Қостанай облысында орман өрттерінің алдын алу және табиғи байлықты қорғау мақсатында орман шаруашылықтарына 25 жаңа өрт сөндіру автокөлігі табысталды. Жаңа техника кілтін тапсыру рәсімі облыс орталығында өтті.
Салтанатты іс-шарада облыс әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орман қорын сақтау мен көбейту мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы үш жылда орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға шамамен 8 миллиард теңге бөлінген. Осы қаражат есебінен өрт сөндіру көліктері, тракторлар, патрульдік техникалар мен арнайы кешендер сатып алынған.
Бүгінде облыс ормандарын бақылау үшін 40 бейнекамера жұмыс істейді. Сонымен қатар өртті ерте анықтауға мүмкіндік беретін бақылау мұнаралары орнатылуда. Нәтижесінде соңғы жылдары орман өрттері қамтитын аумақ көлемі айтарлықтай қысқарған.
Орман шаруашылығы мамандары жаңа техникалардың қауіпсіздігі мен мүмкіндігі жоғары екенін атап өтті. Заманауи көліктер төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге және өртті тиімді сөндіруге мүмкіндік береді.
Мамандардың пікірінше, орман шаруашылықтарын жаңғырту жұмыстары өңірдің жасыл қорын сақтауға және өрт қауіпсіздігін күшейтуге оң әсерін тигізуде.