Құрметті қонақтар аллеясы он шынармен толықты

0 1

Шымкент пен Венгрияның Дебрецен қаласы арасындағы байланыс жаңа мазмұнмен толыға түспек. Шымкентке ресми сапармен келген Дебрецен қаласының әкімі Ласло Папп бастаған делегация мегаполистің бірқатар нысандарын аралап, іскерлік және мәдени ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Сапар аясында Құрметті қонақтар аллеясына он шынар ағашы отырғызылды.

Дендрологиялық саябақтағы бұл рәсім екі қала арасындағы достық байланыстың символдық көрінісіне айналды. Венгриялық делегация өкілдері отырғызған көшеттер алдағы ынтымақтастықтың белгісі ретінде қабылданды. Рәсімнен кейін Дебрецен қаласының әкімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, сапардың мақсаты мен екі шаһар арасындағы әріптестіктің перспективалары туралы айтып берді.

Ласло Папптың айтуынша, бұл оның Қазақстанға алғашқы сапары. Алайда Шымкентке келген алғашқы күннің өзінде екі қаланың арасында ұқсастық көп екеніне көз жеткізген. Әкім әсіресе қалалардың экономикалық әлеуеті мен тарихи-мәдени ерекшеліктерін атап өтті.

«Шымкентке келудегі басты мақсатымыз – екі ел арасындағы байланысты нығайту. Сонымен қатар қалаларымыздың арасында экономикалық, мәдени және достық қарым-қатынастарды дамытуға ниеттіміз. Қазақстан мен Венгрияның тарихи байланыстары тереңде жатыр», – деді Дебрецен әкімі.

Дебрецен – Венгриядағы көлемі жағынан екінші ірі қала. Соңғы жылдары мұнда экономика мен туризмді дамытуға басымдық беріліп келеді. Осы тәжірибені ескере отырып, венгриялық тарап Шымкентпен ғана емес, Қазақстанның өзге де өңірлерімен әріптестік орнатуға мүдделі екенін жеткізді.

Сапардың іскерлік бағыты да назардан тыс қалған жоқ. Шетелдік делегацияның қатысуымен өткен бизнес-форумда кәсіпкерлер арасында келіссөздер жүргізіліп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды. Бұл екі қала арасындағы байланысты тек ресми кездесулермен шектемей, нақты экономикалық әріптестікке ұластыруға мүмкіндік береді.

Шымкент қаласының Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділхановтың айтуынша, Дебрецен делегациясының сапары бауырлас қала қарым-қатынасын қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. «Шетелдік делегацияның негізгі мақсаты – Шымкентпен ресми бауырлас қала байланысын орнату. Осы бағытта тиісті меморандумға қол қойылады. Бұл құжат алдағы ынтымақтастықтың құқықтық негізін қалыптастырады. Сонымен бірге бизнес-форум өткізіліп, кәсіпкерлер арасында нақты келіссөздер жүргізілді», – деді басқарма басшысы.

Ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттарының бірі – туризм. Екі қаланың географиялық орналасуы әртүрлі болғанымен, туристік мүмкіндіктерін бір-бірін толықтыратын бағытта дамытуға негіз бар. Тәжірибе алмасу, туристік маршруттарды таныстыру және екі ел азаматтары үшін жаңа туристік бағыттарды қалыптастыру болашақтағы бірлескен жұмыстың маңызды бөлігіне айналуы мүмкін.

Мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту да күн тәртібінде тұр. Қалалар арасындағы серіктестік тек экономика немесе туризммен шектелмей, білім, мәдениет, шығармашылық индустрия және жастар арасындағы байланыстар арқылы да нығая түспек.

Шымкенттегі Құрметті қонақтар аллеясына отырғызылған он шынар осы жаңа қарым-қатынастың өзіндік белгісіне айналды. Бүгінде тамыры топыраққа енген жас көшеттер секілді екі қала арасындағы әріптестіктің де тамыры тереңдей түсуі көзделіп отыр.

Дебрецен делегациясының сапары Шымкенттің халықаралық байланыстарын кеңейтуге бағытталған жұмыстардың жалғасы болды. Алдағы уақытта қол қойылатын келісімдер мен кәсіпкерлер арасындағы уағдаластықтар нақты жобаларға ұласып, екі қала арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашуы мүмкін.