Семейде жаңа спорт кешені бой көтеруде

0 1

Семей қаласының спорттық инфрақұрылымы жаңа нысандармен толығатын болды. «Абайға құрмет» акциясы аясында Ақтөбе облысының қолдауымен салынып жатқан Жекпе-жек сарайы өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға және кәсіби спортшылардың дайындығын жетілдіруге тың мүмкіндік ашпақ. Құрылыс барысын бақылаған Абай облысының әкімі Берік Уәли мердігерлермен кездесіп, жұмыс сапасына ерекше назар аударды.

Сол жағалауда бой көтеріп жатқан заманауи спорт кешені екі қабаттан тұрады. Жалпы аумағы 6683 шаршы метрді құрайтын ғимарат бір мезгілде мың адамды қабылдай алады. Жоба аясында спортшылардың жаттығуына, түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге және жасөспірімдерді спортқа баулуға қажетті жағдайлар қарастырылған.

Атап айтқанда, кешенде күрес пен бокстан жарыстар ұйымдастыруға арналған кең зал, үлкен жаттығу алаңы және балаларға арналған арнайы залдар болады. Үш күрес залының қарастырылуы халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге де жол ашады. Бұл нысанның тек спорттық жаттығу орны ғана емес, болашақта өңірдің спорттық өміріндегі маңызды орталықтардың біріне айналуына мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында іргетастың арматураларын байлау және бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Нысанның құрылыс кестесінен кешікпеуі, сонымен қатар белгіленген сапа талаптарына сай болуы басты назарда.

Аймақ басшысы Берік Уәли бұл жобаның өңіраралық ынтымақтастықтың нақты нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Жекпе-жек сарайы – Ақтөбе облысының Абай өңіріне жасаған маңызды тартуы. Екі облыс басшылығы биыл көктемде нысанның іргетасын қалап, құрылыс жұмыстарына ресми түрде бастау берген.

«Бұл – осы ауданның тұрғындары үшін аса қажет нысан. Жоба Ақтөбеде салынған ғимаратқа ұқсас, алайда өзіндік ерекшеліктері бар. Үш күрес залының болуы халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Құрылыс қарқыны жақсы, мердігер нысанды келесі жылдың соңында пайдалануға беруді жоспарлап отыр», – деді облыс әкімі.

Жаңа спорт сарайының салынуы Семей қаласының спорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына да ықпал етпек. Заманауи талаптарға сай жабдықталатын кешен жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, өңірден жаңа чемпиондардың шығуына негіз болады деп күтілуде.