сұрап алмайды, ешкім сатып алмайды. Сондықтан, ерекше жандарға жылы қабақ таныту, көңілдеріне қарау, құрметтеу – азаматтық парызымыз.
Әуелі шамамыз келгенше мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерге тоқталып өтейік. Биыл 2026 жылдың басынан бері ерекше жандарға қолдау көрсету мүмкіндігі арта түсті. Мәселен, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақылардың, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған жәрдемақының және бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасауды жүзеге асыратын жәрдемақының мөлшері 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап КД мөлшерінің ұлғаюына байланысты ұлғайтылды. Жалпы аурудан мүгедектіктің 1 тобына жәрдемақы мөлшері – 111 873 теңгені құрады, 2 топ – 89 498 теңге., 3 топ – 61 022 тенгені құрады. Мұның өзі ерекше жандарға қолдау, көңілдеріне демеу болатыны анық.
Оның ішінде жаны рухани жараланған жандарға да көмек бар. Ерекше жандармен қатар, оларға көмек қажет екені белгілі. Атап айтқанда, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы мөлшері бір асырауындағы адамға 46 783 теңгені, 2 асырауындағыларға – 86 447 теңге, 3 асырауындағыларға – 114 415 тенге, 4 асырауындағыларға – 132 213 теңге, 5 асырауындағыларға – 139 841 теңге, 6 және одан да көп асырауындағыларға – 152 553 теңге. Әр жетім балаларға – 78 311 теңгені құрады.
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған және 1-топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасау бойынша ай сайынғы жәрдемақылардың мөлшері 81 871 теңгеге жетіп, едәуір ұлғайды. Міне, біздің мемлекет осынша көлемдегі қомақты қаражатты ерекше жандарға, асыраушысынан айырылып, қиын жағдайға тап болғандарға қарастырып отыр. Мұны қиын жағдайға ұшыраған отбасыларға мемлекеттің қолдауы деп түсінген дұрыс. Мемлекеттердің әлеуметтік салаға қолдауы сол мемлекеттің қаржылық даму мүмкіндігіне қарай болады. Ал, біздің еліміз жоғарыда айтқанымыздай ерекше жандарға және отбасында қиындыққа тап болған, асыраушысынан айырылған жандарға көмек көрсетіп жатыр. Мұның баршасы еліміздегі бейбіт өмірдің арқасында, халықтың бірлігі мен тұрақтылығының арқасында мемлекетіміздің экономикасы тұрақты түрде өсуінің нәтижесінде мүмкін болып отыр. Осы бір мүмкіндікті тауып отырған мемлекетімізді, елімізді басқарып отырған мемлекетшіл тұлғалар мен қайраткер ағаларды, Халық қалаулыларына алғыс айтып қойсақ та артық емес.
Қарақыстақ ауылындағы қамқорлық
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан әлеуметтік жағынан әлсіз топтарды қолдауға айрықша назар бөлінген. Оның ішінде ерекше жандар ға да көбірек көңіл бөлінген. Мәселен, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты арнайы әлеуметтік көмек беру орталықтарының көпшілігінде ерекше жандарға жағдай жасалған. Солардың қатарында – Т.Рысқұлов ауданының аумағындағы «Қарақыстақ мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы бар. Бұл орталықты әлеуметтік салада отыз жылдан астам тәжірибесі бар, білікті маман, іскер ұйымдастырушы Тұрсынбаева Гүлхан Несіпбайқызы басқарады.
Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Қарақыстақ мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» мемлекеттік мекемесі облыс әкімінің 2021 жылғы 23 қарашадағы №260 қаулысының негізінде құрылған. 2022 жылы 24 қаңтарда мемлекеттік тіркеуден өтті. Орталық бүгінгі таңда жартылай стационар бағытында 61 қызмет алушыға арналған, бүгінгі күнге 53 қызмет алушы қамтылып отыр. Негізгі қуаттылығы 80 қызмет алушыға арналған. Орталықтың аумағы 5,7 гектар аумақты қамтиды, онда 6 ғимарат орналасқан.
Бекітілген штат бірліктер саны 68 қызметкерді құрайды. Оның ішінде педагог 17 маман, медициналық қызметте 10 маман, әкімшілік қызметкерлер 8 адам. Қосалқы жұмыс қызметтері бойынша 26 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Орталық 8 бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда, әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, мәдени, еңбек, экономикалық ,құқықтық қызметтер бағыты бойынша жұмыс жүйеленген.
Орталықтағы 53 баланың диагнозы әртүрлі. Әр түрлі жағдай, әртүрліә тағдыр. Осы балалардың диагноздары бойынша 22 бала тірек-қимыл аппараты бұзылған (ДЦП) және психоневрологиялық ауытқушылығы бар 31 қызмет алушы ем алуда. Оның ішінде 28 ұл бала, 25 қыз бала бар. Мүгедектігі бойынша I топ – 15, II топ – 17, III топ – 19, 7 жасқа дейінгі мүгедек бала – 2. Жастарына және диагнозына қарай ем алушы балалар 6 топқа бөлінеді. 2022 жылдың мамыр айынан бастап орталыққа осы уақытқа дейін барлығы 117 бала құжат бойынша қабылданып, олардың 60-ы оңалып шықты. Балаларға 1 мезгіл ыстық тамақ, екі мезгіл бесін ас беріледі. Қабылданған стандартқа сәйкес орталықта жыл мезгілі ерекшеліктеріне қарай (көктем, жаз, күз, қыс) ағымдағы апталық, күн сайынғы ас мәзірі бекітіледі.
