Бір ауыз жылы сөз – адам өміріне жарық сыйлайды

0 2

Бүгінгі таңда әлемде миллиондаған адам ерекше білім беруді қажет етеді. Олардың әрқайсысы ең алдымен адам, тұлға, азамат. Олар да біздің арамызда өмір сүреді, оқиды, еңбек етеді, арман құрады. Алайда қоғам кейде олардың мүмкіндігін емес, шектеуін ғана көреді. Ал шын мәнінде әр адамның бойында ашылмаған талант, жүзеге аспаған арман және үлкен күш жатыр.Сондықтан қазіргі заманның ең маңызды құндылықтарының бірі – инклюзия.

Инклюзия дегеніміз – әр адамға тең мүмкіндік беру, ешкімді қоғамнан шеттетпеу, бәріне бірдей құрметпен қарау. Бұл жай ғана термин емес. Бұл – адамгершілікке негізделген өмір сүру қағидасы. Көз алдыңызға бір сыныпта отырған екі баланы елестетіңіз. Бірі еркін жүгіріп, ойын ойнайды, ал екіншісі арбаға таңылған. Бірі тақтаға шығып жауап береді, ал екіншісі сөйлеуде қиындық көреді. Бірақ олардың армандары бірдей: білім алу, достар табу, болашақта маман иесі болу және қоғамның толыққанды мүшесіне айналу. Инклюзия дегеніміз – дәл осы мүмкіндікті әр адамға беру.

Кейде адамдар арасындағы ең үлкен кедергі баспалдақтар мен жабық есіктер емес. Ең үлкен кедергі – түсінбеушілік пен немқұрайлылық. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға аяушылық емес, мүмкіндік керек. Өйткені олардың да қабілеті, таланты және қоғамға берері мол. Инклюзивті қоғам – ешкімді бөліп-жармайтын қоғам. Мұнда адамның сыртқы ерекшелігіне, денсаулық жағдайына немесе мүмкіндігіне емес, оның тұлғасына мән беріледі. Әр адам өзін қажет сезінетін ортада ғана дамып, үлкен жетістіктерге жете алады. Инклюзия – тек білім беру жүйесіндегі өзгеріс емес. Ол – адамгершіліктің көрінісі. Біреуге қолдау көрсету, оны түсіну, қатарға қосу арқылы біз өзіміздің де рухани деңгейімізді көтереміз. Өйткені қоғамның күштілігі оның байлығымен емес, әлсіз көрінген жандарға қалай қарайтынымен өлшенеді. Қазақ халқы ежелден мейірімділікті, қамқорлықты және бірлікті жоғары бағалаған. «Жетім көрсең – жебей жүр», «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген нақылдар халқымыздың болмысын көрсетеді. Ата-бабаларымыз ешқашан қиындыққа тап болған жанды жалғыз қалдырмаған. Сондықтан инклюзия – бізге сырттан келген ұғым емес. Ол біздің қанымызда, тәрбиемізде, ұлттық құндылықтарымызда бар қасиет.

Инклюзивті білім беру – болашаққа салынған ең маңызды инвестициялардың бірі. Өйткені бір сыныпта білім алған балалар бір-бірін түсінуге үйренеді. Олар өзгешеліктен қорықпайды, керісінше оны қалыпты нәрсе ретінде қабылдайды. Мұндай ортада өскен бала ертең қоғамға пайдалы, мейірімді және әділетті азамат болады. Кейде біз ерекше балалардың қоғамға бейімделуі керек деп ойлаймыз. Ал шын мәнінде қоғам да оларға бейімделуді үйренуі тиіс. Себебі қоғамның міндеті – әлсізді күшейту емес, әр адамға өз мүмкіндігін көрсетуге жағдай жасау. Бүгінгі күні әлемге танылған көптеген тұлғалар түрлі қиындықтарға қарамастан үлкен жетістіктерге жеткен. Олардың өмір жолы адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдейді. Егер оларға уақытында қолдау көрсетілмегенде, бәлкім әлем олардың есімін ешқашан естімес еді. Бұл бізге маңызды сабақ береді: әр баланың бойында болашақ ғалым, өнертапқыш, спортшы немесе көшбасшы жасырын болуы мүмкін. Өкінішке қарай, кейбір адамдар ерекше қажеттілігі бар жандарға аянышпен қарайды. Бірақ аяныш адамның қанатын қайырады, ал сенім оған күш береді. Әр адам өзіне сенгенді қалайды. Әр адам құрметке лайық. Сондықтан біз ерекше балаларды өзгелерден бөлек емес, қоғамның ажырамас бөлігі ретінде қабылдауымыз қажет.

Инклюзия – пандус орнатумен ғана шектелмейді. Ол жүректе басталады. Егер жүректе мейірім болмаса, ең заманауи ғимараттардың өзі ештеңені өзгерте алмайды. Ал егер жүректе жанашырлық болса, қарапайым бір ауыз сөздің өзі адамның өміріне жарық сыйлай алады. Бәлкім, бір күні біз салған пандус болашақ ғалымның жолын ашар. Бәлкім, бүгін қолдау көрсеткен баланың есімі ертең бүкіл ел мақтан ететін тұлғаға айналар. Бірақ одан да маңыздысы – біз сол арқылы адамдық қасиетімізді сақтап қаламыз. Қазіргі жастар – ертеңгі қоғамның келбеті. Сондықтан жастардың бойында төзімділік, құрмет және жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру маңызды.