Кәсіпкердің брендті қабырға бояуы

0 5

Қазығұрт ауданының тұрғыны Жақып Нұрсұлтан мемлекеттік гранттың шарапатын көріп отырған жандардың бірі.

«Суан» жеке кәсіпкерлігі «555» брендімен қабырға бояуын шығарады. Бүгінгі таңда шағын цехта 7 адам тұрақты жұмыс істейді. Қызметкерлердің орташа жалақысы – 150 мың теңге.

– Мемлекеттік қолдаудың жемісін көріп отырмын, сондықтан алғыстан басқа айтарым жоқ. Тұрақты тұтынушыларым жетерлік. Бір-бірінен естіп, қаладан, басқа аудандардан да тапсырыс беріп жатады. Ол тапсырыстардың барлығын орындау үшін алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыруды көздеп отырмыз. Шағын кәсібімізді дөңгелетіп, өз несібемізді тауып, халықтың ризашылығына бөленудеміз. Тынбай еткен еңбектің өтеуі қашан да тәтті, – дейді жеке кәсіпкер.

Жақып Нұрсұлтан мемлекеттік гранттан жеңіп алған қаржысына цехқа қажетті құрал-жабдықтар қойды. Қазір цехтың айлық табысы 2 миллион теңгеге жеткен.

Бүгінгі күні өндірілген өнім тек Қазығұрт ауданына ғана емес, өңірдің өзге аудандары мен Шымкент қаласына да тасымалдануда. Сапасы жоғары, бағасы қолжетімді қабырға бояуына қызығушылар саны күн санап көбейіп келеді.