Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болып, өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық, өндірістік және әлеуметтік жобалардың барысымен танысты.
Сапар барысында Петропавл қаласындағы бірқатар өндіріс орындары араланып, олардың даму әлеуеті бағаланды. Алғашқы нысандардың бірі – трансформаторлар мен электротехникалық жабдықтардың құрамдас бөліктерін өндіретін «Петропавл электротехникалық зауыты» болды. Құны 10 миллиард теңгені құрайтын жоба аясында 200 жаңа жұмыс орны ашылып, кәсіпорын жылына 13 мың өнім шығаруға мүмкіндік алған.
Үкімет басшысының орынбасары теміржол саласына қажетті өнім өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі – «ЗИКСТО» зауытында да болды. Мұнда өткен жылы құны 25 миллиард теңге болатын жаңа өндірістік кешен іске қосылып, роботтандырылған технологиялық желі пайдалануға берілген. Нәтижесінде 300 жаңа жұмыс орны құрылды.
Жұмыс сапары кезінде ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын зауыт, май өңдеу кәсіпорны, жылыжай кешені және ауыр машина жасау зауытының жұмысы да назардан тыс қалмады. Бұл жобалар өңірдің өндірістік және аграрлық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Энергетика саласындағы жұмыстармен танысу мақсатында Нұрлыбек Нәлібаев Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығында болды. Мұнда алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде технологиялық ақаулар саны бірнеше есеге азайған. Биыл кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасына 16,2 миллиард теңге қарастырылған.
Инфрақұрылымдық жобалар да қарқынды жүзеге асуда. Қаладағы Универсальная көшесіндегі жол өткелінің құрылысы бүгінде 90 пайызға аяқталған. Сонымен қатар Пестрое көлі жағалауында салынып жатқан экопарк жобасы таныстырылды. Демалыс аймағында жаяу жүргіншілер жолы, веложолақтар мен заманауи демалыс орындары қарастырылған.
Жұмыс сапары аясында Нұрлыбек Нәлібаев Новоникольское ауылындағы «Зенченко және К» серіктестігінің жаңа тауарлы-сүт фермасында болды. Құны 9 миллиард теңгені құрайтын заманауи кешен 8 мың басқа арналған. Нысанды пайдалануға беру келесі жылдың тамызына жоспарланған.
Кәсіпорын өндірістік жобалармен қатар әлеуметтік жауапкершілік бағытында да белсенді жұмыс атқаруда. Соңғы бес жылда ауылдағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысына 3,2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Жалпы, өңірде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін арттыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік бермек. Бұл бастамалар Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп отыр.