Абай ауданындағы Көкбай ауылында қазақ халқының саятшылық дәстүрін дәріптеген «Абай салбурыны – 2026» республикалық құсбегілер турнирі өз мәресіне жетті. Биылғы бәсеке ақын, Абайдың талантты шәкірті Көкбай Жанатайұлының туғанына 165 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Екі күнге созылған дүбірлі додаға еліміздің 11 облысы мен 3 қаласынан 101 құсбегі жиналды.
13–14 қараша күндері өткен жарыста қатысушылар бүркіт, қаршыға және ителгі баптаудағы шеберліктерін көрсетті. Бұдан бөлек, 20-дан астам құмай тазы сынға түсіп, жүйріктердің бағы мен бабын танытты. Ұлттық спорт мерекесінің аясында садақ ату, арқан тарту және тай көтеру сайыстары да ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлады.
Дәстүрлі шараның басты мақсаты – атадан балаға мирас болған құсбегілік өнерді жаңғырту, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға қызығушылығын арттыру және саятшылық мәдениетті кеңінен насихаттау. Айта кетейік, өткен жылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған турнир биыл Көкбай Жанатайұлының құрметіне жалғасын тапты.
Жарыс нәтижесінде құсбегіліктің үш бағыты бойынша үздіктер анықталды. Ителгі салудан Ақмола облысының намысын қорғаған Ерлан Кенжетаев топ жарды. Қарағанды облысының өкілі Темірәлі Төлегенұлы екінші орынға тұрақтаса, Ердаулет Төлеген мен Жамбыл облысының құсбегісі Бақдаулет Бабажан үшінші орыннан көрінді.
Қаршыға баптаудан Жамбыл облысының өкілі Берікболсын Бабажан жеңіс тұғырынан көрінді. Түркістан облысынан келген Заки Махмұтхан күміс жүлдеге ие болса, Алматы облысының өкілі Сағыныш Баетбай мен Қарағанды облысының құсбегісі Серік Қарипов қола жүлдені өзара бөлісті.
Ал бүркіт салудан Астана қаласының өкілі Ерасыл Серікбекұлының бағы жанды. Шығыс Қазақстан облысынан келген Бауыржан Сембаев екінші орын алса, Нұрғазы Қазыбек пен Арман Қошқаров үшінші орынға ие болды.
Қазақы тазы жарысында да мықтылар анықталды. Бас жүлде Өскемен қаласынан келген Еркебұлан Әділбековке бұйырды. Абай облысы Жарма ауданының өкілі Серік Слатов екінші, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданынан келген Мейір Жетпісов үшінші орынға тұрақтады.
Бұған қоса, ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстарда да қатысушылар бақ сынады. Садақ атудан Алмас Құрманов жеңімпаз атанса, Асқар Әбеуов екінші, Абай Төлеубеков үшінші орын алды. Арқан тартудан Көкбай ауылының командасы қарсыластарынан басым түсіп, бірінші орынды иеленді. Қарауыл ауылының командасы екінші, Құндызды ауылының командасы үшінші орынға жайғасты. Ал тай көтеру сайысында Құндызды ауылының тұрғыны Әлихан Әділов жеңімпаз атанды.
Осылайша, «Абай салбурыны – 2026» республикалық турнирі ұлттық спорттың бірнеше бағытын тоғыстырып, құсбегілік пен тазы баптау өнерінің шеберлерін бір алаңға жинады. Дәстүрлі жарыс ата-баба мұрасын дәріптеп қана қоймай, өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға да үлес қосты.