Меркіліктер 80 тоннаға дейін балық өнімдерін өндіруде

0 2

Жамбыл облысында балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Соның ішінде Меркі ауданында балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер Андас батыр ауылдық округінде шоғырланған. Атап өтерлігі бүгінгі күні елді мекенде 130-дан астам шаруа қожалығы мен 60-қа жуық жеке кәсіпкер ауылшаруашылығының түрлі бағыттарында еңбек етуде. Солардың қатарында балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың да саны артып келеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде балық шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бұл бағытта мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан субсидиялар мен қаржылық қолдау көлемінің артуы кәсіпкерлердің осы бағытқа қызығушылығын күшейтіп, отандық балық өндірісінің дамуына жаңа серпін беруде. Бұл өз кезегінде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және сапалы отандық өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік жасап отыр. Осы бағытта Меркі ауданында жүзеге асырылып отырған тиімді ұйымдастырылған жұмыс нәтижесінде кәсіпорын жыл сайын шамамен 80 тоннаға дейін өнім өндіреді.

Қазіргі таңда өндірілген өнім толықтай Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіліп, тұрғындарды сапалы әрі экологиялық таза отандық балық өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жергілікті нарықты дамытуға ғана емес, импортқа тәуелділікті азайтуға да өз үлесін қосуда.

Мемлекеттік қолдау шаралары мен жергілікті кәсіпкерлердің еңбегінің арқасында Меркі ауданында балық шаруашылығының әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа технологияларды енгізу және өнім түрлерін көбейту арқылы ауданның өңірлік балық шаруашылығы саласындағы үлесін одан әрі арттыруға мүмкіндік мол.