Қисықсызықтар заңдылығы

0 1

Америка Құрама Штаттарының әскери-теңіз күштерінде «теңіз мысықтары» деген атпен әлемге әйгілі арнайы жасақ бар. Бұл жасақтың құрамына ілігу – әр сарбаз үшін үлкен мәртебе, абырой. Жасақтағы жаттығулар мен дайындық шаралары да екінің бірінің қолынан келе бермейтін қауіпті іс. Сондай жаттығулардың бірінде адамның қос қолын артына, қос аяғын тобықтан байлап, тереңдігі үш метрлік бассейнге тастайды. Судағы адамның міндеті – бақандай бес минут ішінде жанын сақтау, яғни естен танып немесе тұншығып қалмау.

 Мұндай ауыр жаттығуды сарбаздардың басым бөлігі жиі сәтсіздікпен аяқтап жатады. Көпшілігі суға түскен мезеттен дүрбелеңге салынып, «құтқарыңдар», «шығарыңдар» деп айқайға басса, біреулер байлаулы қолмен малтымақ болып, су түбіне кетеді. Бірнеше жылдық тәжірибеде жаттығу соңы қайғылы жағдайға ұласқан сәттер де аз болмаған деседі. Алайда, бес минутқа шыдап, жаттығуды абыроймен аяқтап шығатын адамдар да баршылық. Оларға бұл жолда тайқымас заңдылықтарды білу ғана көмектеседі. Ол ережелер тым пародоксалды: сіз неғұрлым басыңыңызды су бетінде ұстауға тырысқан сайын соғұрлым су түбіне бату ықтималдығы артады. Негізінен, қол мен аяқ байлаулы күйде өзіңізді су бетінде бес минут ұстау – мүмкін емес. Онымен қоса, дүрбелеңнен туған ебедейсіз талпынысыңыз сіздің суға батуыңызды одан әрі жылдамдата түседі. Жаттығу сіздің өмір сүру инстинктіңізді өзіңізге қарсы қояды: тыныс алуға деген ұмтылысыңыз неғұрлым қарқынды болса, соғұрлым оған мүмкіндік те азая түспек. Су ішінде өмір сүруге деген ерік-жігеріңіз артқан сайын өлім де үлкен қадамдармен жақындай түседі. Бұл жердегі жан сақтаудың жалғыз тәсілі – өзіңізді ерікті түрде су түбіне жіберу. Табаныңыз толықтай жерге тигенде ғана аяқ күшімен қайта итеріліп, санаулы секундқа су бетіне шығасыз. Осы мезетте жылдам өкпеңізді ауаға толтырып, процесті қайта басынан бастайсыз.

Бір қызығы, бұл әдіс адамның шамасынан тыс күшті де, ерекше төзімділікті де талап етпейді. Сізге тіпті суда жүзе білу де шарт емес. Керісінші, жүзуге тырыспауыңызды талап етеді. Физика заңдылығына қарсыласпай, оны тек өміріңізді құтқару үшін пайдалануыңыз керек. Осылайша бұл жаттығу адамның физикалық күшіне де, ерік күшіне де бағынбайды. Бұл жердегі басты сынақ: адам өзінің инстингті имульсін басқара алады ма, өліммен бетпе-бет келгенде оған саналы түрде қарсы тұра алады ма, маңызды миссины орындау кезінде басын қатерге тіге алады ма, осы қасиеттерді анықтау.

 Көп жағдайда адамның өзін-өзі ұстай білу қабілеті жүзе білуден әлдеқайда маңыздырақ. Тіпті бұл қабілет күштен де, төзімділіктен де, амбициадан да маңызды. Ақылдан, жоғарғы білімнен, сәнді италиандық смокингте қалай көрінетініңнен де әлдеқайда бағалы. Бұл қабілет – тәнің мен жаның барынша қалап тұрған сәтте инстингтерге берілмеу қабілеті. Кез-келген адам өз бойында дамыта алатын ең маңызды дағдылардың бірі. Тек флотта қызмет ету үшін ғана емес, өмір үшін де.

