Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Ордабасы ауданына іссапармен барып, ондағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады. Аудан әкімі Азат Оралбаев денсаулық және білім нысандарының жұмыстарын таныстырды.
2009 жылы пайдалануға берілген Ордабасы аудандық орталық ауруханасында 285 төсек-орын бар. Оның ішінде травматология, хирургия, инсульт, перзентхана, оңалту бөлімі қажетті төсек-орындарымен қамтылған. Медициналық жабдықтармен жарақтандыру 82%-ды құрап отыр. Ересектер мен балаларға тәулік бойы мамандандырылған стационарлық медициналық көмектер көрсетіп, зертханалық диагностикалар жасалады. 400 қызметкер жұмыс істеп жатыр. Бұл аурухана енді ауданаралық деңгейде қызмет көрсетуге көшеді. Биыл материалдық-техникалық базасы күшейтіледі.
2022 жылы құрылысы басталған Бадам ауыл округіндегі Дербес ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункті өткен жылы берілуі тиіс еді. Кедергілер ретке келтіріліп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Газ жалғау мәселесі шешілуде. Жуырда ел игілігіне тапсырылады.
Іссапар кезінде күрделі жөндеуді қажет ететін білім ұяларының да жағдайы баяндалды. Ақбұлақ ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 300 орынды мектеп салынуда. Іргетасы құйылып жатқан білім ошағы биыл жыл соңында тапсырылуы тиіс. Жайлы мектептің құрылысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатаң қадағалауымен жүргізілуде. Облыс әкімінің орынбасары жауаптыларға құрылыс шараларын мұқият, уақытылы, сапалы орындауды жүктеді.
Бадам ауылындағы Айтбай Шерімқұлов мектебі ғимаратының әбден тозығы жеткен. Шұбарсу ауылындағы Мұхаметқұл Исламқұлов атындағы мектепте жағдай орташа. Бюджетттен үнемделген қаражатпен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге білім басқармасына тапсырма берілген.
Бейсенбай Дәулетұлы жұмыс сапары барысында осы ауылда салынып жатқан «Sea bilim» білім беру мектебіне де аялдады. Жылдың басында ашылған жекеменшік білім нысанының жобалық қуаты – 1780 орын. Қазір 370 оқушы білім алуда. Оқушылар мен мұғалімдерді мектепке бағыттау керек.
Облыс әкімінің орынбасары аудандық әкімдік ғимаратында жеке қабылдау өткізіп, ордабасылықтардың өтініштерін тыңдады. Жаңа мектеп және емхана салу, тозығы жеткен ауылдық клубтарды күрделі жөндеуден өткізу, спорт кешендерін қолданысқа беру және халықаралық турнирлер ұйымдастыру сынды мәселелер айтылды. Жауаптыларға тиісті ұсыныстарды жолдауды міндеттеген облыс әкімінің орынбасары көтерілген проблемалар заңдылығына қарай шешімін табатынын жеткізді.