Мектепте «Жас шекарашы» клубы ашылды

0 3

Жамбыл ауданы, Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясында өскелең ұрпақтың отансүйгіштік рухын нығайтуға бағытталған «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының салтанатты ашылуы мен ант қабылдау рәсімі өтті.

Іс-шара жас буынға әскери-патриоттық тәрбие беру, мемлекеттік шекара қызметіне құрмет қалыптастыру және азаматтық жауапкершілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің өкілдері, аудан әкімдігі мен білім беру саласының басшылары, сондай-ақ ардагерлер ұйымдарының мүшелері қатысты. Атап айтқанда, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаменті өкілдері жастар бастамасына қолдау білдірді.

Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов құттықтау сөз сөйлеп, ел қорғау ісіндегі жауапкершілік пен азаматтық борыштың маңызын атап өтті. Ол сондай-ақ өңірден шыққан батыр тұлғалардың ерлік жолы жас ұрпаққа үлгі екенін айтып, жаңа клуб мүшелеріне сәттілік тіледі.

Іс-шараның ең маңызды сәті – мектеп оқушыларының «Жас шекарашы» клубының қатарына қабылданып, салтанатты түрде ант беруі болды. Жалпы 84 оқушы жас шекарашылар сапына қосылды. Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Ертай Сарыбаевтың айтуынша, бұл – оқушылар үшін үлкен жауапкершілік пен жаңа белес.

Іс-шара аясында Шекара қызметі мен мектеп-гимназия арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстарды жүйелі дамытуға және жастар тәрбиесіндегі бірлескен жұмысты күшейтуге негіз болады.

Бағдарлама барысында әскери қызметшілер қорғану тәсілдерін көрсетіп, шекара қызметінің жұмыс ерекшеліктерінен көріністер ұсынды. Сонымен қатар «Із кесуші» қалашығының таныстырылымы өтіп, қонақтар жаңадан ашылған жас шекарашылар кабинетімен танысты.

Жиын соңында қатысушылар клубтың әнұранын тыңдап, жас шекарашыларға сәттілік тіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар жастардың елжандылық сезімін күшейтіп, болашақта жауапты азаматтар қалыптастыруға ықпал етеді.