Көлік саласы – ел экономикасының күретамыры. Жолаушының қауіпсіз әрі уақытылы межелі жеріне жетуі жүргізушілердің кәсібилігіне, жауапкершілігі мен тәжірибесіне тікелей байланысты. Осы салада ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, ауыр техниканы тізгіндеген жандар аз емес. Солардың бірі – өмірінің 30 жылдан астамын көлік жүргізу ісіне арнаған, бүгінде Майқайың кентіндегі «Керегетас» әктас кенішінде еңбек етіп жүрген тәжірибелі жүргізуші Бекмұхамбет Садықов.
Бекмұхамбет Әнуарбекұлының жүргізушілікке деген қызығушылығы бала кезден қалыптасқан. Оның нағашы атасы ұзақ жыл көлік жүргізіп, еңбек еткен жан. Бала Бекмұхамбет демалыс сайын атасының жанынан қалмай, техникаға қызығып өседі. Кейін сол бала арман өмірлік мамандығына айналды.
– Нағашы атамның көлікке деген ерекше ықыласы маған да жұқты. Оның әр сапарынан кейінгі әңгімесін қызыға тыңдайтынмын. Сол кездің өзінде болашақта жүргізуші боламын деп шешкен едім, – дейді кейіпкеріміз.
Арманына адал болған ол 1984 жылы Баянауыл көпсалалы колледжіне түсіп, жүргізуші мамандығын меңгереді. Теориялық білім мен тәжірибені қатар игерген жас маман көп ұзамай әскер қатарына шақырылады. Әскери борышын өтеу кезінде де тізгіннен қол үзбей, түрлі әскери техникаларды басқарды.
– Әскерде «ГАЗ-66», «Урал-4320» секілді жүк көліктерін, танкілерді жүргіздім. Ол жерде тәртіп пен жауапкершілікке ерекше мән беріледі. Әскери мектеп мені шыңдап, кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдауға үйретті, – дейді ол.
Әскерден кейін туған өлкесіне оралған Бекмұхамбет Әнуарбекұлы Майқайың кентіндегі «Керегетас» кенішіне жұмысқа орналасады. Осылайша оның тау-кен өндірісіндегі ұзақ жылғы еңбек жолы басталады.
2008 жылы кенішке алып «БелАЗ» автосамосвалдарының жүргізушілері қабылданатыны туралы хабарландыру шығып, тәжірибелі маман бағын сынап көреді. Үміткерлер арасынан үздік шығып, небәрі алты жүргізушінің қатарына қабылданады.
– Бұл мен үшін үлкен сенім әрі үлкен жауапкершілік болды. Алғашында жүк көтергіштігі 25 тонна болатын «БелАЗ»-ды жүргіздім. Кейін жаңа техникалар келіп, 42–45 тонналық алып көліктерді басқардым. Мұндай техниканы жүргізу үшін тәжірибе ғана емес, темірдей тәртіп пен дәлдік қажет, – дейді жүргізуші.
Көпшілік алып карьерлік техниканы басқару оңай деп ойлауы мүмкін. Алайда тау-кен өндірісіндегі әр жұмыс күні түрлі қауіп-қатерге толы. Тік жартастар, ауыр жүк, өндірістік тәртіп пен ауа райының қолайсыздығы жүргізушіден барынша мұқият болуды талап етеді.
Бекмұхамбет Садықовтың еңбек жолында ұмытылмас оқиғалар аз болмаған.
– Бір жолы өндірістік қалдықтарды кен үйіндісіне төгіп жатқанбыз. Көлікті байқамай шамадан тыс артқа жіберіп алып, ауыр техникамен бірге төмен қарай сырғанап кеттім. Сол сәтте уақыт оздырмай көліктен шығып үлгердім. Абырой болғанда, аман қалдым. Осы оқиғадан кейін қауіпсіздік талаптарын бір сәтке де естен шығармау керектігін тағы бір мәрте түсіндім, – дейді ол.
Тәжірибелі жүргізушінің айтуынша, жолда ұсақ-түйек деген болмайды. Кез келген ережені елемеу үлкен қауіпке ұласуы мүмкін. Сондықтан ол жас жүргізушілерге әрдайым тәртіпті бірінші орынға қоюды, техниканың жай-күйін мұқият тексеруді және асығыстыққа жол бермеуді кеңес береді.
– Жүргізуші тек рөлді ұстап отырған адам емес. Оның қолында өз өмірімен бірге өзгелердің де қауіпсіздігі тұр. Сондықтан жауапкершілік әрдайым бірінші орында болуы тиіс, – дейді еңбек ардагері.
Бүгінде Бекмұхамбет Әнуарбекұлы Майқайың кентіндегі «Керегетас» әктас кенішінде айырлы тиегіш техникасын басқарады. Көп жылдық тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп, өндірісте еңбек қауіпсіздігін сақтаудың маңызын үнемі айтып жүреді.
Үш онжылдықтан астам уақытын көлік саласына арнаған азамат үшін ең үлкен марапат – әр жұмыс күнін абыроймен аяқтау. Өз ісіне деген адалдық пен жауапкершілікті өмірлік қағидасына айналдырған Бекмұхамбет Садықов бүгінде әріптестері арасында сыйлы, кейінгі буынға үлгі боларлық маман. Осындай еңбек адамдарының еселі еңбегі мен кәсібіне деген құрметі ел өндірісінің дамуына, көлік саласының қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуіне берік негіз болып қала береді.