Алматы облысында 2 мың гектар жерге сексеуіл егу жоспарланып отыр

0 2

Алматы облысында шөлейтті аумақтардың экологиялық жағдайын жақсарту және орман қорын ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Биыл өңірде 10 тонна сексеуіл тұқымын жинап, оны алдағы уақытта 2 мың гектар жерге себу көзделген. Қазір тұқым себілетін аумақтар дайындалып, жерді өңдеу жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, ағаштың өзге түрлерінен 1,6 тонна тұқым жинау жоспарланып отыр. Бұл бастамалар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Өңірдегі сексеуіл тұқымын жинау жұмыстары әсіресе Балқаш ауданында қарқынды жүргізіліп жатыр. Табиғи жағдайы шөлейтті өсімдіктердің өсуіне қолайлы бұл аумақта тұқым жинау науқанына орман шаруашылығының мамандары ғана емес, студенттер, оқушылар мен еріктілер де қатысуда. Олардың ортақ мақсаты – табиғи ресурстарды сақтап, болашақ ұрпақ үшін жасыл аймақтардың көлемін арттыру.

Экологиялық шараға қатысқан Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы табиғатты қорғау жұмыстары тек тазалық шараларымен шектелмеуі керектігін атап өтті. Оның айтуынша, орман қорын сақтау, ағаш отырғызу және табиғи өсімдіктерді көбейту – қоршаған ортаның тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды бағыттар.

Мемлекет басшысының 2021–2027 жылдары екі миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Алматы облысында осы кезеңде 52,6 млн ағаш отырғызу жоспарланған. Соңғы бес жылда өңірде 43 миллионнан астам көшет егілген. Бұл жоспарланған меженің 83 пайызы орындалғанын көрсетеді. Биыл 2 077 гектар аумаққа 4,6 млн ағаш отырғызу міндеті қойылған. Ресми мәліметке сәйкес, көктемгі отырғызу жоспары 109 пайызға орындалған.

Мамандар сексеуілдің экологиялық маңызына ерекше назар аударады. Бұл өсімдік шөл және шөлейтті жерлердегі табиғи тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Оның тамыр жүйесі құмның қозғалысын тежеп, желдің әсерінен топырақтың бүлінуін азайтады. Сонымен қатар сексеуіл өскен аумақтар көптеген тіршілік иелеріне қолайлы орта қалыптастырып, шөлейт экожүйелерінің тұрақтылығын сақтауға ықпал етеді.

Сондықтан сексеуіл тұқымын жинау мен оны табиғи ортаға қайта егу жұмыстарының маңызы зор. Бұл шаралар жердің тозуын тежеуге, құмды алқаптардың таралуын шектеуге және өңірдің табиғи байлығын сақтауға бағытталған. Ал тұрғындар мен жастардың экологиялық бастамаларға қатысуы табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Алдағы кезеңде жиналған тұқымдарды белгіленген аумақтарға себу жұмыстары жүргізіледі. Жоспардың толық орындалуы Алматы облысындағы орман қорын молайтып, шөлейтті жерлердің экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қоспақ.