Солтүстік Қазақстан облысында «Сұлтан» брендімен таныс макорон жергілікті тұрғындарының тұрақты сұранысында. Биыл ашылғанына 30 жыл болған «Сұлтан-ЭДМК» АҚ өнім түрлерін көбейте түскен. Бас директордың жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Арман Сүлейменовтің айтуынша, компанияның басты бағыттарының бірі – «Sultan» және «Pastamia» брендтерімен шығарылатын макарон өнімдері. Қазір кәсіпорын ассортиментінде 35 макарон түрі бар. Өнімдердің алуан түрлілігі тұтынушылардың талғамына байланысты. Өндірілетін макарон өнімдерінің қатарында спагетти, лингвини, букатини және тағы басқа өнім түрлері кездеседі.
Компания айына сұраныс көлеміне қарай 2000-нан 3000 тоннаға дейін макарон өнімдерін шығарады. Өндіріс құрамына элеватор, қатты бидай диірмені, макарон зауыты және дайын өнім қоймалары кіреді. Кәсіпорын макарон өнімдерінен бөлек ұн да өндіреді. Бидай ұнын, байытылған бидай ұнын, макарон жасауға арналған жоғары сапалы қатты бидай ұнын, 2-ші сұрыпты қатты бидай ұнын және бидай кебегін шығарады. Бүгінде компанияда шамамен 300 адам жұмыс істейді.
Кәсіпорынның жетістіктері аз емес. Компания өндіріс сапасы, өнімнің жоғары деңгейі және заманауи технологияларды енгізу бағытында көптеген марапаттарға ие болды. Соңғы жетістіктерінің қатарында 2024 жылы «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ-ның «Сапа көшбасшысы» аталымы бойынша алған дипломы, Минск қаласында өткен «Белагро – 2024» халықаралық көрмесіне белсенді қатысқаны үшін берілген дипломы және «Food Expo Qazaqstan 2025» көрмесінде «Макарон» аталымы бойынша жеңіп алған медалі мен дипломы бар. Бұл марапаттар кәсіпорынның өнім сапасы мен өндіріс саласындағы жоғары көрсеткіштерін айқындайды.
– Компаниямызда көп жыл бойы еңбек етіп келе жатқан отбасылар да бар. Бір әулеттің бірнеше буынының бір кәсіпорында жұмыс істеуі – ұжымдағы сенім мен тұрақтылықтың, сондай-ақ компанияға деген құрметтің айқын көрінісі. Осындай тәжірибелі мамандар мен жас буын өкілдерінің бірлескен еңбегі кәсіпорынның алдағы дамуының берік негізін қалыптастырады, – дейді Арман Болатұлы.
Өндірісте заманауи технологиялар мен жоғары сапалы жабдықтар қолданылады. Макарон өнімдері швейцариялық «Bühler» компаниясының технологиясы негізінде өндіріліп, италиялық «Ricciarelli», «Landucci» және «Niccolai» компанияларының жабдықтары пайдаланылады.
Кәсіпорын қажетті шикізатты да өздері қамтамасыз етеді. Компания макарон жармасы мен нан ұнын өзі өндіреді, сондай-ақ қатты және жұмсақ бидай дәндерін Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлеріндегі отандық өндірушілерден сатып алады.
Өнімдерді тарату жұмыстарын негізгі дистрибьютор «Сұлтан-Маркетинг» ЖШС атқарады. Қазақстанның барлық өңірлерінде сатылып қана қоймай, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Ауғанстан, Моңғолия және Қытай елдеріне де экспортталады.