 Біздің қоғамда адамдардың басым бөлігі кез-келген нәрсеге жұмсалған күш-жігер мен одан қайтатын «сыйақы» тікелей тәуелді деп санайды. Егер біз екі есе көп жұмыс жасасақ, нәтиже де екі есе жақсы боларына сенеміз. Сүйікті адамға екі есе көңіл бөлсек, ол да бізді екі есе жақсы көреді деп, ал егер, екі есе қатты айқайласақ, сөзіміз де екі есе салмақты және сенімді бола түседі деп сенеміз. Демек, біздің өмірімізде болып жатқан оқиғалардың көбі «сызықтық» графикпен сипатталады. Сол графикке сай, «бірлік» күш – «бірлік» сыйақыға тең.

Алайда, (егер «Gorilla» энергетикалық сусынын екі есе көп ішсем, осы жазбамды да екі есе жылдам тәмамдаймын деп үміттенген) мен сізге бір құпия ашайын. Күрделі мәселелерде ешқашан дерлік олай болмайды. Әлемде болып жатқан маңызды жайттардың ешқайсысы «Сызықтық заңдарға» бағынбайды. «Сызықтық тәуелділік» тек ең қарабайыр, монотонды нәрселерде – көлік жүргізу кезінде, құжаттарды толтырғанда, жуынатын бөлмені тазалағанда және тағы басқа майда шаруаларда ғана сақталады.

Осы секілді жалықтырар жағдайлардың барлығында дерлік сіз екі сағат жұмыс жасасаңыз, бір сағаттық жұмысқа қарағанда, әлбетте екі есе үлкен нәтиже шығарасыз. Бұл қимылдардың барлығы терең ойлануды, бірдеңе ойлап табуды қажет етпейді. Дейтұрғанмен көбінесе біздің өмірімізде «сызықтық тәуелділік» дәл сақталмайды. Өйткені, монотонды, механикалық әрекеттер бізге берілген уақыттың аз бөлігін ғана құрайды. Іс-әрекетіміздің көбісі күрделі, психикалық және эмоционалды күш-жігерді қажет етеді. Осылайша, адам өмірінің көп кезеңдері «Кірістің төмендеу қағидасына» сай өрбиді.

 «Кірістің азаю» заңы бойынша, белгілі бір сәттен бастап инвестициялардың ұлғаюы алдыңғыларымен салыстырғанда баламалы қайтарым әкелмейді. Қарапайым мысал – ақша. 80 000 теңге айлық жалақы мен 150 000 теңге жалақы арасындағы айырмашылық өте үлкен. Ол сіздің өміріңізді біршама өзгертуі мүмкін. Ал 280 000 теңге мен 350 000 теңге айырмашылығы сіз ай сайын бір бөлмелі емес, екі бөлмелі пәтерді жалдай алатыныңызды ғана аңғартады. Ал, 5 280 000 теңге мен 5 350 000 теңге табыс арасындағы айырмашылық мүлдем статистикалық қателік шегінде. Бұл айырмашылық сіздің өміріңіздің сапасына ешқалай әсер етпейді де.

 Қайтарымның азаю тұжырымдамасы жаңа немесе күрделі дүниелердің көпшілігіне тура қолданылады. Сіз қаншалықты жиі душ қабылдасыңыз, соншалық түскі асқа тауық шұжықтарын көбірек жейсіз. Қаншалықты демалыс күндері ауылдағы апаңызға баруды әдетке айналдырсаңыз, соншалық әр келесі демалыс сайын сапардың құндылығы төмендей бермек (апам кешіре көрсін).

Тағы бір мысал. Еңбек өнімділігін зерттеу жұмыстары адамдар жұмыс күнінің алғашқы жартысында ғана шынайы және өнімді жұмыс атқаратынын көрсетеді. Мұнан соң өнімділіктің күрт төмендеуі байқалады. Сондықтан 12 сағат пен 16 сағат жұмыс жасаудың айырмашылығы іс жүзінде көрінбейтін дәрежеде (ұйқының жетіспеушілігін санамағанда).

