Тапсырысты енді робот жеткізеді

0 2

Астанада тапсырысты автономды роботтар арқылы жеткізуге арналған пилоттық жоба іске қосылды. Жаңа сервис әзірге Есіл және Нұра аудандарын қамтып отыр. Осы аумақта тұратын тұрғындар «Яндекс Лавка» сервисі арқылы берген тапсырыстарын робот-курьердің көмегімен тегін алдыра алады.

Жоба Астана қаласы әкімдігі, қалалық Полиция департаменті, «Astana Innovations» АҚ және Yandex Qazaqstan компаниясының бірлескен бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. Бастамаға Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қолдау көрсеткен.

Қызметті пайдалану үшін «Яндекс Go» қосымшасындағы «Лавка» бөліміне тапсырыс беру жеткілікті. Егер пайдаланушының мекенжайы пилоттық аймаққа кірсе, жеткізу тәсілі ретінде робот-курьерді таңдауға мүмкіндік беріледі. Бұл қызмет үшін қосымша ақы алынбайды.

Автономды роботтар жаяу жүргіншілер жолымен қозғалып, тапсырысты тұрғын үйдің кіреберісіне дейін жеткізеді. Пайдаланушы мобильді қосымша арқылы роботтың қозғалысын бақылап, ол келген соң смартфон көмегімен жүк салатын бөлікті ашып, тапсырысын алады.

Жеткізу құрылғылары жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған. Олар бағытты өздігінен анықтап, жолдағы кедергілерді айналып өтеді, жаяу жүргіншілерге басымдық береді және қажет болған жағдайда қауіпсіз тоқтайды. Роботтардың орташа жылдамдығы сағатына 6 шақырым шамасында. Сонымен қатар олар әртүрлі ауа райында да тұрақты жұмыс істеуге бейімделген.

Пилоттық жоба биылғы 15 шілдеден бастап сынақ режимінде жүзеге асырылуда. Осы кезеңде мамандар роботтардың қалалық ортадағы қозғалысын, қауіпсіздігін және тұрғындармен өзара іс-қимылын бағалап келеді.

«Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасы Ғизат Әмірғалидің айтуынша, жоба нәтижелері автономды жеткізу технологиясын елордада кеңінен енгізуге негіз қалайды. Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов робот-курьерлердің іске қосылуын цифрлық технологиялардың күнделікті өмірге сәтті енгізіліп жатқанын көрсететін маңызды қадам деп бағалады.

Мамандардың айтуынша, пилоттық кезең сәтті аяқталған жағдайда автономды жеткізу қызметінің географиясы кеңейтіліп, робот-курьерлердің қызметі қаланың өзге аудандарында да қолжетімді болмақ.