Оқушылардың бойындағы патриоттық сезімді оятып, Отанға, туған жерге деген құрметті қалыптастыру, ел қорғаны болуға дайындауда мектептегі алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімінің рөлі зор. Осы пән арқылы оқушы жүрегінен орын алған жан Қостөбе орта мектебінің алғашқы әскери дайындық және технология пәнінің мұғалімі Болатқали Бердиханов.
Бала кезінен құтқарушы, локоматив жүргізушісі болуды армандаған ол 1998 жылы мектепті бітіргеннен кейін педагогикалық колледжге оқуға түседі. Одан кейін оқуын Тараз педагогикалық институтында жалғастырады. Еңбек жолын №1 қылмыстық атқару мекемесінде бастап онда біраз жыл қызмет атқарады. Ал 2015 жылы Қостөбе орта мектебіне мамандығы бойынша алғашқы әскери дайындық және технология пәнінің мұғалімі болып орналасады. Содан бері жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді.
Болатқали Бердиханов сабақ барысындағы саптық дайындық, бұйрықты нақты орындау ережелері мен қауіпсіздік талаптарын сақтау, тәртіпке бағыну, уақытты бағалау, өз ісіне жауапты болу сияқты қасиеттерді шәкірттерінің бойында қалыптастыруда үлкен еңбек сіңіруде. Жоғары сынып, яғни 10-11-сынып оқушыларын жауынгерлік дайындық негіздеріне баулу – басты міндет. Осы тұрғыда оның әскери машыққа дайындаған шәкірттері аудандық, облыстық «Сапта жүріп ән айту», «Саптық жүріс», «Қарумен жұмыс» сынды жарыстарда топ жарып жүр. Мәселен, Байзақ ауданындағы мектептер арасында ұйымдастырылған «Жұлдыз әскери спорттық жарысы» байқауына қатысқан оқушысы Ілесбек Досымжан екінші орынды иеленді. Бұл жарысқа барлық мектептен 9-11-сынып оқушылары қатысқан болатын.
Сондай-ақ Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 37 жыл толуына орай аудан мектептері арасында Калашников автоматын бөлшектеу және жинау бойынша жарыс өтті. Бұл жарыста суық қаруды бөлшектеп қайта жинауда мектеп оқушысы С.Зулуфов жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұдан бөлек, Халық Қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев және Кеңес Одағының Батыры және Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетовтің 100 жылдығына орай өткізілген «Ұранды ердің – ұрпағы қайсар» атты аудандық саптық ән байқауында «Үздік патриоттық ән» орындағаны үшін Қостөбе орта мектебі арнайы Құрмет грамотасымен марапатталды. Ұлы Жеңіс және Қарулы Күштер күндеріне орай алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері арасында өткен облыстық байқауларда Байзақ командасы жеңімпаз атанды. Мұнда да Болатқали Бердихановтың өзіндік қосқан үлесі бар.
Жоғары сынып оқушылары бойындағы патриоттық сезімді оятып, оларды болашақта әскери қызметке дайындауда Болатқали Нұрдәулетұлы шәкірттеріне қатаң талап қоя біледі. Үлкен өмірге жолдама алған шәкірттерінің арасында өзінің болашағын әскери қызметпен байланыстырғысы келетіндер де бар. Бір атап өтерлігі, жұбайы Дина Рзақұлова да білім саласында еңбек етуде. Ол балабақшада тәрбиеші.
– Мамандықтың жаманы жоқ. Мен өз ісіме жауапкершілікпен қарап, жастар бойындағы Отаншылдық сезімді оятуға, ел патриоты болуға тәрбиелеймін. Мақсатын оқушыларға жақсы білім, жақсы тәрбие беру, – дейді Болатқали Бердиханов.