Дәл осы ереже ДОСТЫҚҚА қатысты да қолданылады. Өмірлік жалғыз досыңыз болса, оның орны сіз үшін әрқашан ерекше болмақ. Екінші адал досыңыздың болғаны тіпті қуантарлық жағдай. Егер осындай 9 досыңыздың қатарына 10-шы дос қосылса, бұл жайт өміріңізді айтарлықтай өзгерте қоймайды. Ал, 20 досыңыздан кейінгі 21-ші дос тек есімдер мен туған күндерді есте сақтауда қиындық туғызады.

 «Қайтарымның азаю тұжырымдамасы» тамақтануға, ұйықтауға, алкоголь ішуге, жыныстық қатынасқа тусуге, жаттығу жасауға, кітап оқуға, демалысқа шығуға, кофеинді тұтынуға, ақша үнемдеуге, кездесулерді жоспарлауға, видеоойындар ойнауға, бәріне-бәріне қатысты жұмыс істейді. Келтіруге болатын мысалдар шексіз. Тоқетері, не нәрсеге болмасын неғұрлым қатты ұмтылсаңыз, әрбір қайталанатын келесі әрекет үшін одан соғұрлым аз «сыйақы» аласыз. Өкінішке орай, барлық құбылыс дерлік осы заңға бағынады.

Шынтуайтына келгенде біздің әлем, біздің өмір уақыт шектеуімен, қисынсыз құбылыстарымен құнды. Осы сәтте сіз бұрын көрмеген, мүмкін естімеген тағы бір «ереже» туралы ой қозғамақпын. Ол – «Кері кірісті қисық (инверттелген) ережесі». Бұл қағиданың адам өміріне ұсынатыны – кез келген ұмтылыс «сыйақысының» теріс нәтиже көрсетуі. Яғни, не нәрсеге болмасын қаншалықты көп күш салсаңыз, оның ақысының соншалықты аз болуы.

Дәл осы ереже жазба басындағы “теңіз мысықтары” мысалында қолданылады. Сіз бар күшіңізбен су бетінде тұруға тырысқан сайын жаттығуды сәтті орындау ықтималдығы да төмендей береді. Сол сиқты, сіздің оттегі жұтуға деген талпынысыңыз оның барынша мүмкін болмауына әкеп соқтырады.

Мүмкін сіз дәл қазір осы жазбаны оқып отырып, «Бізге мұның бәрін білудің қажеті қанша? Қол-аяғымды байлап суға түспеймін ғой», «Инверсиялық қисықтардың бізге не қатысы бар?» деген ойға қалатын шығарсыз. Шынында да, өмірде «инверсиялық қисық» заңы қолданылатын нәрселер аз. Бірақ, сол аз нәрселер – адам өміріндегі ең маңызды дүниелер болып табылады. Мен тіпті, өмірдегі барлық айтулы тәжірибелер мен оқиғалар «инверсиялық қисық» заңына сәйкес жұмыс жасайды дер едім.

Айтып өткендей, жұмсалған күш пен оның «сыйақысы» қарапайым, үйреншікті жағдайларда ғана бір-бірімен тікелей байланысты болады. Сондай-ақ күрделі әрі ауыр істерде «Қайтарымның азаю тұжырымдамасы» іске қосылады. Алайда, әңгіме адам баласының мінезі, болмысы, психикасы, яғни ми ішіндегі «қозғалыс» жайында болатын болса, бұл тұста күш пен «сыйақы» «Кері кірісті қисыққа» бағынышты болмақ.

Әркез ми ішінен сәттілікті серік қылуға ұмтылу – сізді одан тым алыстата түседі. Аласұра жан тыныштығын іздеу – терең уайымға батырады. Өз ішімізден «Ұлы еркіндікті» аңсау – өзімізді одан әрі әлдекімге, әлденеге тәуелді, бағынышты сезіндіреді. Біреуге сүйікті болуға деген ұмтылыс – өз-өзімізді сүюге кедергі келтіреді.

