Кез келген мемлекеттің берік негізі – оның Ата Заңы. Конституция – елдің саяси және құқықтық құрылымын айқындап қана қоймай, әр азаматтың құқығы мен бостандығын қорғайтын, қоғам мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасын реттейтін басты құжат. Сондықтан Конституцияға құрмет – мемлекеттілікке, тәуелсіздікке және ел болашағына деген құрмет.
Қазақстан үшін Конституция ұғымының мәні ерекше. Биыл еліміздің конституциялық тарихында жаңа кезең басталды. 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, ол 1 шілдеден бастап күшіне енді. Осылайша еліміздің негізгі құқықтық құжаты жаңа тарихи кезеңнің талаптарына сәйкес жаңарды.
Жаңа Ата Заңның кіріспесінде Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы, адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп қағидаты, білім мен ғылымды, мәдениет пен инновацияны дамыту, табиғатты аялау және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік секілді құндылықтар айқын көрініс тапқан. Бұл ұстанымдар қазіргі қоғам үшін аса маңызды. Өйткені мемлекеттің қуаты тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Оның басты байлығы – адам, оның білімі, еңбегі, еркіндігі мен ел болашағына деген жауапкершілігі.
Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі – адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде тану. Бұл – жай ғана құқықтық норма емес, қоғамның даму бағытын айқындайтын маңызды ұстаным. Әр азамат заң алдында тең болуы, өзінің құқықтарын қорғауға мүмкіндік алуы, білім алып, еңбек етуі, өз қабілетін жүзеге асыруы үшін мемлекет тиісті жағдай жасауға тиіс. Ал азамат өз кезегінде ел заңдарын құрметтеп, қоғам алдындағы міндеттерін адал орындауы қажет.
Салық және қаржы жүйесінің конституциялық негіздеріне тоқталатын болсақ – салық төлеу – әр адамның конституциялық міндеті, яғни Конституцияның 38-бабында заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әр адамның борышы әрі міндеті екені бекітілген. Бұл норма салық міндеттемелерінің конституциялық деңгейдегі негізін айқындайды.
Салық салу мәселелері заңмен реттеледі, осылайша, Конституция салық жүйесінің негізгі қағидаларын бекітсе, салықтық әкімшілендірудің нақты тәртібі мен салық төлеушілердің міндеттері Қазақстан Республикасының Салық Кодексі және өзге де салалық заңнамаларында айқындалады.
Республикалық бюджетті қалыптастыру және оның орындалуын бақылауға тоқталатын болсақ, жаңа Конституциялық модельде республикалық бюджетті ұсыну және оның орындалуын қамтамасыз ету Үкіметтің құзыретіне жатады. Конституцияның 65-бабына сәйкес, Үкімет Құрылтайға республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есепті ұсынады, сондай-ақ бюджеттің орындалуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, Құрылтай республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін талқылап, бекітеді. Конституцияда Құрылтайдың Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітуі оның өкілеттіктерінің бірі ретінде белгіленген. Үкіметтің есебін бекітпеу Үкіметке сенімсіздік білдіру болып саналады. Осы норма бюджет қаражатының пайдаланылуына конституциялық бақылау тетігін күшейтеді.
Мемлекеттік кірістер мен шығыстарға қатысты заң жобалары бойынша – жаңа Конституция мемлекеттік қаржының тұрақтылығына қатысты маңызды рәсімдік талапты да бекітеді.
Конституцияның 60-бабына сәйкес, мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін заң жобалары Үкіметтің оң қорытындысы болған жағдайда ғана енгізіледі. Президенттің заң шығару бастамасы тәртібімен Құрылтайға енгізетін заң жобаларына бұл талап қолданылмайды.
Бұл норма мемлекеттік қаржыға әсер ететін заңнамалық шешімдердің экономикалық және бюджеттік негізділігін қамтамасыз етуге бағытталған конституциялық тетік ретінде көрініс табады.
Жергілікті бюджеттердің конституциялық негіздерге қатысты – жаңа Конституция жергілікті деңгейдегі бюджет процесінің негізгі қағидаларын да бекітеді. 88-бапқа сәйкес, мәслихаттардың құзыретіне аумақтың даму жоспарлары мен экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді бекіту жатады. Ал жергілікті атқарушы органдар аумақтың жергілікті бюджетін әзірлейді және оның орындалуын қамтамасыз етеді.
