Көкшетауда жаңа кірпіш зауыты 2027 жылы іске қосылады

0 1

Ақмола облысында құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Облыс орталығында бой көтеріп жатқан кірпіш зауыты жылына 60 миллионға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын толық іске қосылғанда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Өндіріс орнын 2027 жылы жобалық қуатына шығару жоспарланған.

Жаңа нысанның құрылыс барысымен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов танысты. «Кірпіш зауыты» ЖШС алаңын аралаған өңір басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін көріп, кәсіпорынды іске қосу жоспарына назар аударды.

Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау және әрлеу жұмыстарының 95 пайызы орындалған. Негізгі құрылыс кезеңі аяқталуға жақын. Енді зауыт аумағын абаттандыру және өндірісті іске қосуға қажетті дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіпорынның техникалық ашылуы жыл соңына белгіленген. Ал 2027 жылы өндірісті толық қуатына шығару көзделіп отыр.

Зауыттың негізгі өнімі Қазақстанның ішкі нарығына бағытталады. Бұл, әсіресе құрылыс қарқыны жоғары өңірлер үшін маңызды. Өйткені тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдық жобалардың көбеюі құрылыс материалдарына деген сұранысты да арттырып келеді.

Өңір басшысы отандық өндірісті дамытудың экономикалық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, облыста жүзеге асырылып жатқан ірі құрылыс жобалары материалдарға тұрақты қажеттілік қалыптастырады. Сондықтан жергілікті жерде кірпіш өндіру құрылыс саласын қажетті өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңір экономикасына да оң әсер етеді.

«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында облыста көптеген нысанның құрылысы жүргізіледі. Бұл жобаларда отандық құрылыс материалдарын пайдалануға басымдық беріледі. Қазір Қазақ музыкалық-драма театры мен стадион секілді ірі нысандар салынып жатыр. Олардың әрқайсысына құрылыс материалдарының едәуір көлемі қажет. Сондықтан кірпіш зауыты сияқты өндіріс орындарының іске қосылуы стратегиялық маңызға ие. Бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Марат Ахметжанов.

Жобаның өңір үшін тиімділігі бірнеше бағыттан көрінеді. Ең алдымен, жылына 60 миллион кірпіш өндіру мүмкіндігі жергілікті құрылыс нарығындағы сұранысты өтеуге септігін тигізеді. Сонымен қатар отандық өнімнің үлесін арттырып, құрылыс материалдарын жеткізу ісіндегі сыртқы тәуелділікті азайтуға ықпал етеді.

Бұдан бөлек, 200 тұрақты жұмыс орнының ашылуы жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді. Ал жаңа өндірістің іске қосылуы құрылыс саласы мен өнеркәсіптің өзара байланысын күшейтіп, Ақмола облысының экономикалық дамуына қосымша серпін бермек.

Жалпы, жаңа кірпіш зауыты – өңірдегі өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Кәсіпорын жоспарланған мерзімде іске қосылса, облыстың құрылыс нарығы отандық өніммен толықтырылып, жергілікті өндірістің экономикадағы үлесі арта түспек.