Орталықтың бөлмелері жиһазбен қамтылған. Төсек-орын жабдықтары толықтай таңбаланған (маркировка), қызмет алушылардың жататын орындары белгіленген. Ғимараттың сыртында 14, ішінде 26 бейнебақылау камерасы орнатылған, барлығы жұмыс істеп тұр. Бейнебақылаудың істеп тұруы қызметкерлер мен балалардың қауіпсіздігіне ықпал етеді.
Орталыққа келетін 53 қызмет алушы арнайы жасақталған автобустармен (Газ-А31R33 және Dongfeng) қатынайды. Атап айтқанда, Алғабас ауылынан бастап Көгершін, Көкдөнен, Жақсылық, Құлан, Шөңгер, Қарақат, Абай, Каменка ауылдарын қамтыса, екінші арнайы инвакөлік Қызылшаруа, Луговой және Қазақ ауылдарын қамтиды.
Мәдение көпшілік жұмыстар жүйелі
«Балалар мен жасөспірімдер орталығымен» бірлесе отырып, қызмет алушы балаларға орталықта мәдени ұйымдастырушы Б. Байтемированың ұйымдастыруымен қолөнер, сәулет және ән, би және театр үйірмелеріне қатысады. Ауданға ойын-сауық орталықтарына, кинотеатрларға, қайырымдылық қорларының мерекелік іс-шараларына қатыстырылып, қызмет көрсетіледі. Сомен қатар орталықта арнайы балаларға арналған кітапхана бар. Балалар кітапханадан денсаулық деңгейіне қарай кітап, газет, журналдар оқытылады.
Кітапханашы Ж.Тұрсымбаева балаларға кітап оқып, білімдерін жетілдіріп отырады. Балалардың көпшілігі көркем әдебиетке қызығады. Оларға өмірге қызығушылық, табиғат, Отаншылдық, түрлі тағдырлар, қиыншылықтар мен сынақтар, достық пен адалдық, шындық пен төзімділік тақырыбындағы әдеби кітаптар ұнайды.
Балалар өте талапты. Өздерінің ерекше жағдайларына қарамастан түрлі дене шынықтыру жаттығуларына, спорт жағынан түрлі жарыстарға құлшынып, қатысқылары келіп тұрады. Оның өзі – үлкен жетістік. Біз балалардың дене қимылын жақсартуға, олардың денсаулығына шамалы оң ықпал етуге, оларды қуантуға бар күшімізді саламыз. Олар – таза жүректі, періште көңілді балалар. Олардың ренжітуге болмайды. Біз әрдайым ол балалардың қабағына қараймыз, – дейді емдік дене шынықтыру маманы А. Ртаев.
Біз аталған облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Қарақыстақ мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры Гүлхан Тұрсымбаеваны сөзге тартқан едік.
– Осында 68 маман және қызметкерлер еңбек етеді. Бәрінің де ниеттері мен көңілдері осы балалармен бірге. Балалармен бірге қуанып, бірге мұңайып, бірге қанаттанып жүреді. Бір сөзбен айтқанда қызметкерлер мен мамандар баланың өмірімен бірге тыныстайды. Олардың барлығы балаларды жақсы көреді. Балалар да мамандар мен қызметкерлерді жақсы көреді. Олар ерекше болғанымен, жүректері сезімтал. Олар түрлі жағдайда жүрсе де, ой өрістері жоғары. Осы орталықтағы барлық мамандарды, ұстаздарды, қызметкерлерді жоғары бағалайды. Ата – аналардың да осы мекеменің қызметкерлеріне айтар алғыстары үлкен. Себебі, мұнда уақытпен санасу жоқ. Ешкім уақытқа қарамайды. Өз жұмыстарына өте адал. Оларға әр баланың оң нәтижесі қуаныш. Денсаулығына алаңдаған әр баланың қуанған сәті – оларға бақыт. Олардың үлкен тілегі балаға қуаныш сыйлай алу. Бұл жерде бала жүрегінен жол тапқан маман – нағыз маман, бала жүрегінен жол тапқан қызметкер – нағыз қызметкер. Басқа жағы реттеле береді. Мұндағы жұмыстың барлығы ерекше балалардың көңіл күйімен, аздаған болса да жетістігімен, көңілді жүрумен, қуанғанымен өлшенеді. Себебі, орталықтың өзі осы балалар үшін ашылған. Балаларды қуанту үшін, балалардың денсаулығын жақсарту үшін жұмыс істейді. Біз әр маман және қызметкерді жұмыстың маңызын сезінуге ықпал етеміз. Оларға жұмыстың нәтижесі балалардың жақсылыққа жетуі екенін үнемі ескертеміз. Мұндағы мамандар мен қызметкерлер сол ізгілік пен жақсылық, оң нәтиже, игі қадам жолында аянбай еңбек етіп келеді, – деді Гүлхан Несіпбайқызы.