Кербұлақтағы қос қуаныш

0 8

Кербұлақ ауданы Сарыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қарағаш ауылындағы 5, Жоламан ауылындағы 4 отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар, Жоламан ауылында демеушілердің көмегімен салынған жаңа балабақша қолданысқа берілді. 

Алдымен Сарыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қарағаш ауылына бардық. Мұнда баспаналы болу бақытына аудандағы жағдайы төмен, жалғызбасты, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, тұрғын үй кезегінде тұрған 5 отбасы қол жеткізді. Қуанышқа жиналған қауым алдында жүрекжарды тілегін білдірген аудан әкімі Қанат Есболатов тұрғын үймен қамтамасыз ету – халықтың өмір сүру сапасын көтерудегі ең басты мәселенің бірі екенін айтты.

– 2023-2029 жылдар аралығындағы  «тұрғын үй-коммуналдық  инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы» бойынша салынған үйлер ел игілігіне берілді. Аудандағы әр ауылдық округтерде үй кезегінде тұрған тұрғындарға 8-9 үйден салып жатырмыз. Жалпы жыл соңына дейін 100 үй беріледі деп жоспарлануда. Одан бөлек, аудан орталығында 60 пәтерлі үй салынды. Оның кілті қыркүйек айында беріледі. Сол күні 250 орынды емхананың ашылуы өтеді. Баспаналы болған тұрғындарды қоныстарымен құттықтаймыз, – деп жылы лебізін білдірді.

Өз кезегінде тұрғын үйдің сапалы және уақтылы берілуіне үлес қосқан мердігер «Kazstroy Building» ЖШС құрылтайшысы Бауыржан Оралғазин халықтың батасын алу үшін үйді сапалы әрі уақытылы аяқтағанын айтып, қоныс иелеріне ақжарма тілегін ақтарды.

Осыдан кейін ақжаулықты әжелер шашу шашып, Сарыбұлақ ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Қажымұқан Есімбеков ақ батасын берді.

Көптен күткен үйді иеленген жандардың қуанышында шек жоқ. Қонысқа ие болған жақындарын құттықтап шашу шашып, тілек айтушылар қатары да аз болмады. Көп жылдан бері баспанасыз, туған-туысын паналап келген Ырысжан Жұмадилова жаңа қоныс иесі атанды. Мүмкіндігі шектеулі жан пәтер кілтін алғанда қуанышын жасыра алмады.

– Осыған дейін анамның, туған-туыстарымның үйінде тұрып келдім. 2-топтағы мүгедек болғандықтан жұмыс жасап, баспана алуға мүмкіндік болмады. Облыс әкімінің, аудан басшылығының арқасында үйлі болдық. Бізді осында әкеліп, қолымызға кілтті табыстағанда қуанышымызда шек болмады. Мұндай жақсылықтың шарапатын қиналып жүрген әрбір отбасы көрсе деп тілеймін.  Қол ұшын созып, көмектескен жандарға алғысымды білдіремін, – деді ол.

Осыдан кейін Жоламан ауылында 2023-2029 жылдар аралығындағы  «тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы» бойынша салынған  4 үйдің кілті табысталды. Мұнда да пәтер кілтіне ие болғандар негізінен ұзақ жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы және тұрмысында қиыншылығы бар жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар.

Айта кетейік,  тұрғын үй кезегіндегі азаматтар үшін берілген екі ауылдағы үйді инвесторлар өз қаржыларына салған. Жергілікті әкімдік пен құрылысқа жауапты «Kazstroy Building» және «УниверсалСтройСервис» ЖШС арасында «Тұрғын үй салу, сатып алу» меморандумы жасалыпты. Яғни, кәсіпкер өз қаржысына салған үйдің сапасын әкімдік тексеріп, бір шаршы метрін 294 200 теңгеден сатып алады. Сонда бір үйдің құны 22 млн 652 мың теңгеге айналады. Меморандумға сәйкес, кәсіпкерлер Кербұлақ ауданының 17 елді мекенінде 100 тұрғын үй құрылысын жүргізеді. Қазіргі таңда 17 үйдің құрылысы аяқталыпты. Бүгін 9 үйдің кілті табысталды. Жоспар бойынша қазан айында 50, қараша  айында 33 үйдің құрылысы аяқталады. Заман талабына сай салынған баспанада ауызсу, жарық, торап толығымен тартылған. Қабырғасы газаблокпен қаланған. Сондай-ақ, инвесторлар  көмек ретінде өз қаржысына үйдің сыртын қоршап, отын және көмір қора салып беріпті. Ашық конкурс рәсімі аяқталса Қарашоқы ауылындағы 8 отбасы баспаналы болмақ.

Осыдан кейін Жоламан ауылындағы «Қуаныш 7» балабақшасының ашылу салтанаты өтті.  Іс-шарада балабақша салып, ата-ананы да, баланы да, жалпы ауыл жұртшылығын қуантқан кәсіпкер Нұржан Мұсабеков сөз сөйлеп, көпшілікті мерекесімен құттықтады. Жаңа ашылып жатқан балабақшада бүлдіршіндердің тағылымды тәрбие алуына тілектестігін білдірді.

– 30 жыл бос тұрған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, балдырғандарды қуантайық деп балабақша аштық. Бізде бұдан бөлек, Алматыда да балабақшамыз бар. Сондықтан бұл салада тәжірибеміз жеткілікті. Алдағы уақытта балпаң басқан бүлдіршіндеріміз қазақы тәрбиені бойына сіңіріп, мектепке сақадай сай болып барады деген сеніміміз мол, – деп балабақшаның ашылуына көмектескен аудан әкіміне алғыс білдірді.

Осыдан кейін жиналған қауым балабақшаның ішін аралап, жұмысымен танысты. Былтыр 16 қарашада кәсіпкер Нұржан Мұсабеков пен жары, Жоламан ауылының тумасы Айнұр Ақанқызы мемлекеттік сатып алу арқылы 1960 жылы салынып, бос қалған бұрынғы кеңсе ғимаратын сатып алыпты. Туған жерге туын тігуді мақсат тұтқан кәсіпкерлер  120 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізіп, балабақша ашты. Бүлдіршіндер үйі 75 балаға арналған 3 топпен жұмыс істеп келеді. Мұнда балалардың тәрбиесі мен дамуына жауапты 14 түрлі маман өз қызметін атқарады. Әр маман баланың жас ерекшеліктеріне сәйкес кәсіби білім мен дағдыларды қолдана отырып, тәрбиеленушілердің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосуда. Балалардың оқу, ойын, жатын бөлмелері, музыкалық залы әсем безендірілген. Бәрі де талапқа сай. Бүлдіршіндердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау орнатылған. Мұнда 2-ден 6 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Бұл  қалаға қатынап жұмыс істейтін ата-аналар үшін өте ыңғайлы.