Қазір еліміз бойынша егін жинау науқаны қызған шақ. Шаруалар еккен өнімін төкпей шашпай жинаудың қамына кіріскен. Шымкент қаласында да егін орағы басталып, алғашқы өнімдер қамбаға құйылды. Қалада өнімдерді жинап алуға қажетті дизель отыны жеткізіліп, диқандарға мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Жалпы айтқанда, науқанды жоспарға сай өз мерзімінде аяқтау міндеті тұр.
70 пайыз өнім жиналды
Шымкент қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметінше, шаһарда биыл 21,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде, дәнді дақылдар – 6,4 мың га (бидай – 5,3 мың га, арпа – 1,1 мың га), майлы дақылдар – 3,0 мың га (мақсары), мал азықтық дақылдар – 9,8 мың га, көкөніс пен бақша дақылдарының көлемі – 1,8 мың га.
Егін шаруашылығы саласының өнімділігін арттыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылды. Атап айтқанда, минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау, жылыжай кешендерінің коммуналдық шығындарын арзандату және тұқым шаруашылығын дамыту бағыттары бойынша мемлекеттік қолдау көрсетілуде.
2026 жылға шаруашылықтардан жалпы 553 тонна дизель отынына өтінім қабылданды. Көктемгі дала жұмыстарына 312 тонна жеңілдетілген дизель отыны шаруашылықтарға үйлестірілген (литріне 281 теңге).
Қазір алқаптарда егін орағы қарқынды жүріп жатыр. 6,4 мың гектар жерді алып жатқан дәнді дақылдарды жинап алу басты назарда тұр. Оның ішінде, 5,3 мың гектары бидай болса, 1,1 мың гектары арпаға тиесілі.
Басқарманың агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бөлімінің басшысы Сағдат Махановтың айтуынша, бүгінгі күнде егістікте дәнді дақылдардың 70 пайызы жиналды. Дәнді дақылдардың орташа түсімі гектарына 15-20 центнерді құрап отыр (майлы дақылдарды тамыз айынан бастап жиналу басталады). Егістік алқаптарында егілген бидайдың басым бөлігі «Стекловидная 24» сорты, ал, майлы дақылдардан «Ника 80» сорттары егілген.
Қазіргі уақытта жем-шөп дайындау бойынша 97,4 мың тоннаға жуық мал азығы қысқа дайындалды. Жалпы, егін алқаптарының басым бөлігін мал азықтық дақылдар алып жатыр – олардың үлесіне шамамен 10 мың гектар тиесілі. Екі мың гектарға жуық жерге көкөніс және бақша дақылдары егілген. Майлы дақылдар секторында да жұмыс қарқынды атқарылуда: биыл мақсары 3,0 мың гектар алқапқа егілген. Мал азығына 3,2 мың тонна сабан жиналыпты.
Болжам бойынша биыл 81 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде. Өткен жылы 23 мың гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдары егіліп, жалпы 82 мың тонна өнім жиналған еді. Оның ішінде, 7,0 мың гектарға дәнді, 3,3 мың гектарға майлы дақылдар, 1,8 мың гектарға көкөніс-бақша өнімдері және 10,9 мың гектарға мал азықтық дақылдар егілді.
Шымкент республикалық маңызы бар шаһар болғаннан бері ауылшаруашылық санатында жер қарастырылмаған. Сол себепті де егістік жер мемлекет мұқтажына – жол, тұрғын үй құрылыстарына, индустриалды аймақтарға алынып келеді. Биылғы егістік көлемінің былтырғыдан аз болуының негізгі басты себебі осында.
Елімізде негізгі ауылшаруашылығы дақылдары бойынша оң үрдіс сақталып отыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бидайдың жалпы түсімі 461,2 мың тоннаға жетіп, орташа өнімділігі гектарына 19,1 центнерді құраған. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш гектарына 13,7 центнер болған. Арпа жинау науқаны да жоғары нәтижемен жүргізілуде. Қазіргі уақытта 157,8 мың тонна арпа жиналды. Орташа өнімділік гектарына 17,0 центнерді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгейден (8,7 ц/га) екі есе артқан.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта қала аумағында жалпы көлемі 140 га жылыжай кешендері орналасқан (93 га өнеркәсіптік, 47 га фермерлік). Егіс алқаптарында су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу технологиялары кезең-кезеңімен енгізілуде. Атап айтсақ, қала бойынша 53 шаруашылық заманауи суару әдістерін қолданып, 340 гектарға жуық жерде ауылшаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруда.