Олдос Хаксли өзінің бір еңбегінде «Біз өзімізді өз еркімізден тыс бірдеңе жасауға қаншалықты жиі итермелесек, соғұрлым сәтсіздікпен жиі ұшырасамыз. Біліктілік пен нәтиже тек қимылсыздық пен белсенділікті ұштастырып, «жасап тұрып, жасамау» парадоксалды ілімін меңгергендерге ғана жолдас болады» деп жазады. Біздің психикамыздың негізгі компоненттерінің жұмысы да біршама парадоксалды. Біз саналы түрде белгілі бір көңіл-күйге ие болуға тырысқан сайын, ми автоматты түрде оған қарсы тұра бастайтыны да осының салдарынан.

Бұл «Кері кірісті қисыққа керісінше» заң.

Қандай жағдайдан болсын оң нәтижені күту өзінше теріс фактор болып табылады. Керісінше теріс нәтижеге дайын болу – оң фактор. Бұл біздің адами болмысымыз бен қарым-қатынасымыздың көптеген аспектілеріне (егер бәріне болмаса) қатысты:

БАҚЫЛАУ. Неғұрлым өз сезімдеріміз бен жанайқайымызды басқаруға тырысқан сайын, соғұрлым ұстамсыздығымыз жайлы көп уайым шегеміз. Жалпы, жаратылыс заңдылығы бойынша біздің эмоциямыз еріксіз және жиі ақылмен басқарыла бермейді. Оны бақылауда ұстауға тырысу адамды одан әрі мазасыздандыра түседі. Керісінше, сезім мен импульсқа бірқалыпты, сабырлы қарағанда ғана оларды дұрыс бағыттауға мүмкіндік аламыз.

ЕРКІНДІК. Тағдыр тағылымы көрсеткендей, шексіз еркіндікке деген ұмтылыс алдымыздан түрлі кедергілер қойып, тығырыққа тірейді. Белгілі бір шекарасы бар еркіндікті жандүниемізбен қабылдау – ол шекараны өз қалауымызша кеңейтуге жол ашады.

БАҚЫТ. Бақытты болуға ұмтылу – өзімізді бақытсыздау сезінуге итермелейді. Өмірдің жарқын тұстарымен қатар жағымсыз жерлеріне де мойынсұнып, жылы қабылдау – шын бақыттың бағасын сезіндіреді.

ҚАУІПСІЗДІК. Өзімізді барынша қауіпсіздікте сақтауға талпыныс – ішкі сенімсіздікті тудырады. Келесі сәтте не боларын білмеу, «белгісіздікті» қабылдау ғана жан тыныштығын орната алады.

МАХАББАТ. Жоғарыда айтылғандай, өзгелерге өзімізді сүйікті қылуға тырысқан сайын, олар мұны азырақ қалайтын болады. Ең сорақысы, осы арқылы өз-өзімізге деген сүйіспеншіліктің құнын қашырамыз.

ҚҰРМЕТ. Басқа жандардан өзімізге неғұрлым зор құрметті талап етсек, соғұрлым олардың бізге деген құрметі азайып, құнсыздана түсеміз. Өзгелерге өз деңейінде танытқан сыйластығымыз ғана бізді де сыйлы ете түспек.

СЕНІМ. Басқалардан бізге сенулерін көбірек сұрау арқылы олардың сенімдеріне селкеу түсіреміз. Керісінше, өзгелерге өзіміз жиі сенім артқан сайын, кері сенімге ие боламыз.

СЕНІМДІЛІК. Өзімізді барынша іштей сенімді ұстауға тырысу – уайым мен күйбелеңді арттыра түспек. Өз кемшіліктерімізді мойындап, осал тұстарымызды қабылдау ғана өз терімізде өзімізді жайлы сезінуге мүмкіндік береді.

