Павлодар құтқарушылары жаңа технологияны меңгеруде

0 0

Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру кезінде құтқарушылардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында заманауи роботтандырылған өртке қарсы платформаны пайдалануға кірісті. Қашықтан басқарылатын бұл техника адам өміріне аса қауіпті аумақтарда өртті сөндіруге арналған.

Жоба департаменттің бастамасымен отандық «Қалқан-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп жүзеге асырылған. Мамандардың айтуынша, өткен жылдың күзінде қолға алынған жоба алты айдың ішінде толық әзірленіп, тәжірибелік пайдалануға берілген.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіруді ұйымдастыру және авариялық-құтқару жұмыстары басқармасының жедел кезекшісі Азамат Қанағатовтың айтуынша, роботтандырылған платформа мұнай өнімдері сақталатын резервуарлардағы, жарылыс қаупі жоғары өндіріс орындарындағы және конструкциялардың құлау қаупі бар нысандардағы өрттерді сөндіруге арналған.

– Роботтың басты артықшылығы – қашықтан басқарылуы. Бұл құтқарушылардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіпті едәуір азайтып, өртті қауіпсіз қашықтықтан сөндіруге мүмкіндік береді, – дейді маман.

Платформа өрт сөндіру автокөлігіне қосылып жұмыс істейді. Робот қауіпті аумаққа жеткізілген соң арнайы түтік арқылы су немесе көбік беріледі. Басқару пультіндегі бейнекамера көмегімен оператор құрылғының қозғалысын толық бақылап, бағыты мен жылдамдығын қашықтан реттей алады.

Робот бензинді ішкі жану қозғалтқышымен жабдықталғандықтан сыртқы қуат көзіне тәуелді емес. Оның ең жоғары қозғалыс жылдамдығы сағатына 10 шақырымға дейін жетеді. Салмағы 480 келі болатын техника 200 келіге дейін жүк көтере алады және өрт сөндіру шлангісін 100 метрден астам қашықтыққа сүйреп жеткізуге қауқарлы. Сонымен қатар құрылғы -40 градустан +40 градусқа дейінгі температурада жұмыс істеуге бейімделген.

Әзірге робот нақты өртті сөндіруге тартылған жоқ. Дегенмен ол өрт-тактикалық оқу-жаттығулары барысында тұрақты қолданылып, өзінің тиімділігі мен сенімділігін көрсетіп келеді.

Мамандардың айтуынша, мұндай технологияларды енгізу азаматтық қорғау жүйесін жаңғыртып қана қоймай, аса қауіпті жағдайда жұмыс істейтін өрт сөндірушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайларды жоюдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.