Саяхатшы 7 мың шақырымды жалаңаяқ жүріп өтті

0 1

Ирландиялық Эамонн Кивини аяқ киімсіз ең ұзақ саяхат жасау бойынша өз рекордын қайта жаңартты. Бұл жолы ол табанының терісі жұқарып, аяғы қанап кетсе де алдыңғы көрсеткішінен үш есе ұзақ қашықтықты жүріп өтті.

34 жастағы Эамонн Кивини Түркияның Ыстанбұл қаласынан Ирландиядағы туған қаласы Клареморриске дейін 6805,83 шақырымды 369 күнде жаяу жүріп өтті.

Сапар барысында ол Болгария, Румыния, Венгрия, Австрия, Германия, Франция, Англия және Уэльс арқылы өткен. Жолда ыстық пен суыққа, табанының жарақаттанғанына және тікен мен шыны сынықтарына төзуге тура келген. Бір уақытта аяғына инфекция түсіп, бір апта демалуға мәжбүр болған.

Эамонн алғаш рет бұл рекордты 2016 жылы Ирландияны аяқ киімсіз 2080 шақырым жүріп өту арқылы орнатқан. Ал жаңа көрсеткіші 2024 жылы Польша спортшысы белгілеген 3409,75 шақырымдық рекордтан екі есеге жуық жоғары.

«Аяқ киімсіз саяхат рекордын алғаш рет жаңартқаннан бері тағы бір үлкен жорыққа шыққым келіп жүрді. Бір елді жаяу аралап шыққаннан кейін, келесі логикалық қадам – құрлықты кесіп өту еді. Сондықтан Ыстамбұлдан Ирландиядағы үйіме дейін жаяу баруды шештім», деді ол.

Бұл оның алғашқы ерекше жетістігі емес. 2023 жылы Эамонн Ирландияны бір дөңгелекті велосипедпен ең жылдам кесіп өткен ер адам атанған.

Сапар кезінде жергілікті тұрғындар оған бірнеше рет көмектескен. Мысалы, Түркияда ит тістеп алғаннан кейін бір отбасы оны ауруханаға жеткізіп, жол көрсеткен.

Эамонн қазір бір жылға созылған сапардан кейін демалып жатыр. Дегенмен болашақта тағы бір рекорд орнатуға дайын екенін, сынақтан ешқашан бас тартпайтынын айтты.