Семей қаласындағы теміржол вокзалының жаңғырту жұмыстары мен жолаушыларға арналған жаңа жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы бақылауға алынды. Нысандардың қазіргі жағдайымен танысқан Абай облысының әкімі Берік Уәли жауапты мекемелерге құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Бүгінде вокзал аумағында бірнеше бағыт бойынша құрылыс қатар жүргізіліп жатыр. Ғимараттың сыртқы келбетін жаңарту, витраждық әйнектер орнату, ішкі әрлеу және керамикалық плиткалар төсеу жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында эскалаторлар мен лифтілер орнатылып, перрон бөлігі де жаңғыртылуда. Вокзал алдындағы аумаққа тақтатас төсеу жұмыстары басталған. Бұған қоса теміржол желілерін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жобаның маңызды бөлігінің бірі – бұрынғы жаяу жүргіншілер көпірінің орнына салынып жатқан жаңа өткел. Ұзындығы 209 метр, биіктігі 4,5 метр болатын нысанның құрылысы 10 қыркүйекте басталған. Жоба жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып, желтоқсан айында пайдалануға берілуі жоспарланған.
Жаңа көпір 11 тірекке негізделеді. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін өткелдің үсті мен екі бүйірі толық жабық болады. Қазіргі уақытта екі шетіне негізгі тіректер орнатылған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да еркін қозғалуына жағдай жасау үшін екі жағына лифт қою көзделген.
Облыс әкімі құрылыс барысын аралау кезінде бұл нысандардың қала тұрғындары мен теміржол жолаушылары үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, вокзал маңындағы жұмыстардың созылуы тұрғындарға қолайсыздық туғызып отыр. Әсіресе бұрын теміржол үстіндегі көпір арқылы қатынаған жолаушылар қазір айналма жолмен жүруге мәжбүр.
Берік Уәли жауапты тұлғаларға жұмысты келесі ай ішінде толық аяқтауды міндеттеді. Құрылыс сапасы мен мерзімінің сақталуы жеке бақылауында болатынын жеткізді.
Айта кетейік, Семей вокзалында жолаушыларға арналған конкорстық өткелдің де құрылысы қолға алынған. Бастапқы жобада бұл нысан қарастырылмаған еді. Алайда облыс әкімдігінің бастамасымен Көлік министрлігі және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, теміржол жолдарының арасынан қауіпсіз әрі ыңғайлы өтуге мүмкіндік беретін қосымша өткел салу туралы шешім қабылданған.
Теміржол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары вокзал аумағымен ғана шектелмейді. Қаладағы 30-дан астам теміржол өткелінің жағдайын реттеу де күн тәртібінде тұр. Биыл көктемде Речников көшесіндегі өткел пилоттық жоба аясында жөнделді. Одан кейін Қаржаубайұлы, Лебаев, Мичурин және Титов көшелеріндегі өткелдерде жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жыл соңына дейін Дулатов көшесіндегі өткелдерді де ретке келтіру жоспарланған. Жалпы биыл Семей қаласында кемінде тоғыз теміржол өткелін жөндеу көзделіп отыр.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың түпкі мақсаты – Семейдің теміржол инфрақұрылымын заман талабына сай жаңартып, жолаушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру. Ендігі міндет – жоспарланған жобаларды сапалы аяқтап, тұрғындарға қолжетімді ету.