«Ой-Қарағайда» жаңа туристік кешен ашылды

0 3

Алматы облысында тау туризмін дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі жүзеге асты. «Ой-Қарағай» тау-курортында 2140 метр биіктікте орналасқан жаңа кешен туристерге есігін ашты. Заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған нысан өңірдің туристік әлеуетін арттырып, Қазақстанның қысқы демалыс бағытындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

«Ақтас» шыңында бой көтерген кешеннің құрылысына екі жыл ішінде 58 млрд теңге инвестиция салынған. Мұнда демалушыларға арналған қонақүй, мейрамхана және іскерлік кездесулер өткізуге мүмкіндік беретін конференц-зал қарастырылған. 350 адамға арналған зал түрлі форумдар мен корпоративтік іс-шараларды ұйымдастыруға қолайлы. Сонымен қатар жеті бөлмелі қонақүй қонақтарға жайлы демалыс ұсынуға бағытталған.

Жобаның маңызды ерекшелігі – тау-шаңғы инфрақұрылымының кеңеюі. Шаңғы мен сноуборд тебуге арналған трассалардың жалпы ұзындығы 28 шақырымнан 38 шақырымға дейін ұлғайды. Бұған қоса, елімізде алғаш рет 10 және 6 адамға арналған аспалы жолдар іске қосылды. Жаңа технологиялық шешімдер туристердің қозғалысын жеңілдетіп, демалыс аймағының өткізу мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді.

Курортқа деген қызығушылық та артып келеді. Өткен жылы мұнда 660 мыңнан астам адам демалған. Ал биылғы жылдың басынан бері туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға өскен. Курортқа отандық демалушылармен қатар Ресей, Үндістан, Қытай және Парсы шығанағы елдерінен келетін қонақтар да жиіледі.

«Ой-Қарағай» тау-курортының PR бөлімінің басшысы Максим Козловтың айтуынша, инфрақұрылымның жаңаруы мен қызмет көрсету мүмкіндіктерінің кеңеюі туристер ағынын одан әрі арттыруға негіз болады. Оның сөзінше, өңірдің халықаралық деңгейдегі туристік байланыстары мен шетелдік серіктестермен ынтымақтастығы да бұл бағыттың дамуына оң әсерін тигізіп отыр.

Жалпы, Алматы облысында туризм саласындағы инвестициялық белсенділік күшейген. Қазіргі уақытта жалпы құны 638,2 млрд теңгені құрайтын 30 жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, Үкімет бекіткен 2025–2029 жылдарға арналған Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспары аясында алты негізгі бағыт бойынша 15 жобаны іске асыру көзделген.

Жаңа кешеннің ашылуы Алматы облысының тау туризміндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өңірге шетелдік саяхатшыларды тартуға мүмкіндік береді. Инфрақұрылымның жаңаруы, қызмет сапасының жақсаруы және инвестициялық жобалардың жүзеге асуы аймақтың жыл бойы сұранысқа ие туристік орталыққа айналуына негіз болмақ.