Сонымен бірге Конституцияның 90-бабында жергілікті бюджеттердің кірістеріне немесе шығыстарына әсер ететін мәслихат шешімдеріне қатысты талап белгіленген. Жергілікті бюджет кірістерін қысқартуды немесе шығыстарын ұлғайтуды көздейтін шешім жобалары әкімнің оң қорытындысы болған жағдайда ғана қарауға енгізілуі мүмкін.
Жаңа Конституцияның салық және қаржы жүйесі үшін маңыздылығы бойынша – осы тұрғыдан алғанда, жаңа негізгі заң бірнеше маңызды бағытты айқындайды: салықтар мен міндетті төлемдерді төлеудің конституциялық міндеттілігі, салық салу және республикалық бюджет мәселелерінің заңнамалық деңгейде реттелуі, мемлекеттік кірістер мен шығыстарға әсер ететін заң жобаларына қойылатын талаптар, республикалық бюджеттің атқарылуына парламенттік және аудиторлық бақылау, жергілікті бюджеттердің конституциялық негіздері, ұлттық валютаның мәртебесі және қаржы саласында арнайы құқықтық режимдерді енгізу мүмкіндігі.
Осы жоғарыда аталған нормалар Қазақстан Республикасының салық-бюджет саясатын жүзеге асырудың құқықтық негізін қалыптастырып, мемлекеттік қаржының ашықтығы, жауапкершілігі және заңдылығы қағидаттарын нығайтуға бағытталған.
Ата Заңның тағы бір маңызды қыры – халықтың мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ретінде танылуы. Конституцияда халықтың өз билігін жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүзеге асыратыны көрсетілген. Бұл азаматтардың ел тағдырына бейжай қарамай, қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді араласуының маңызын айқындайды.
Конституция – өзгермейтін қатып қалған құжат емес. Қоғам дамиды, заман өзгереді, жаңа талаптар пайда болады. Мемлекеттің құқықтық негізі де уақыт талабына қарай жетілдіріледі. Бірақ қандай өзгеріс болмасын, оның түпкі мақсаты адам игілігіне, елдің тұрақтылығы мен дамуына қызмет етуі тиіс.
Бүгінде Қазақстан жаңа саяси-құқықтық кезеңге қадам басып отыр. Жаңа Конституция елдің мемлекеттік құрылымын, билік институттарының өзара іс-қимылын, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын басты құқықтық негізге айналды. Оның нормаларын өмірде жүзеге асыру тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Конституцияның талаптарын білу, өз құқығын түсіну және заңды құрметтеу – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Ата Заңның қадірін ұғыну үшін оның баптарын жаттап алу жеткіліксіз. Оның мәнін күнделікті өмірден сезіну маңызды. Баланың білім алуы, адамның еңбек етуі, отбасының қорғалуы, азаматтың өз ойын заң аясында еркін білдіруі, әділдікке қол жеткізуі – мұның бәрі конституциялық құндылықтармен сабақтас.
Сондықтан Конституция – алыстағы ресми құжат емес, әр азаматтың күнделікті өмірімен тікелей байланысты құқықтық негіз. Оның қағидаттары қоғамда заң үстемдігі мен өзара құрмет орныққан кезде ғана толық мәнге ие болады.
Бабаларымыз сан ғасыр бойы елдік пен еркіндікті, жердің тұтастығы мен ұрпақтың амандығын аңсады. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы – сол тарихи сабақтастықтың заманауи құқықтық көрінісі. Мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, халықтың бірлігін нығайту, ұрпаққа бейбіт әрі тұрақты ел қалдыру – баршаға ортақ міндет.
Ата Заңның беделі оны тек мереке күндері еске алумен емес, оның қағидаттарын күнделікті өмірде ұстанумен биіктейді. Заңға құрмет бар жерде тәртіп болады. Тәртіп бар жерде тұрақтылық орнайды. Ал тұрақтылық бар жерде елдің дамуына жол ашылады. Сондықтан Конституцияны қастерлеу – ең алдымен өз құқығыңды және өз міндетіңді білу, өз еліңнің болашағына жауапкершілікпен қарау. Ата Заң – мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың құқықтық қорғаны.
Елдің ертеңі – бүгінгі ұстанымнан басталады. Ал сол ертеңнің берік негізі – заңға құрмет, азаматтық жауапкершілік, қоғамдық келісім және ортақ мақсат. Осы құндылықтар берік болғанда ғана тәуелсіз Қазақстанның тұғыры нығайып, келешекке сенімді қадам жасай береді. Ата Заң – елдіктің айнасы, тәуелсіздіктің тірегі, әділетті қоғамның құқықтық негізі. Оны құрметтеу – Отанды құрметтеу.