Ауылшаруашылығын дамытуда заманауи технологиялар мен техникаларды өндіріске енгізу қазіргі уақыттың талабы. Осы мақсатта бұған дейін Меркі ауданында бірнеше семинар өткізіліп, қызылша өсіру мен өндіруге арналған заманауи техникалар өңірдегі шаруаларға таныстырылған болатын. Жақында сол заманауи техникалар қолданысқа енгізіліп, тәжірибе жүзінде көрсетілді.
«МерАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызылша алқабында өткен көрмеде «СТ Agro» компаниясының өкілдері ауылшаруашылығы өсімдіктерін өсіру мен жинауға қажетті заманауи техникалармен таныстырды. Семинарға қатысқан аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы ауылшаруашылығын дамытуда Меркі жерінің мүмкіндіктері мен әлеуеті жайында айтты. Мол өнім алу мақсатында жаңа техникаларды қолданудың маңыздылығын және осы бағытта шаруаларға көрсетілетін қолдаулар туралы да айтып өтті.
Семинарда «СТ Agro» компаниясының Қазақстандағы ресми өкілі Алмас Серікұлы және «Kvеrneland» компаниясының Германиядан келген менеджері Максим Боднэр қызылша өсіруге арналған техникалармен таныстырып, олардың ерекшеліктерін айтты. Заманауи үлгідегі «Claas» тракторы, қызылша тұқымын себу мен топырақты қопсытуға және тыңайтқыш себу мен арамшөптерді дәрілеуге арналған техникалар көпшілік назарына ұсынылды.
Бұл техникалар толық автоматты жүйемен жұмыс істейді. Мысалы, «Kvernland monopill» құрылғысы әр дәнді белгіленген ара қашықта және тереңдікте дәлме-дәл сепсе, топырақ қопсытуға арналған «Kvernеland Lynx» құрылғысында оптикалық көру камерасы орнатылған. Ол қызылша мен арамшөптердің түсін ажыратуға мүмкіндік беріп, топырақты қопсыту барысында қызылша өсіндісінен басқа шөптің бәрі тазаланып отырады. Компания мамандарының айтуынша, аталған техникаларды сатып алған шаруаларға 1 жыл мерзімге кепілдік беріледі. Техникалар бұзылған жағдайда жөндеуге және бөлшектерді жеткізіп беруге қолдау көрсетіледі.
Ауылшаруашылығына жауапты мамандардың айтуынша, техникаларды субсидиялау және лизингке беру тетіктері қарастырылған.