Қарасайда өндіріс өркендеп келеді

0 0

Қарасай ауданы бүгінде аграрлық бағытпен ғана шектелмей, өндірісі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Соңғы жылдары мұнда халық шаруашылығына қажетті өнімдер шығаратын заманауи кәсіпорындар саны артып келеді. Солардың қатарында құрылыс саласына арналған сендвич-панельдер өндіретін «BMG HOLDING» компаниясының орны ерекше.

Кәсіпорынның негізін қалаушы Ардақ Айтуқызы өндіріс жұмысын 2021 жылы жалға алынған ғимаратта бастаған. Ісін жүйелеп, тапсырыс көлемін ұлғайтып келе жатқан кезде өндіріс орны өртке оранып, толықтай жарамсыз күйге түседі. Алайда қиындыққа мойымаған кәсіпкер қысқа мерзім ішінде жаңа жобаны қолға алып, Әйтей ауылдық округіне қарасты Сауыншы ауылынан жер телімін алып, небәрі үш айдың ішінде заманауи зауытты іске қосады.

Бүгінде кәсіпорында өндірілетін сендвич-панельдер жоғары сапасымен ерекшеленеді. Ыстық пен суыққа төзімді, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келетін өнімдер көкөніс қоймалары, өндірістік ғимараттар, спорт кешендері, сауда нысандары мен демалыс орындарының құрылысында кеңінен қолданылып жүр. Қарапайым тұрғындардан бастап ірі компанияларға дейін бұл өнімге сұраныс жоғары.

Компанияның бас директоры Қанат Айдарбекұлының айтуынша, кәсіпорын құрылыс материалдарын өндіретін еліміздегі үздік он кәсіпорынның қатарына енген.

– Өнім сапасын арттыру мақсатында жоғары сапалы металл мен минералды мақта пайдаланылады. Қажетті шикізаттың басым бөлігі Қытай мен Ресейден жеткізіледі. Сонымен қатар тапсырыс берушілерге ғимаратты жобалау, құрастыру және толық дайын күйінде тапсыру қызметі де ұсынылады, – дейді ол.

Қазіргі таңда зауытта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ірі жобалар жүзеге асқан кезде жұмысшылар саны 50-ден асады. Кәсіпорын қызметкерлері негізінен Әйтей ауылы, Қаскелең қаласы және Ұзынағаш елді мекенінен қатынап жұмыс істейді. Оларға арнайы тасымал, тегін түскі ас ұйымдастырылған. Ал алыстан келетін мамандарға жатақхана қарастырылған. Еңбеккерлердің айтуынша, жалақы көлемі де талапқа сай.

Зауыттың өндірістік қуаты тәулігіне 2 мың шаршы метр сендвич-панель шығаруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік сертификаттарға ие болған кәсіпорын алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Жоспар бойынша алдағы жылдары 5 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, жаңа өндірістік цехтар салынбақ.

Сапасы халықаралық талаптарға сай, бағасы бәсекеге қабілетті отандық өнімнің нарықтағы үлесі артып келеді. Бұл – өңір экономикасының дамуына ғана емес, елдегі құрылыс индустриясының өркендеуіне де қосылған маңызды үлес.