КЕМЕЛДІК. Өзімізді қаншалықты жан-жақты жетілдіруге, идеал жасауға тырыссақ, еңбегіміз соншалықты жеткіліксіз, мақсатымыз қол жетімсіз көрінеді. Өзіңді тұлға ретінде қалай бар, солай қабылдау ғана одан әрі өсіп-өркендеуге, көкжиекті кеңейтуге жол ашады. Себебі бұл жағдайда біз маңызсыз нәрселерге назар аударуға тым бос болмаймыз.

МАҢЫЗДЫЛЫҚ. Біз өз тағдырымызды қаншалықты маңызды һәм терең санайтын болсақ, ол соғұрлым үстіртін болмақ. Басқа адамдардың өміріне үлкен маңыз берсек ғана, олар үшін біздің өмірдегі орнымыз маңыздырақ бола түседі.

Міне, жоғарыда көрсетілген барлық ішкі психологиялық күйзелістер «Исверстік қисық» заңы бойынша жұмыс істейді. Өйткені бұлардың барлығы бір нүктеден бастау алады: санамыздың ішінен. Сіз іштей бақытты қалаған сәтте сіздің миыңыз бір уақытта осы тілектің қайнар көзі және оны сезінуі тиіс объект болып табылады.

Ойымыз осындай жоғары дәрежелі, абстракциалы, экзистенциалды пайымдауларға жеткен кезде, біздің миымыз өз құйрығын қуалай жөнелген итке ұқсап қалады. Логикалық тұрғыдан ит үшін бұл қуғын өте қисынды көрінеді. Соңыра келе, осы қуалау арқылы ол өзінің иттік өміріне қажетті нәрсенің барлығына қол жеткізетін болса, онда неге осы жолы басқаша болуы керек?! Дегенмен, ит ешқашан өз құйрығын қуып жете алмайды. Ол неғұрлым жылдам қуған сайын, құйрығы соғұрлым жылдам қаша түседі. Ит өзі мен құйрығы біртұтас жаратылыс екенін түсінбейді. Мұны ұғынуға оның сана көкжиегі тарлық етеді.

Біздің ендігі міндетіміз – миымызға өз «құйрығын» қуалауға тыйым салу, тоқтату. Өтпелі өмірден мән-мағынаны, еркіндікті, бақытты аласұра іздеуді доғару арқылы ғана сол бір ғажап нәрселерді сезінуге болатынын ұғыну. Алға қойған мақсытымызды жанұшыра қуалаудан бас тарту арқылы ғана сол мақсатқа жетуді үйрену. Өзімізге саналы түрде төмендеуге рұқсат берген кезде ғана, су бетіне көтерілуге мүмкіндік болатынын көрсету.

Ал мұны қалай жасауға болады? Бас тарту. Берілу. Капитуляциалану. Әлсіздік танытқандықтан емес, әлем біздің санамызға қарағанда әлдеқайда кеңірек екендігін түсінгендіктен. Шексіз уақыт ағымында өміріміздің нәзік әрі шектеулі екенін мойындай білгендіктен.

Барлық жағдайды бақылауда ұстаудан бас тарту әлжуаздықты емес, мықтылықты білдіреді. Себебі сіз өз билігіңізден тыс нәрселерден бас тартуды ұйғарасыз. Барлық жерде барлық адам сізді жақсы көре бермейтінін, өмірде сәтсіздіктер жиі қайталанып тұратынын, кей кездері жаныңыздан қол ұшын беретін біреу табылмай қалатынын, ертеңгі күнді қалай бастау керектігі туралы тұспал да таппай қалатын кездердің болатынын түсініңіз. Келісіңіз. Қабылдаңыз.

Өзіңіздің ішкі қорқынышыңызбен, күдігіңізбен күресуден біржола бас тартыңыз. Тұңғиыққа батып бара жатқаныңызды сезінген сәтте табаныңыз теңіз түбіне жетеді. Құтқарылу мүмкіндігі де осы жерден басталмақ.

Ернар ӘБДІРАЗАҚ.