Шиеліде күн электр станциясы іске қосылды

0 0

Қызылорда облысының энергетикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жобалар қатары кеңейіп келеді. Өңірде жаңартылатын энергия көздеріне негізделген нысандардың саны артып, күн сәулесінен электр өндіру ісіне инвестиция тартылуда. Соның бір мысалы — Шиелі ауданында қуаттылығы 20 мегаватт болатын жаңа күн электр станциясының іске қосылуы.

«Vigor Holding» компаниясы қолға алған жобаға қаржылай қолдау көрсеткен «Қазақстанның Даму Банкі» болды. Жаңа нысанның жұмысын бастауына арналған іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыс прокуроры әрі инвестициялық омбудсмен Ризабек Ожаров, компания басшылығы, банк өкілдері, қоғам белсенділері мен аудан тұрғындары қатысты.

Шиелі жеріндегі жаңа станция өңірдегі энергетика саласына жеке инвестиция тартудың нақты нәтижелерінің бірі ретінде бағаланып отыр. Жобаның іске қосылуы аудан экономикасына жаңа серпін беріп, заманауи технологияларды қолдану аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары Қызылорда облысында баламалы энергетикаға қызығушылық артып келеді. Қазір өңір аумағында жалпы қуаты 151 мегаваттқа жететін 11 күн электр станциясы жұмыс істеп тұр. Яғни электр энергиясын өндірудің дәстүрлі көздерімен қатар, табиғи мүмкіндіктерді пайдаланатын жобалардың да үлесі біртіндеп ұлғайып келеді.

Алдағы кезеңде бұл көрсеткішті одан әрі арттыру көзделген. Қазіргі таңда жалпы қуаты 225 мегаваттан асатын жеті жаңа күн электр станциясын іске қосуға дайындық жүргізілуде. Арал мен Жаңақорған аудандарында қуаты 30 мегаватт болатын нысандардың құрылысы басталған. Қызылорда қаласында 15 мегаваттық станция салу мәселесі қарастырылуда.

Шиелі ауданының өзінде де энергетикалық жобалардың жалғасы бар. Мұнда қуаты 60 мегаваттан болатын екі станция салуға қатысты жобалар әзірленіп жатыр. Сонымен қатар «ҚызылордаЭнерджиГаз» мекемесінің қуаты 10 мегаваттық күн электр станциясының құрылысы жақын уақытта басталмақ.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Шиелі ауданындағы жобаның іске қосылуы өңірдің инвестициялық белсенділігін көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, энергетика, өнеркәсіп және құрылыс салаларына капитал тарту арқылы жаңа өндірістердің қалыптасуына жағдай жасау маңызды. Мемлекет тарапынан инвесторларға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жалғаса береді.

«Қазіргі кезеңде жаңа технологияларға негізделген жобаларды іске асырудың маңызы зор. Энергетика саласына салынған инвестиция өңірдің өндірістік мүмкіндігін арттыруға қызмет етеді. Сондықтан отандық және шетелдік инвесторлармен тиімді серіктестік орнатуға мүдделіміз», — деді облыс әкімі.

Салтанатты іс-шарада жобаның жүзеге асуына атсалысқан бірқатар азамат марапатталды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан және жаңа станцияның іске қосылуына еңбек сіңірген азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Компанияның бас директоры Айтуған Ахметұлы мен инвестициялық омбудсмен Ризабек Ожаров та құттықтау сөз сөйлеп, ардагер Өркен Әзімханұлы ақ батасын берді.

Жаңартылатын энергия көздерін дамыту тек электр өндіру көлемін арттырумен шектелмейді. Мұндай жобалар өңірге жаңа инвестиция тартуға, технологиялық шешімдерді енгізуге және энергетика саласының мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады. Сондықтан Шиеліде іске қосылған 20 мегаваттық станция облыстағы «жасыл» энергетика бағытындағы кезекті жобадан бөлек, осы саланы одан әрі дамытуға арналған жұмыстардың жалғасы болмақ.

Қызылорда өңірінде жоспарланған жаңа станциялардың барлығы іске қосылған жағдайда, күн энергетикасының өндірістік қуаты айтарлықтай өседі. Бұл өз кезегінде өңірдің энергетикалық тұрақтылығын күшейтіп, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырмақ.