Индонезияда 243 адам мінген паром суға батып кетті

0 3

Индонезия жағалауындағы Ява теңізінде жолаушылар тасымалдайтын «Virgo Transport 8» паромы суға батты. Кемеде 213 жолаушы мен 30 экипаж мүшесі, барлығы 243 адам болған.

Паром Ява аралындағы Сурабая қаласынан Борнео аралындағы Банджармасинге бағыт алып, жолда қатты дауылға тап болған.

Жексенбі күні таңертең экипаж кемемен байланысын үзген. Оған дейін паром ұзындығы шамамен 500 шақырым болатын бағыттың үштен екі бөлігін жүріп өткен. Билік өкілдерінің мәліметінше, құтқарушылар судан 103 адамды алып шыққан. Бір адам қаза тауып, тағы шамамен 140 адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.

Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Аман қалғандарды Ява аралының шығысындағы портқа жеткізу жоспарланған. Құтқарушылар із-түзсіз жоғалғандарды іздеуді жалғастырып жатыр. Паром қолайсыз ауа райы жағдайында суға батқан.

«Virgo Transport 8» – ұзындығы 119 метр, пайдалануға берілгеніне 39 жыл болған кеме. Паром қатынасы Индонезия үшін аса маңызды. Ел аумағында 17 мыңнан астам арал бар, сондықтан аралдар арасындағы қатынаста паромдар кеңінен пайдаланылады.