Жетісуда жүгері алқаптарынан мол өнім жиналуда

0 0

Жетісу өңірінде биылғы егін орағы қарқынды жүріп жатыр. Әсіресе жүгері жинау науқаны қыза түскен. Диқандар ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдаланып, алқаптағы өнімді уақытылы жинауға күш салуда. Облыс бойынша дәндік жүгері егілген 62,7 мың гектардың бүгінге дейін 13,8 мың гектары орылып, 104 мың тонна өнім бастырылды. Орташа түсім гектарына 75,2 центнерді құрап отыр.

Мамандар өнім көлемінің артуын заманауи агротехнологияларды қолданумен байланыстырады. Соңғы жылдары егістікті суарудың тиімді тәсілдерін енгізу де шаруалардың жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті көтеруге ықпал етіп келеді. Соның айқын мысалы — Панфилов ауданындағы шаруашылықтар. Мұнда жүгері дәстүрлі түрде негізгі дақылдардың бірі саналады. Қазір ауданда үш мыңға жуық шаруа қожалығы «дала аруын» өсірумен айналысады. Биыл жүгері алқабы 25 мың гектарға дейін ұлғайған.

Егін жинау жұмыстарына 40 ауыл шаруашылығы техникасы тартылса, оның 36-сы — өнімділігі жоғары заманауи комбайндар. Мұндай техниканың артықшылығы — бірнеше жұмысты қатар атқаратынында. Комбайн жүгері собығын сабақтан ажыратып, дәнін бөліп, бірден бункерге жинайды. Нәтижесінде уақыт үнемделіп, өнімнің далада шығынға ұшырау қаупі азаяды.

Суару тәсілінің өнім көлеміне әсерін Үлкеншыған ауылдық округіндегі «Айгерім» шаруа қожалығының тәжірибесінен де көруге болады. Биыл шаруашылық 250 гектарға жүгері еккен. Соның 150 гектарында тамшылатып суару жүйесі пайдаланылған. Қожалық басшысы Ұлан Сәрпековтің айтуынша, технология қолданылған алқаптағы көрсеткіш дәстүрлі суарылатын жерлерден әлдеқайда жоғары.

«100 гектар алқаптың өнімін жинап үлгердік. Арықпен суарылатын жерде гектарынан 9-10 тонна шамасында өнім алсақ, тамшылатып суарылған учаскелерде түсім 18 тоннаға дейін жетіп отыр», — дейді ол.

Жүгері жинау науқанына жиырма жылға жуық уақытын арнаған диқан Тудахун Заитов та биылғы өнімге көңілі толатынын айтады. Оның шаруашылығында жүгері 4 гектарға егілген. Мұнда маусым кезінде онға жуық адам тұрақты еңбек етеді. Қазір негізгі міндет — өнімді ауа райы бұзылмай тұрып толық жинап алу.

«Биыл жүгерінің собығы ірі, өнім жақсы шықты. Қазір барлық күшті жинау жұмысына бағыттап отырмыз. Ауа райы қолайлы кезде жұмысты тоқтатпай, төрт-бес күн ішінде өз алқабымызды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Өнімнің басым бөлігін зауытқа өткіземіз. Бұл бізге тиімді, себебі жиналған жүгері бірден өңдеуге жіберіледі», — дейді диқан.

Ал жиналған өнімді сақтау алдында оны кептіру — шаруалардың алдындағы келесі маңызды міндет. Арнайы кешендерде дәннің ылғалдылығы қажетті деңгейге түсіріліп, содан кейін қоймаға немесе өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіледі. Бұл жұмыстың сапалы атқарылуы өнімнің ұзақ сақталуына тікелей әсер етеді.

«Оразбай Берік» шаруа қожалығында тәулігіне 250-300 тонна жүгеріні кептіруге мүмкіндік беретін кешен жұмыс істейді. Өткен жылы шаруашылық 400 гектардан 2700 тонна өнім алған. Қазір автоматтандырылған кептіргіштердің жұмысын алты қызметкер тәулік бойы бақылауда ұстайды. Кептірілген өнімнің бір бөлігі сатылса, қалғаны шаруашылықтың қоймасында сақталып, мал бордақылауға пайдаланылады.

Атамекен ауылындағы жүгеріні қабылдау, сұрыптау, кептіру және сақтау алаңы да науқанға дайын. Мұнда 50 маман еңбек етеді. Кешен бір мезетте 3 мың тоннаға дейін өнім қабылдап, оны тазалап, қажетті деңгейге дейін кептіруге мүмкіндік береді.

Жалпы, биыл Жетісу облысында ауыл шаруашылығы саласы бойынша 935 мың тонна дәнді дақыл жинау жоспарланған. Бұл өткен жылғы 663 мың тонна көрсеткіштен 41 пайызға артық. Бидай мен арпа ору жұмыстары толық аяқталды. Қазір шаруалар жүгерімен қатар майлы дақылдар мен қант қызылшасын жинауға кірісті. Егін науқанының нәтижесі ауа райына және техниканың тиімді пайдаланылуына тікелей байланысты болғандықтан, шаруалар алдағы күндері де жұмысты қарқынмен жалғастыруды көздеп отыр.