Бельгия студенттері «Кітап оқитын ұлт» жобасына қызығушылық танытты

0 7

Былтыр елімізде басталған «Кітап оқитын ұлт» жобасы Бельгия Корольдігіне де жетті.

Осындағы атақты Монс университетінде (UMONS) жастар арасында кітап оқуды дәріптеуге, білімге, мәдениетке және ұлттық мұраға деген қызығушылықты арттыруға арналған «Кітап оқитын ұлт» жобасының таныстырылымы өтті.

Іс-шараға Экономика және менеджмент факультетінің деканы, қазан айынан бастап тұрақты даму және қоғамдық өмір мәселелері жөніндегі проректор қызметіне кірісетін Шанталь Скубо (Chantal Scoubeau), университет оқытушылары, сондай-ақ бакалавриат, магистратура мен докторантураның 40-тан астам студенті қатысты. Кездесуде көпшілікке республикалық кітап оқу марафонының негізгі мақсаты және бастамаға конкурстан тыс форматта қосылуға мүмкіндік беретін оның жаңа Parasat бағыты таныстырылды.

Бұған дейін елімізде болған Монс университетінің студенті Жад Шарпантье (Jade Charpentier): «Жастар арасында кітап оқуды насихаттауға бағытталған бұл бастама ой-өрісті кеңейтуге, жаңа идеялар мен мәдениеттерді танып-білуге, сондай-ақ қоршаған әлемге жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді», деді.

Таныстырылым заманауи Қазақстанға, оның ұлттық дәстүрлері мен тіліне арналған бағдарламамен жалғасты. Монс қаласында тұратын отандастарымыз Айгерім Аққұлова (Qazaq Centre) мен Айнұр Касенова қазақтың салт-дәстүрлері мен олардың қоғам өміріндегі орны туралы әңгімеледі. Ауызша және жазбаша аударма факультетінің посткеңестік кеңістікті зерттеу кафедрасының студенттері қазақ тіліне ерекше қызығушылық танытты. Интерактивті сабақ кезінде олар күнделікті қолданыстағы сөздер мен сөз тіркестерін үйреніп, қазақ тілінде алғашқы сөйлемдерін айтты. Сондай-ақ студенттер қазақ тілін одан әрі үйренуге және факультетте толыққанды қазақ тілі курсының ашылуына қызығушылық білдірді.

Домбырада екі қазақ күйін орындаған бельгиялық студенттер Анжелика мен Ксавьенің өнері ерекше қызығушылық тудырды. Бұған дейін олар Алматыда алты айлық тағылымдамадан өтіп, Қазақстанның мәдениетімен және күнделікті өмірімен танысып, қазақтың ұлттық аспабын меңгере бастаған.

Монс университетінде өткен жобаның таныстырылымы оның халықаралық аудиториясын кеңейтіп, бельгиялық студенттерге Қазақстанды әдебиет, тіл және музыка арқылы танып-білудің тағы бір мүмкіндігін ұсынды.