Созақ ауданындағы тарихи орындардың бірі – Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі қайта жаңғыртылып, келушілерге есігін ашты. Ғасырлар бойы сақталған сәулет нысанының қалпына келтірілуі тарихи мұраны қорғаумен қатар, зиярат етуге келетін азаматтарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Құмкент ауылынан шамамен үш шақырым жерде орналасқан кесене XVIII ғасырдан бастау алатын тарихи-мәдени мұра нысаны ретінде белгілі. Ол еліміздің киелі орындарын жүйелеу мақсатындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енгізілген 100 ұлттық қасиетті нысанның қатарында.
Нысанды жаңғырту жұмыстары Halyk қайырымдылық қорының қолдауымен жүргізілді. Жобаға шамамен 330 миллион теңге бағытталған. Қалпына келтіру кезінде тарихи ғимараттың ерекшеліктерін сақтау басты назарда болып, жұмыстар ғылыми-реставрациялық құжаттама негізінде атқарылды.
Жоба тек кесене ғимаратын жөндеумен шектелмеген. Зияратшылардың тұрақтап, қажетті жағдайды пайдалануына мүмкіндік беру үшін аумақтағы қонақүй мен асхана да жаңартылды. Сонымен бірге кесене қараушысына арналған үй жөнделіп, нысанның күнделікті қызметін қамтамасыз етуге қажетті жағдай жасалды.
Жаңғыртылған тарихи орынның ашылуына зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қоғам белсенділері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Қонақтар нысанды аралап, реставрациядан кейінгі келбетімен танысты. Ақсақалдар ақ батасын беріп, елдің тыныштығы мен ынтымағын тіледі.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы, академик Асқар Құлыбаев, Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов сөз сөйлеп, тарихи мұраны сақтаудың ұрпақ үшін маңызына тоқталды. Қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков те іс-шараға қатысты.
Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесінің жаңғыртылуы өңірдегі тарихи-мәдени нысандарды сақтап, оларды келешек ұрпаққа жеткізу бағытындағы жұмыстардың біріне айналып отыр. Сонымен қатар инфрақұрылымның жақсаруы қасиетті орынға келетін зияратшылар үшін қолайлылықты арттырмақ.
Қайырымдылық қорының мәдени мұраға бағытталған бұл жобасы оның әлеуметтік бастамаларының бір бөлігі. Halyk қайырымдылық қоры соңғы он жыл ішінде білім беру, спорт, мәдениет және әлеуметтік қолдау салаларында жалпы құны 100 миллиард теңгеден асатын 200-ден астам жобаны іске асырған.
Енді жаңғыртылған кесене тарихи құндылығын сақтай отырып, жергілікті тұрғындар мен еліміздің әр өңірінен келетін зияратшылар үшін рухани-мәдени орын ретінде қызмет ете бермек.