Қайран, Семейдің шұжықтары-ай!

0 5

Мен 1964-1970 жылдары Семей мемлекеттік медицина институтында оқыдым. Сол уақытта Кеңес Одағы көлеміндегі ең ірі ет комбинатының бірі Семейде еді. Ұмытпасам одақ бойынша екінші орын алатын Семей ет комбинаты жұмысын 1938 жылы шұжық (колбаса) пен консерві зауыты ретінде бастапты. Ет қомбинатына малды республикамыздың түкпір-түкпірінен, кейде алыстағы Моңғолиядан да әкелетін.

Аты затына сай комбинатты бір көрсек деп армандап жүргенімізде, бір күні кураторымыз шақырып алып, ертең ет комбинатына экскурсияға баратынымызды айтты. Қуанып қалдық. Ертеңіне сабақты ерте аяқтап, автобусқа мініп, ет комбинатына бардық. Біз барғанда жүмысшылар түскі үзіліске шығып жатыр екен. Комбинат қақпасынан шығарда қарауыл олардың денелерін сипап, сөмкелерін ашып мұқият тексеріп жатты.

Бізді қақпа алдында комбинат қызметкері қарсы алып, ішке кіргізді. Комбинаттың ауласымен танысқаннан кейін, экскурсия шұжық цехтарын аралаумен жалғасты. «Ливер» шұжығын дайындайтын цехқа кіргенімізде жол бастаушы әйел: «Сабақтан шығып келдіңіздер ғой, қарындарың ашқан болар, «ливер» шұжығынан жеп, әлденіп алыңыздар», деп үстелге «ливер» шұжығын аямай әкеліп қойды. Қарнымыз аш болғандықтан шұжықты қажет болар деп, өзімізбен бірге ала келген нанымызбен қосып, тойғанша жеп алғаннан кейін, шұжық цехтарын аралауды жалғастырдық.

«Ливер» шұжығынан соң, одан қымбатырақ шұжықтың жанынан өттік. Ары қарай иісі мұрынды жаратын, неше түрлі шұжықты көрдік. Семейдің дүкендеріндегі арзан шұжықтар болмаса, мына сияқты түрлерін біз кездестірмеген едік. Мұндай шұжықтар сол кезде Рессейдің астанасына жөнелтіледі екен. Жол бастаушы әйел «мына шұжықтардың да дәмін татып көріңіздер», дейтін шығар деп дәмеленіп келеміз. Бірақ, ондай сөз жол бастаушының аузынан шықпады. Ол бізді шұжықтарды дайындау технологиясымен таныстырумен болды.

Бір кезде куратор ағай «бір жігітіміз жетпей тұр ғой, ол қайда?», деп сұрады бізден. «Білмейміз», деп жауап бердік. Шынында бір білімгердің жоқ екенін байқамаппыз. Сол кезде артта қалып қойған жігіт те жетіп үлгерді. Кураторымыздың «қайда жүрсің?» деген сұрағына «Аяқ киімімнің бауы шешіліп кетіп, соны дұрыстап байлап үлгергенше сіздер озып кеттіңіздер», деп жауап берді.

Экскурсия аяқталып, комбинаттың шығатын қақпасынан өткенде қарауыл бізді жұмысшылар сияқты тексерген жоқ. Далаға шыққан соң, «қап, жаңағы қымбат шұжықтардың дәмін татып көрмедік-ау», деп өкіндік. Жатақханаға келген соң, комбинатта бізден біраз қалып қойған жігіт көйлегін жоғары көтергенде, беліне байланған шұжықтарды көріп таң қалдық. Сөйтсек, ол кешіккен кезде тығылып тұрып, беліне бірнеше шұжықты байлап үлгерген екен. «Жарайсың, жігітім, мұндай қулық біздің ойымызға келмепті», деп жігіттер оны мақтап жатыр. Содан бәріміз мәз болып, дәмі ерекше қымбат шұжықпен асықпай отырып, рақаттанып шай іштік.

Қазір ойлап отырсам, ұрлықшы жігіттің бұл қылығы қылмыс болса, біздің де ұрыны батырға теңегеніміз тіпті дұрыс болмапты. Егер ет комбинатының қақпасы алдында бізді де тексергенде ұятқа қалар едік. Ол туралы сол кезде ойламаппыз. Осы оқиға, арада көп жыл өтсе де, есімде қалып қойыпты. Тоқырау жылдарындағы қиындықтар Семей ет комбинатын да айналып өтпепті. Комбинат уақытша жабылып, кейіннен жұмысын жалғастырыпты, бірақ, өкінішке қарай, бұрынғы қалпына келе алмаған.

Сейітқасым ТӘЖБЕНОВ