Ұлттық тағамдар ұсынатын мейрамхана

0 9

Бұрын ұлттық құндылықтарымызды Наурыз мерекесінде немесе арнайы ұйымдастырылған іс-шараларда ғана дәріптеп келсек, соңғы жылдары үлкен қалаларда қазақы тағам түрлерін тұтынушыларға күнделікті ұсынатын мейрамхана, асханалар көптеп ашыла бастады. Барған жерінен алдымен жергілікті ерекшеліктерді іздейтіндер бұған оң бағасын беруде.

Ел тілегінен шыққан жақсы бастама қолдаушыға зәру болмайды. Жаркент қаласының батыс жақ кіреберісінен орын теуіп, сәулеткерлік сәнді үлгіде салынып, өткен жылдың қараша айынан бастап халыққа есігін айқара ашқан «Bal-Qaimaq» мейрамханасы келушілерге қазақ халқының ет, қуырдақ, сірне, сорпа, нарын, наурыз көже, бауырсақ, бидай көже, шұбат, қымыз, айран сынды ұлттық тағамы мен сусындарын ұсынады. Көкөніс түрлерінен туралған салаттарының атауы да «Белжайлау», «Балқытарлық», «Тары-шашу», «Ақбастау», «Қымыз-ай», «Көкшалғын» сияқты қазақы ұғымға жақын сөздермен әспеттелген. Мұндағы берілетін балмұздақ бие саумалынан жасалады. «Үш жүз» атты тары, ірімшік, халвадан дайындалған десерт те кәсіпорынның өзгелерден ерекшелігін айғақтайды.

Дәмі тіл үйіретін бұл тағамдардың бәрін арнайы аспаздар пісіреді. Мейрамхана ашылмас бұрын өңірдегі маман аспаздар мен даяшыларды іріктеп жұмысқа алып, оларды еліміздегі аспаздар қауымдастығының мақтанышы, ұлттық тағам әзірлеудің шебері Дамир Атмашев Алматыдан Жаркентке арнайы келіп, екі апта бойы оқытып, тәжірибеден өткізген. Сондықтан, Өсек өзенінің жағасында орналасқан жаңа мейрамхана қызметі ел ішіне бірден атағын жайды.

Жалпы, 250 орынды мейрамхананың негізгі залынан басқа төрт веб залы бар. Әр қайысы 25 орынды, бір-біріне ұқсамайтын жағымды түр-түспен әрленген олар «Белжайлау», «Сұлутөр», «Шаңырақ», «Тәтті шәй» деп аталады. Бұлардың алғашқы екеуі осы мейрамхананың қожайыны Оразақын Саудабаевтың ата-бабалары жазғы маусымда қоныс етіп, малын өргізген таудағы жер атаулары болса, «Тәтті шәй» залы жаңа құдаласқан жандардың алғашқы кездесуі, қызға сырға тағу рәсімі өткізілетін орынға лайықталып жабдықталған. «Шаңырақ» залы ағайын-бауырлардың қуанышта бас қосуына арналғандай. Жаркент қаласында халқымыздың тағамдары мен салт-дәстүрлерін ұлықтайтын осындай мейрамхана ашу идеясын Көктал кентінің тұрғындары Оразақын мен Тұраханның келіні Баян Асқарқызы көтерген.

Мейрамханаға келген қонақтар емін-еркін отырып демалуы үшін балаларға арналған арнайы ойын залы және ана мен бала бөлмелері жабдықталған. Бұдан басқа уақытылы құлшылық жасау үшін намазханасы бар. Барлық залдар ағаштан өрнектеп жасалып, ұлттық ою, кескіндемелермен әрленген.

Мейрамханада жалпы 40 адам еңбек етеді. Олардың жартысына жуығы екі кезекпен жұмыс жасайтын аспаздар мен даяшылар. Мейрамхана меңгерушісі Шолпан Қастееваның айтуынша әр жұмада қызметшілердің бәрі қазақы ұлттық киімдермен қызмет көрсетеді. Алдын ала жұма, сенбі күндеріне тапсырыс беріп келетін қонақтарға да ұлттық киім киіп келуге өтініш жасалады. Алайда, бұл талапты орындау-орындамау қонақтың өз еркінде. Айтпақшы, мұнда бірнеше мәрте өнер жұлдыздарының концерті ұйымдастырылыпты. Сенбі, жексенбі күндері келушілерге мейрамхананың өз өнерпаздары мен жергілікті әнші-бишілер де өнерлерін ұсынады.

Іске қосылғанына көп уақыт болмаса да ұжымның мақтаныш етіп, есімдерін құрметпен атайтын қызметшілері қалыптасқан. Айталық Алматы қаласында біраз жыл аспаз болып жұмыс жасап, мамандығы бойынша мол тәжірибе жинақтаған бас аспаз Рүстем Ниязов, ұннан жасалатын тағамдардың шебері Жазира Түгелбаева, салат әзірлеудің шебері Эльмира Жаңбырбаева, кезек жетекшілері Бағдат Ақберова мен Айкерім Талғат сынды өзге де мамандар өздеріне жүктелген жұмысты қалтқысыз атқарып, қонақтардың алғысына бөленіп жүр.