Тарих пен тағзым тоғысқан мекен

0 1

Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында орналасқан «Өлімнен де күшті» мемориалдық кешені мен оған іргелес аумақ жаңаша келбетке ие болды. Биыл қолға алынған қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталып, қала тұрғындары мен қонақтарының игілігіне берілді.

Тарихи жадыны жаңғыртып, қоғамдық кеңістіктің тартымдылығын арттыруды көздеген жоба аясында кешен аумағында ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде мемориалдың сәулеттік келбеті сақталып қана қоймай, заманауи талаптарға сай инфрақұрылыммен толықтырылды.

Жаңғырту жұмыстары барысында аумақтағы тас төсемдер түгелдей ауыстырылып, жаңа брусчатка төселген. Сонымен қатар «Өлімнен де күшті» монументі мен Бейбітшілік стелласына қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, сыртқы келбеті жаңартылды. Келушілердің қолайлы демалысы үшін автоматты суару жүйесі орнатылып, жарықтандыру желілері жаңғыртылған. Кешеннің кіреберіс бөлігі де қайта жасақталып, айналаға гүлзарлар отырғызылды.

Өңір басшысы Берік Уәли жаңартылған нысанды аралау барысында бұл орынның тарихи әрі рухани маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Бейбітшілік аралы – табиғи ерекшелік пен тарихи құндылық қатар тоғысқан бірегей мекендердің бірі. Сондықтан мұндай нысандарды сақтау мен жаңғырту өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Қазіргі таңда мемориалдық кешен аумағында тағы бір маңызды жоба жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының қолдауымен қолға алынған «Абайға құрмет» акциясы аясында Рәміздер алаңы салынып жатыр. Жаңа нысанда мемлекеттік рәміздерді дәріптейтін арнайы композиция мен сәулеттік құрылымдар орналастырылады деп жоспарланған.

Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жауапты мамандар нысанды Абай күні қарсаңында пайдалануға беруді көздеп отыр.

Жалпы, Бейбітшілік аралындағы жаңғырту жұмыстары Семей қаласының қоғамдық кеңістіктерін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың жалғасы саналады. Тарихқа тағзым мен заманауи инфрақұрылым үндескен бұл аумақ алдағы уақытта тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналмақ.