БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ – БАҚЫЛАУДА

0 1

Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Көрме» орталығында халықты ерте пісетін көкөністермен қамту мәселелеріне арналған аймақтық форум өтті.

Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы А.Әбілдабеков, Ауылшаруашылығы министрлігі департамент директорының орынбасары Ш.Ахметов және QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы өкілдері мен салалық басқармалар қызметкерлері, өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары мен сауда желілерінің өкілдері қатысқан ашық диалог алаңында тауарлардың бағасын тұрақтандыру тетіктері қарастырылып, өңірлерді сапалы өнімдермен қамтуда өзекті мәселелер талқыланды.

Еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Бұл ретте Үкіметке Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдау тапсырылған болатын. Тапсырмаға сәйкес, бүгінде өңірлерде кешенді шаралар қолға алынды.

Форум әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне енетін көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру, дефициттің алдын алу үшін көршілес мемлекеттерден тасымалданатын пияз, картоп, қырыққабат өнімдері бойынша алдын-ала келісімшарт түзу, халықты бірінші қажетті өнімдермен тиімді бағада қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған. Аймақтық форум аясында халықты ерте пісетін көкөністермен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар келісімшарттар түзілді.