Көктемгі әскерге шақыру науқаны жалғасуда

0 0

Елімізде биылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны өз жалғасын табуда. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 17 наурызда басталған науқан 30 маусымға дейін жалғасады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, маусым айының басында Қарулы күштерді, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін, Мемлекеттік күзет қызметі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерін жасақтау жоспары толық орындалған.

Бас штабтың Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті ұсынған деректерге сүйенсек, әскер қатарына жаңадан қабылданған жастардың басым бөлігі алғашқы әскери дайындық курсынан өтіп үлгерген. Олар жалпы әскери жарғыларды меңгеріп, саптық және атыс дайындығы бойынша білім алған. Сонымен қатар қару-жарақтың тактикалық-техникалық ерекшеліктерімен танысып, әскери машықтарын жетілдірген. Дайындық кезеңінің қорытындысы ретінде жас сарбаздар салтанатты жағдайда әскери ант қабылдады.

Қазіргі таңда мерзімді әскери қызметшілер әскери ортаға бейімделіп, өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға кіріскен. Заңнамаға сәйкес несие міндеттемелері бар сарбаздардың төлемдері қызмет мерзімі аяқталғанға дейін кейінге шегерілген. Сондай-ақ көптеген жас әскери қызметін аяқтаған соң жоғары оқу орындарының мемлекеттік білім беру гранттарына қатысуға ниетті.

Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары жұмыстарын жалғастыруда. Комиссияларға әкімдердің орынбасарлары жетекшілік етеді. Қазіргі кезеңде негізгі назар Ұлттық ұлан бөлімдерін толықтыруға аударылып отыр. Жоспарға сәйкес бұл құрылымның қатарына 7 мыңнан астам жас азамат шақырылмақ.

Әскерге шақыру процесі заманауи цифрлық форматта жүзеге асырылуда. Азаматтарға шақыру қағаздары SMS-хабарлама және eGov порталы арқылы жолданады. Хабарламалар шақыру пунктіне келу мерзімінен кемінде үш күн бұрын жіберіледі және ресми шақыру мәртебесіне ие.

Қорғаныс министрлігі шақыру алған азаматтардың белгіленген уақытта әскерге шақыру пунктіне келуі міндетті екенін ескертеді. Дәлелді себепсіз келмегендерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылса, әскери қызметтен әдейі әрі жүйелі түрде жалтарған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген.

Жалпы көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында Қазақстан Республикасының Қарулы күштері мен басқа да әскери құрылымдарының қатарына 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азамат қабылданады. Бұл жұмыстар елдің қорғаныс қабілетін нығайтып, әскери бөлімдердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі болып саналады.