Азия Пара ойындарының күміс жүлдегерлері елге оралды

0 2

Астана халықаралық әуежайында V Азия Пара ойындарында отырып ойнау волейболынан күміс медаль жеңіп алған елордалық спортшылар Алмат Оспанов пен Берік Ізмағанбетовті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Спортшыларды «Елорда» спорт клубының өкілдері, жақындары мен жанкүйерлері құттықтап, құрлықтық жарыстағы жетістіктеріне қуаныш білдірді.

Қазақстан құрамасы үшін шешуші кезеңдердің бірі Ирак командасымен өткен жартылай финал болды. Алғашқы екі сетте қарсыласына жол берген қазақстандықтар кездесудің бағытын өзгертіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл нәтиже оларға финалға шығуға мүмкіндік берді. Ақтық сында ұлттық құрама Иран командасымен кездесіп, жарысты күміс жүлдемен аяқтады.

«Ең қиын ойын жартылай финалда Ирак құрамасына қарсы болды. 0:2 есебімен ұтылып жатып, ойынды өз пайдамызға өзгертіп, жеңіске жеттік. Алдағы мақсатымыз – 2027 жылғы Азия чемпионатына дайындалып, Лос-Анджелестегі Паралимпиада ойындарына лицензия алу», – деді Берік Ізмағанбетов.

Спортшылардың бұл нәтижесі алдағы халықаралық жарыстарға дайындыққа серпін бермек. Енді олар Азия чемпионатында жақсы нәтиже көрсетіп, Паралимпиадаға жолдама алу үшін жаттығуларын жалғастырады. Күміс жүлдегерлерді елде қарсы алу рәсімі олардың жетістігіне көрсетілген құрметтің белгісі болды.