Қауіпсіздік талаптары сақталуы тиіс
Егін орағы өрт қаупі жоғары кезең саналады. Шілденің аптап ыстығы мен құрғақ сабан кез келген ұшқынды ірі апатқа айналдыруы мүмкін. Сондықтан, биыл қауіпсіздік мәселесіне барынша қатаң көңіл бөлінуде. Егін жинау жұмыстары басталған сәттен бастап алқаптарда өрт сөндіру жасағы кезекшілікке қойылды.
– Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірлесіп, қазіргі уақытта егістік алқаптарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Егістік алқаптарында жұмыстарды дұрыс ұйымдастыру және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру шаралары өткізілді, – дейді қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бөлімінің басшысы Сағдат Маханов.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері механизаторлар мен комбайншыларға егжей-тегжейлі нұсқама өткізіп, техникаларды бастапқы өрт сөндіру құралдарымен жабдықтаудың және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салды.
Осы жауапты кезеңде шымкенттік шаруалар үшін жүйелі мемлекеттік қолдау маңызды көмек болып отыр. Фермерлердің қаржылық жүктемесін азайтып, өнімділікті арттыру мақсатында қалада жергілікті бюджет қаражаты есебінен бірқатар мақсатты бағдарламалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, мемлекет минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялайды. Өңірдің ерекшелігін ескере отырып, жылыжай шаруашылығын дамыту үшін жергілікті жылыжай кешендерінің коммуналдық шығындарын арзандату қарастырылған. Сонымен қатар, отандық тұқым шаруашылығын қолдауға да бюджет қаражаты бөлінуде.
Ал, ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай материалдарының кепілдендірілген көлемімен қамтамасыз ету – егіс алқаптарындағы техникалардың үздіксіз жұмыс істеуіне берілген ең маңызды қолдаулардың бірі.
Жалпы, дәнді дақылдар шілде айының соңына дейін толық жиналады деп жоспарланып отыр. Ал, жалпы егін жинау науқаны тамыз айының соңына дейін толық аяқталады. Өткен аптадағы аптап ыстықта фермерлер өнімді таңғы және кешкі уақытта жинады. Ал, қазір ауа райы қалыпты болып, шаруаларға қарасып тұр.
Жергілікті тауар өндірушілерге қолайлы жағдай жасалады
Шаһарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру іс-шаралары жүйелі жүргізілуде. 2025 жылғы 23 желтоқсанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 19-дан 31 атауға дейін кеңейтілген еді.
Қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға 10,6 млрд теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен ірі сауда желілері мен жергілікті өндірушілермен келісімшарттар жасалып, 90-ға жуық әлеуметтік сауда орнында өнімдер бекітілген шекті бағамен сатылуда. Сонымен қатар, 16 «Бақша» әлеуметтік павильоны жұмыс істейді.
Бағаны бақылау мақсатында арнайы комиссия тұрақты жұмыс жүргізуде. 2026 жылы 22 комиссия отырысы өткізіліп, 543 кәсіпкердің электрондық шот-фактурасына талдау жасалған. Қалада апта сайын 5 жерде ауылшаруашылығы жәрмеңкелері өткізіліп, азық-түлік өнімдері нарық бағасынан 10-15 пайызға төмен сатылуда. Жыл басынан 137 жәрмеңке ұйымдастырылып, оған 200-ден астам кәсіпкер қатысқан.
Шілде айының басында Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ірі кәсіпкерлерге алдымен ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету қажет екенін айтқан болатын. Ал, сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік жеткілікті қамтамасыз етілуі керек.
Ең алдымен, халық бірінші кезекте тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын сауда үстемесі қатаң сақталуы тиіс. Бүгінде Сауда және интеграция министрлігі сауда үстемесіне мемлекеттік бақылауды күшейткен.
Сондай-ақ, ведомство сауда тізбегіндегі делдарды азайту, өнімсіз делдалдарды тізбектен шығару жұмысын жүйелі атқарып келеді. Жыл басынан бері Шымкент қаласы бойынша 47 делдал сауда тізбегінен шығарылған. Яғни, бірінші кезекте жергілікті азық-түлік өнімін өндірушілерге қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс. Бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігін арттырып, бағаны тұрақтандыруға өз септігін тигізеді.