Сыбайлас жемқорлық қай заматта болса да адамзаттың, қоғамның дамуына өз кесірін тигізетіні анық. Сол себепті де қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру өте маңызды. Егеменді еліміздің жарқын болашағы үшін, өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз үшін жемқорлық дертімен күресуіміз керек. Осы ретте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық департаменттерімен сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар заңнамаларға өзгеріс енгізу шаралары үнемі жүргізілуде.
Осыған дейін біздің департамент Жамбыл облысындағы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіп, акваөсіруді дамыту үшін берілетін субсидия процесінің ашықтығының жоқтығын және бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға әкелетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықтаған болатын.
Акваөсіруді субсидиялау Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 24 мамырдағы №180 бұйрығымен бекітілген «Акваөсіру өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды, сондай-ақ асыл тұқымды балық өсіруді дамытуды субсидиялау қағидаларымен» реттелген. Акваөсіруді дамыту мақсатында 2023-2024 жылдарында Республика бойынша 3,9 миллиард теңге бюджет қаражаты бөлінсе, оның ішінде Жамбыл облысына 481,0 миллион теңге көзделген екен. Осы бөлінген субсиядиялардын басым бөлігі балық азығы мен балық материалдарын көбейтуге бағытталғаны белгілі болды.
Департаменттің талдауымен субсидия алушыларға балық өнімдерін сатқан кәсіпкерлердің балыққа қатысы жоқ қызмет түрлерімен (құрылыс жұмыстары) айналысатыны, сондай-ақ, балықты сатушы мен сатып алушы бір мекенжайда орналасқаны анықталған. Өз кезегінде қағидаларға сәйкес субсидия өтінімдерін қарайтын лауазымды тұлғалар тек өтінімде көрсетілген ақпараты (келісім шарт, шот-фактура мәліметтері) негізінде субсидия беру туралы шешім қабылдап келген. Осылайша, жауапты лауазымды адамдардың субсидия алушыларда су айдындары мен инфрақұрылымның бар екеніне көз жеткізуге, сондай-ақ сатып алынған балық өнімі мен сатып алынған балық азығының көлемі туралы ұсынылған ақпараттың дұрыстығын тексеруге мүмкіндіктерінің жоқ екені белгілі болды.
Осыған байланысты, Ауылшаруашылық министрлігіне қолданыстағы Қағидаларға су айдындарының және инфрақұрылымның бар-жоғын қарап тексеруге, сондай-ақ сатып алынған азықтың, балық өсіру материалдарының және өткізілген өнімдердің көлемі бар/жоқтығына тиісті қорытынды жасайтын комиссия құру және балық шаруашылығы субъектілері сатып алынған азықтың, балық өсіру материалдарының, өткізілген өнімдердің көлеміне санақ жүргізу арқылы олардың қорытындысын алу және оған растаушы құжат ретінде фото және бейне материалдарды тіркеу туралы талап енгізу жөнінде ұсыныстар енгізілген.
Жоғарыда көрсетілген ұсыныстар бойынша жүргізілген сүймелдеу жұмыстарының нәтижесінде бұл мәселелер Ауылшаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетімен бекітілген жаңа Қағидаларда қарастырылып, 2026 жыл басынан бастап субсидияны алудағы бақылау шаралары күшейтілді.