Астықтан органикалық өнім өндіретін кәсіпорын іске қосылды

0 0

Ақмола облысында астықты өңдеудің жаңа өндірістік бағыты қолға алынды. Шортанды ауданындағы А. И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы базасында органикалық өнім шығаратын кешен іске қосылып, алғашқы өнімдерін өндіре бастады. Қазақстандағы ғылыми-зерттеу ұйымдары арасында алғаш рет жүзеге асқан бұл жоба отандық астықты дайын тауарға айналдыруға мүмкіндік береді.

Өндіріс орнының жұмысымен облыс әкімі Марат Ахметжанов танысты. Сапар барысында оған кәсіпорынның технологиялық мүмкіндіктері, өнім өндіру көлемі және өндірісті кеңейтуге қатысты жоспарлар баяндалды.

Кешеннің жұмысы ғылыми зерттеулер мен ауыл шаруашылығы өндірісін бір арнаға тоғыстыруға негізделген. Мұнда орталық мамандарының ғылыми әзірлемелері негізінде өсірілген астық сұрыпталып, өңдеуден өтеді. Ең бастысы, шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі барлық жұмыс кезеңі бір кәсіпорын аясында жүзеге асырылады. Астық органикалық егіншілік талаптарына сәйкес өсірілетіндіктен, өндірістің негізгі бағыты да экологиялық талаптарға сай өнім шығаруға бағытталған.

Қазіргі таңда кәсіпорында тұтас дәнді ботқалар мен құрғақ таңғы ас түрлері дайындалады. Өндірістің тәуліктік қуаты 400-500 килограмды құрайды. Осылайша, бұрын ауыл шаруашылығы шикізаты ретінде пайдаланылған астық енді тұтынушыға дайын өнім түрінде ұсынылмақ.

Облыс әкімі Марат Ахметжанов жобаның маңыздылығына тоқталып, ғылым жетістіктерін өндірісте қолданудың тиімділігін атап өтті.

«Бұл – ғылым мен экономиканың нақты секторы арасындағы тиімді байланыстың үлгісі. Ғылыми ұйымның зерттеу жүргізіп, дәнді дақылдар өсірумен ғана шектелмей, органикалық өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті өз күшімен жүзеге асыруы маңызды. Мұндай тәсіл отандық өңдеу өнеркәсібін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді өңір басшысы.

Кәсіпорынның алдағы мақсаты – өндіріс көлемін ұлғайтып, өнімдерін кеңінен саудалау. Қазір орталық басшылығы осы бағытта инвесторлармен және ықтимал серіктестермен келіссөздер жүргізуде. Жоспар бойынша алдымен өнімді республикалық нарыққа шығару, кейін экспорттық бағытты дамыту көзделген.

Мамандардың ғылыми ізденісі мен өндірістік тәжірибесін біріктірген бұл жоба Ақмола облысында астықты терең өңдеу саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Ендігі міндет – өндірістік әлеуетті арттырып, отандық органикалық өнімнің нарықтағы үлесін кеңейту.