Алматының туристік бренді Азияда танылып келеді

0 3

Мәдениеті мен табиғаты үйлескен Алматы шетелдік саяхатшылардың назарын аударуға бағытталған жұмыстарын жалғастыруда. Қаланың халықаралық туристік нарықтағы танымалдығын арттыру мақсатында биыл Азияның бірнеше елінде таныстырылымдар өткізіліп, шетелдік компаниялармен іскерлік байланыстар орнатылды. Нәтижесінде Алматы туристік көрмелерде бес марапат иеленіп, серіктестік бағытында 284-тен астам келісімге қол жеткізді.

Қаланың туристік мүмкіндіктерін халықаралық аудиторияға таныстыру жұмыстары Үндістаннан бастап Шығыс Азия елдеріне дейінгі кең аумақты қамтыды. Қаңтардан қыркүйекке дейін Алматы өкілдері Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Жапония және Гонконгта өткен жеті халықаралық көрмеге қатысты. Бұл іс-шаралар туристік компанияларға өз қызметтерін таныстырумен қатар, шетелдік нарықтың сұранысын зерделеуге мүмкіндік берді.

Алматының көрмелердегі жетістіктері түрлі бағыт бойынша бағаланды. Мумбайда қалалық туризмді ілгерілетудегі жұмысы үшін марапатталса, Қытайдың Гуанчжоу қаласында мәдени туризм бағыты жоғары бағаланды. Оңтүстік Корея астанасы Сеулде көрме стендінің мазмұны ерекшеленіп, Гонконгта арнайы жүлдеге ие болды. Ал Малайзияның Куала-Лумпур қаласында Алматы ұсынған мәдени бағдарлама үздік деп танылды.

Туризм саласының дамуы тек көрмелердегі марапаттармен өлшенбейді. Сондықтан шетелдік іс-шаралар барысында Алматының туристік бизнес өкілдері жаңа серіктестермен жұмыс істеуге де басымдық берген. Жалпы 500-ден астам іскерлік кездесу өткізіліп, туроператорлармен, әуе компанияларымен, қонақүй желілерімен және туристік ұйымдармен өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Кездесулердің маңызды бөлігі Almaty Tourism Day форматында ұйымдастырылды. Арнайы таныстырылымдар кезінде жергілікті компаниялар өздерінің туристік өнімдерін ұсынып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын қарастырды. Бұл бастамалар шетелдік серіктестермен тікелей байланыс орнатуға және Алматыға арналған туристік ұсыныстарды кеңейтуге бағытталған.

Шетелдік нарықта қаланың сан қырлы келбетін көрсетуге де мән берілді. Алматы мәдени мұрасы, ұлттық тағамдары, түрлі оқиғалар өтетін орындары және таулы аймақтарымен таныстырылды. Осы арқылы қала тек қалалық демалыс орны ретінде емес, мәдени-танымдық сапарлар мен табиғат аясындағы саяхаттарды қатар ұсынатын туристік бағыт ретінде көрсетілді.

Алматы қаласы Туризм басқармасының мәліметінше, халықаралық алаңдардағы жұмыс Азия елдерімен байланыстарды нығайтып, қаланың туристік брендін ілгерілетуге негіз қалыптастырды. Ендігі маңызды міндет – қол жеткізілген келісімдерді нақты жобалармен ұштастырып, Алматыға келетін шетелдік туристер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру.